31 Қаңтар, 2017

Тағы 100 кәсіпорын сатылады

468 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Үкіметі жекешелендіруге жататын мемлекеттік активтердің тізімін тағы 100 кәсіпорынмен толықтырмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жекешелендіруге 783 нысан енгізілді. Дегенмен жыл сайын біз қайта тексерістер жасап, бұл тізімді кеңейтудеміз. Биыл біз 100-ге тарта, мүмкін одан да көп нысанды қосымша енгізетін боламыз. Жалпы екі жылда жекешелендіру аясында 150 нысан сатылып кетті. Мұнда бір мәселені түсінген жөн, нысанды дайындықтан өткізбей, белгілі бір міндеттемелерден тазартпай, қалыпқа келтірмей оны сату өте қиын. Оған біршама уақыт кетеді», - деп атап өтті ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет отырысынан кейін өткізілген баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, мемлекеттің меншігіндегі қажетсіз активтерді сатылымға шығару арқылы ел бюджеті ақшаға толып қана қоймай, бизнеске экономикалық кеңістік аясын кеңейтуге жол ашылады. Қорытынды сома, министрдің айтуынша, негізгі стратегиялық активтердің өткізілген бағасына байланысты болмақ. «ҚазМұнайГаз, «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияларының белігілі бір акция көлемдері саудаға шығарылады. Олар IPO арқылы өткізілмек. Сондықтан олардан қанша қаражат түсетінін болжау қиын. Олар 2018-20 жылдары саудаға шығады», - деді Тимур Сүлейменов. ҚР Ұлттық экономика министрі сұранысы төмен активтерге де тоқталды. «Оларды сату үш сатыда жүреді: Біріншісі: нарықтық баға бар, аукцион басталады, кім жоғары баға ұсынса, сол жеңеді. Егер ол сатылмаса, екінші кезең қосылады: баға нарықтық құнынан 50 пайызға дейін төмендетіледі. Үшінші кезеңде, нысан құқын оған біреу өз бағасын ұсынбайынша төмендетіле береді. Егер ол кезде де сатылмайтын болса, кейбір нысандар жойылады. Яғни мемлекетке тиімсіз, пайдасы жоқ нысандар жабылады», - деді ол.