«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясын кезекті рет марапаттады
Қазақстан қор биржасы (KASE) биржада жұмысы алға жүріп тұрған компанияларды қалай анықтайды? Үздіктерді «үкілеудің» көрсеткіші қандай деген сауалдарға жауап іздемес бұрын, дүйсенбі күні KASE 2010 жылдың қорытындысы бойынша көзге түскен биржа мүшелері мен листингілік компанияларды марапаттағанын мәлімдеу қажет.
Еліміздің қор биржасы өткен жылы сәтті жұмыс істеді деп айтуға негіз бар. Ал «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ осымен төртінші рет KASE марапаттаған компаниялар қатарынан табылып отыр. «Айқындыққа ұмтылысы үшін» дипломын бірнеше компаниямен бірге «Экономиканың өндіріс, шикізат және энергетика секторларының листингілік компаниялары» номинациясы бойынша – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншіледі.
Мұндай марапатты KASE 2003 жылдан бері тағайындап келеді. Ал 2005 жылдан бері отандық биржа бағалы қағаздар нарығында өзі және қызметі туралы ақпараттар ашу бойынша ең үздік кәсіби әрекет танытқан қор нарығының үздік операторлары, қаржы кеңесшілері мен листингілік компанияларды тұрақты түрде жарияланып жүр.
«Қазақстан қор биржасы» АҚ-тың вице-президенті Андрей Цалюктің айтуынша, ашық ақпарат беріп, көзге түскен компанияларды анықтауға адам араласпайды. Қор биржасында күнделікті құбылып, көрініп тұрған өлшемдердің өзі-ақ компаниялардың қызметін сараптап тұрады. Сондықтан KASE жеңімпаздары өз бастамалары бойынша қаржылық есептерін жариялауы мен биржадағы белсенділігі бойынша анықталады.
Ал баспасөз мәслихатында «Қазақстан қор биржасы» АҚ президенті Қадыржан Дамитов:
– Қазақстан қор биржасы 2010 жылы жеткілікті дәрежеде сәтті жұмыс істеді. Акционерлердің биржаның алдына қойған мақсаттары орындалды. Биржа кеңесінің 2010-2013 жылдарға арналған жаңа стратегиясын ақпан айында Директорлар кеңесі мақұлдады, – деді.
Оның айтуынша, өткен жылы қор нарығы жаңа компаниялармен толыққан. «Самрұқ-Қазына» холдингіне қарасты ұлттық компаниялардың нарыққа кіруі биыл да, алдағы жылы да одан әрі жалғаспақ. 2010 жылы сондай-ақ, тіке репо нарығында дефолт азайып, жедел келісім-шарттар іске қосылды. Қазақстан қор биржасы тарихында тұңғыш рет акционерлерге дивиденд төленген. Оған қоса KASE таза табыс бойынша өз жоспарын екі рет қатарынан асыра орындап отыр.
Сонымен, кезекті рет дипломант атанған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ әу бастан-ақ ақпараттарды ашық ұстауға жоғары жауапкершілікпен келгенін және үздік корпоративтік басқару саясатын ұстанғанын атап өткен жөн. Компанияның қызметі мөлдір, ақпараттары қолжетімді болған сайын оған сенім де ұлғая бермек. Әрі мұны қор биржаларының стандарттары да талап етеді. Басқа биржалар соған қарап сап түзейтін Лондон биржасының сұрайтыны да осы.
Осындай тиімді жұмыстың арқасында өткен жылдың қараша айында халықаралық рейтингтік Standard&Poor`s агенттігі «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясын «GAMMA-6» корпоративтік басқару рейтингісі бойынша дәрежелеген болатын. Аталмыш компанияның ашықтық деңгейін S&P оның инвесторлармен жүргізіп жатқан белсенді байланысына, веб-сайттағы үш тілде ұдайы жаңартылып отырған ақпараттарына, маңызды оқиғаларға қатысты тұрақты түрде таратылатын баспасөз парақшаларына қарап бағамдайды. Өз кезегінде компания да тоқсан сайын және халықаралық стандарттар бойынша қаржылық есебін жариялап келеді.
Қысқасы, Standard&Poor`s Қазақстанда барынша ашық компания деп танып отырған «ҚазМұнайГаз» БӨ» БАҚ өкілдері үшін «РД OPEN» секілді түрлі шаралар ұйымдастырып жүргені журналистерге аян. Мәселен, компания биылғы ашық есік күнін мамыр айына белгілеген.
Реті келіп тұрғанда, компания акциялары Қазақстан қор биржасында 2006 жылы шығарылып, жаһандық депозитарлық қолхаты сол жылдың қыркүйегінде ІРО кезінде Лондон Қор биржасында тіркелгенін айта кету қажет.
Араға екі жыл салып қазақстандық компания өз акцияларын қайта сатып алу бағдарламасын бастады. 2009 жылдың соңына қарай аяқталған бағдарлама «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың келешегі бар екендігін насихаттап қана қоймай, бағалы қағаздар менеджментіндегі өзіне деген сенімділігін көрсетіп берді.
Өткен жылдың наурызынан бастап бұл компания өзінің артықшылықты акцияларын сатып алуды жүзеге асырды. Бұл бағдарлама да рыноктың белсенділігін арттырғанын атап өткен жөн.
Өткен жылдың соңында KASE вице-президенті Андрей Цалюк биржадағы артықшылықты акциялар айналымының 80 пайызы осы компанияға тиесілі екендігін мәлімдеген болатын.
Осылайша, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ кезекті рет ашықтыққа сүйенген өз артықшылығын дәлелдеп отыр.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.