05 Сәуір, 2011

Қаршыға ауылды сағынып жүруші еді

563 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қаршыға дегенде елең етпейтін қазақ сірә, жоқ шығар. Иә, Қаршыға десе Құрманғазы, Дина бастаған дүлдүл күйшілер тізбектеліп көз алдыңда өтіп жатқандай болады. Өйткені, Қаршыға өткен ға­сыр­дың қазаққа берген баға жетпес сыйы, өнер иесі, киелісі еді ғой. Бала кезімізде еліне қадірлі, өнегелі ісімен өзгені де, өзін де сыйлай да, сыйлата да білетін азамат өмірден өткенде “Маңдайы­мызға сыймай кетті ғой” деуші еді қариялар. Осы теңеу Қаршығаға тән. Қаршыға өмірден өтерден бұрын елге келгенде кездестік. Қасында жүріп, біраз әңгіме­лес­тік. Сол жүздесулерде жазу­шы-кино­гер Латифолла Қапашев екеуміз Батыс Қазақстан облысы­ның бұ­рын­ғы Жаңақала, Фурманов, Казталов, Ақжайық аудан­дары­ның елді мекендерін аралап, сол жақта Құр­ман­­ғазының бәйбі­шесі Әуес ана­мыз­дың зираты жатқан Көк­те­рек елді мекеніне барғанымызды, Құрман­ғазы, Дина, Аманғали, Ерға­ли жүр­ген жерлерді көргенімізді, сол жақ­тан күйші Жаңбырбай ту­ралы естіп-білгенімді оған айтқан болатын­мын. “Иә, Латифолла Қапашев ма­ған бәрін де айт­ты” деп елең ете түскен ол енді сол жө­нінде білуге құштарлық білдірген еді. Ақжайық ауданы, Есенсай елді мекенінде Аманғалимен қуғында бір­ге болған әйелі Мұқсинаның жақын апасы, Балқан апайдың б­а­ласы Ғи­лым­мен кездесіп, апайдың зиратын су­ретке түсіріп алғанымды айттым. Мұқсина апамыздың 1938-40 жыл­дар­дағы түскен фотосуреті және Балқан апайдың 1957-60 жылдар шамасын­дағы түскен, кейіннен екеуінің біріктіріліп үлкей­тілген суретін Ғилым үйі­нен тауып алғанымызды жеткіздім. Сол ауылдың әкімі Әбухан Мол­да­баевтың да көмегі мол болды. Осы жолы Жаңақала ауданының бұрынғы Жаңа­талап совхозында Дина Нүр­пейіс­ова­ның Бақтылы деген қызынан туған Ұл­мекен апаймен кездесіп (1924 жылы туған), әңгі­мелестік. Кіші қызы Нұр­ғанымның қолында тұрады екен. Жаң­быр­бай­дың “Қоштасу” деген кү­йін дикто­фонға жазып алған едік. Со­ны Қар­шыға екі көзін жұмып алып, бар ынтасымен тыңдады. – Бұл күйді орындап, бізге жеткізіп отырған кім? – деді со­сын. Күйді орындаушы Исатай ауда­нын­дағы “Саз” мектебінің ди­ректоры Сырым Бердібеков еке­нін айттым. Біз тыңдатқан күйге риза бол­ға­ны сонша, “Мына күйді орын­дап отырған күйші дұрыс күйші, мен неғып бұрын естіп-білмегенмін” деп өкінішін білдірген ол іле ойын жалғап, реті келсе, осы кісіні алдырып, тағы бір тартты­рып қарасақ” деді. Қолма-қол Сырым­ға телефон шалып, Қаршығаның көр­гісі келетінін айтып, тездетіп келуін сұрадық. Сырым келгенде, ол балаша қуан­ды. Күйді кімнен, қашан үйрен­ге­нін сұрап жатты. “Күйдің саға жағын­да, сосын аяқ­талар жағында мұңды саздар жетіспей тұрғандай, – деді. – Бірақ нотаға түсірерде Кәрима екеуіміз сол жетпестігін табамыз деп ой­лай­мыз” – деп тағы да қосып қойды. Ал, Сырым болса 1974 жылы 10-сынып­ты бітірген кезде “Забурын” сов­хозында жыл­қы баққан Құрман Ілиясов деген кісіден үйренгенін айтты. Қаршығаның өнерге деген қызы­ғушылығы қайран қалдыр­ған. “Мыңтөбеге машина тап, күйдің дүниеге келген жерін көрейік. Күй өздігінен тумайды, оны қасіреті мол озбырлық пен өшпенділік, жетімдік пен жоқтық­тың алмасуынан туатын әсерлер ғана туғызады. Ол жерде ел бар ма екен? Сол жерге барып, бір аунап қайтайық” деді. Күн өте ыстық болатын, бәріміз үгіттеп, күзге қалдырдық. – Күзде аман болса, Орда арқылы Құрманғазыға, Махамбетке дұға бағыштау ойым бар. Жолай Мыңтөбеге де соғатын болармын, – деп те қойды. – Осы ауданда 500 кісілік, әлде 300 кісілік бола ма, домбыра оркес­трін ұйымдастырыңдар. Мен күзде келіп, көмектесемін. Бары­мызды ар­дақтап, жоғымызға белгі тауып қой­масақ, кеш қаламыз – деген ол енді бір сәт туған жер құдіреті жайлы әңімелеп кеткен. – Талай жер­ді араладым, қанша елде бол­дым. Сол елдердің сахнасында қан­шама күй­лер тарттым, туған елім Қазақ­стан­ды танытуда дом­бы­рамен аянбай тер төктім. Әйтсе де, туған жердей, өз ауылыңдай жерұйық, ыстық жерді көрмедім. Күні кеше құрдастармен бірге жүр­ген кездерім ойыңа түсіп, кө­зіңе оттай басыл­ад­ы, – деп, әңгі­месін жалғай түскен еді... Бұл алты алаштың ардақ­ты­сы Қаршығаның елге келген соңғы сапары екенін білген жоқ едік сол кезде. Сөйтсек, бой жа­зып жүр­гені екен ғой. Мұрат БЕКТЕНҰЛЫ. Атырау облысы, Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылы.