Айдын Сүлейменов аудан әкімінің орынбасары Сәңкібай Киікбаев ағасына имене кірді. Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институттың өнер факультетін бітіріп, Меңдіғара ауданына келген беті осы еді. Жаздың ортасы ауып қалған. Табиғаттың толысқан шағы. Айнала ақ қайың қоршаған Меңдіғара жердің сұлуы екен. Айдынға бұл аудан келген бетте ұнады. Алдын ала осы ауданға баратыны сөз болғанда көңілі шамалы қобалжып барып басылған. Өйткені жастың аты – жас қой. Ақмола облысындағы Жақсы ауылы көз алдына келді. Дегенмен, алысқа шығып көрмеген адамға бәрі де таңсық, бәрі де қызық.
Сәңкібай ағасы ақжарқын, сөзшең кісі екен. Айдынның қуанғаны Сәкең «сіресіп қалған» шенеунік емес, бауырына тарта сөйлейді екен. «Жылқы кісініскенше, адам түсініскенше» деген емес пе. Айдынның көңілі көтеріліп сала берді. Тезірек жұмысқа барғысы, өзін тезірек көрсеткісі, Сәкеңнің айтып отырған қамқорлығына қарай оның да тезірек сенімінен шыққысы келеді. Әй, уақыт-ай, адамның икемінде болсаңшы. Керек кезінде осылай жылжымай қаларыңды қайтерсің.
– Сен сияқты маман музыкант жігіттер бізге керек. Аудан орталығындағы мәдениет үйін кәсіби мамандармен жасақтамақпыз. Аудандық мәдениет үйі мықты болса, ауылдардағы клубтардың да жағдайы оңалады деп ойлай бер. Кішкентай ғана аудан емес пе, кейін бәрін де сендер түзеп жібересіңдер, – дейді Сәңкібай ағасы.
Композитор әрі әнші Бақытжан Сәуекенов те осында. Бәкең республикаға танымал әндердің авторы. Сонымен қатар ауыл мәдениетін өрге сүйреуде де Бақытжанның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Торғай өңірінде сонау Нұрхан Ахметбеков бастаған өнерпаздардың, консерваторияны Ахмет Жұбановтай музыка әулиесінің алдынан бітіріп, ғажап әндерін Торғайға, туған жеріне келіп жазған Болат Хамзиндей композитордың салған дәстүрі даладағы жауқазындай дүркіреп шыққан жастарға мектеп болған. Бақытжан Сәуекенов, Қалибек Дербісалдин сияқты сазгерлер, Ғазиза Жұмекенова тәрізді әншілер сол мектепті көрген, оның бұлағынан сусындау бақытына ие болғандар еді. Солар емес пе еді Торғайдың дабысын алысқа апарған! Қазақ өнерінен, әдебиетінен хабары мол аудан әкімі Базыл Жақыпов та, оның аудандағы бүкіл әлеуметтік мәселелерді иіріп ұстап отырған орынбасары Сәңкібай Киікбаев та Меңдіғараны солай дүрілдететін жастарды ауылға тартуды мақсат етеді. Сәкең аудандық мәдениет үйінің директоры Жанұзақ Айсағалиевты шақырып алып, жас маманды таныстырып, ертіп жіберді. Жанұзақ та жоғары білімді жас маман. Келіншегі Әлия екеуі осыдан екі жыл бұрын қол ұстасып, осында келген. Екеуі де қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің маманы екен. Әлияның мектепте орны даяр болатын, ал Жанұзаққа аудан басшылығы аудандық мәдениет үйінің директоры қызметін ұсынды. Өзі әнші, ұйымдастыру қабілеті де бар жанып тұрған жігіт жауапкершілікке жауапкершілік танытты, жұмысты үйіріп алып кеткен. Меңдіғараға Айдыннан кейін көп ұзамай Рудный педагогикалық колледжінің музыка факультетін бітіріп Мәди Нұрмұхамбетов келді. Жанұзақтың көктен тілегені де осы еді. Екі жас оның туған інісіндей болып кетті.
Қазір Меңдіғара аудандық мәдениет үйіндегі «Домбыра сазы» ансамблі сол өңірге белгілі болып қалды. Әр мерекелерде жиынның сәнін келтіретін аудан өнерпаздарының еңбегі екені сөзсіз. Наурыз тойына дайындық кезінде Айдын мен Мәди «Қара жорға» биін шығаруды ұсынды. Музыкалық білімі бар інілерінің өнеріне құрметпен қарайтын Жанұзақ олардың мына пікірін бірден хош көрді.
– Жігіттер, «Қара жорғаны» шығару туралы ұсыныстарыңа тіпті қуанып тұрмын. Әуенін ансамбль ойнасын, ал біздің бишілермен қосылып, бүкіл көрермен билеп кететіндей етіп шығарайық!–деп жігіттерді қанаттандырып қойды. Меңдіғарада Наурыз мерекесі «Домбыра сазы» ансамблінің орындауындағы «Қара жорға» биімен басталғанда жиналған көпшіліктің –орыс-қазағының делебесі қозбасы бар ма? Қардың көбесін сөгіп жатқан алтынкүрек желге бетін тосып, бәрі де «Қара жорғаны» биледі. Биден кейін қазақтың, орыстың, басқа халықтардың әсем әндеріне кезек берілді. Домбыраның құлағында ойнайтын Мәди Нұрмұхамбетов «Сарыарқаны» тартқанда, Айдын Сүлейменов баянда ойнағанда жұрт сілтідей тынып қалады. Жанұзақтың әсем даусы да меңдіғаралықтарды сүйсінтіп үлгерген.
