Астанада Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (Омбудсмен) Асқар Шәкіров БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының өңірлік өкілі Рышард Комендамен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында ұлттық құқық қорғау мекемесінің институттық дамуы, осы саладағы заңнаманы жетілдіру саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Омбудсмен адам құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуде оңтайлы нәтижелер мен тұрақтылыққа қол жеткізуге мүмкіндік беретін БҰҰ басты құрылымдарының бірімен көп жылдық тиімді өзара қарым-қатынастарын атап өтті. Бірлескен бағдарламалар мен іс-шараларды жүзеге асыру құқық қорғау қызметінің қазақстандық тәжірибесін, Қазақстанда да, одан тысқары жерлерде де оның жетістіктерін көрсету мүмкіндігі қамтамасыз етеді.
Өз кезегінде, Р.Коменда мырза Омбудсмен мекемесінің адам құқықтарын қорғаудағы мемлекеттік тетіктегі рөлін оң бағалай келе, қазақстандық ұлттық құқық қорғау институты қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы медиатор орнында нық отырғанын атап өтті.
Тараптар ынтымақтастықтың алдағы уақыттағы басым бағыттары мен перспективалары туралы, атап айтқанда, Ұлттық құқық қорғау мекемелерінің Азия-Тынық мұхиты форумы мен басқа да бірлескен жобалар шеңберіндегі ынтымақтастығы туралы ой-пікірлерімен алмасты.