– Қазір ауылдарға шығып, концерт қойып қайтамыз. Әр сапарымызда ауылдастарды әнмен бір серпілтіп тастаймыз. Бұл олардың рухын көтереді. Қазір ауылда ешкім де ішер астан тарығып отырған жоқ. Ал рухани азықтың керектігін өзіміз өнер көрсетуге барғанда аса сезініп қайтамыз. Бізді бір жұлдыздар келгендей сахнадан жібергісі келмейді. Әнді шырқаған үстіне шырқай түссе екен деген тілекті олардың көзінен, қолпаштап, шапалақ ұруынан байқап тұрамыз, – дейді Жанұзақ.
Меңдіғаралықтар өнерге шөлдемей қайтсін. Сонау жылдары аудандағы тек мәдениет саласы ғана емес, жалпы экономика тым жұтаңданып кеткен еді. 90-шы жылдардан кейін облыста еңсесін тіктеп алған ауданның бірі де осы Меңдіғара болатын. Құнарлы өлке топырағының түгін тартса майы шығады, шыбық шанышсаң көктейді. Еңбек қай уақытта да еленбей қалмайды. Атақты механизатор Кәмшат Дөненбаева маңдайын күнге қақтап жер жыртып, егін еккен Харьков ауылын қазір Сайран Бұқанов ұстап отыр. Осындағы «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін де дамытқан, техниканың барлығын жаңалаған. Алдыңғы жылы Сәкең де кеудесіне тәуелсіз еліміздің Алтын жұлдызын тақты. Тек Сәкеңнің ғана ауылы емес, басқа шаруашылықтар да ауылды тоздырмауға тырысып бағады. Меңдіғара осындай жер. Енді осы жерге келген жас мамандар Жанұзақ, Айдын, Мәди меңдіғаралық болмасына кім кепіл.
– Біз Әлия екеуміз жас маман ретінде үш бөлмелі үй, бір рет берілетін жәрдемақымызды алдық. Қысымен үй жылы, отын-суымыз мол болды. Міне, екі жылдан бері ештеңеден мұқтаж емеспіз, ешқайда кететін де ойымыз жоқ. О баста ауылда туып, ауылда өстік ғой, ал бүгін оны неге жатырқауымыз керек? Қиындығын жеңеміз, қызығын өзіміз жасаймыз, – дейді Жанұзақ. Биыл келген Айдын мен Мәдиге де аудан әкімі Базыл Жақыповтың өзі пәтер кілтін тапсырды. Іші жақсы жөнделген, қаладағы үйлерден бір де кемшілігі жоқ. Оның үстіне бір рет берілетін жәрдемақыдан оларды да кенде етпеді. Отын-суын олар да күзде келісімен даярлап, қамданып алды. Қысымен ешқандай қиыншылық көрмей шықты.
Үш жігіт аудандық мәдениет үйінде түрлі шаралар ұйымдастырады. Әсіресе, жастар жағын зеріктірмейді. Дискотека, түрлі концерт, кештер дүрсілдеп өтіп жатады. Жастар мәдениет үйіне үйірсектейді.
– Ауылда жұмыс болса, әлеуметтік тұрмыс жақсарса және бос уақыт дұрыс ұйымдастырылса туған жерден кетем дейтін кім бар?–дейді жас маман Айдын Сүлейменов. Менде осының үшеуі де бар. Өзімнің сүйікті жұмысымды таптым, баспанам бар. Күзде келісімен сәбилі болдық. Қазір Жәкеңмен, Мәдимен бірге туған бауырлардай араласамыз. Мұнан артық не болуы керек?
– Үшеуміз «Домбыра сазының» репертуарын байытуды күндіз-түні ойлаймыз. Басымыз қосылғандағы ең қызық әңгіме біз үшін осы, – деп ағынан жарылады Жанұзақ. – Айдын мен Мәди інім сияқты, осы аудандағы ұлттық өнердің дамуына, ұлттық рухтың көтерілуіне үлес қоссақ дейміз.
Қаздай тізіліп сахнаға шығатын үш жігіт қазір меңдіғаралықтарға танымал болып қалған. Олардың әнін жұртшылық сағынып отырады. Мәди негізгі жұмысымен қатар аудандық музыка мектебіндегі жеткіншектерге домбырадан дәріс беріп жүр. Ауылдарға барып концерт қойғанда тәмпіш мұрын қара домалақтар оларға көз алмай қарайды, еліктегісі келетін жас талаптар да бар. Олар келгенде әр көңілде ауылдың ажары кіріп сала бергендей болады...
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
Қостанай облысы,
Меңдіғара ауданы.