14 Ақпан, 2017

Кәсіпкерлерге жеңілдік көп

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Астана қаласы әкімі Әсет Исекешев пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен кәсіпкерлер конференциясы өтті. Алқалы жиында елордадағы кәсіпкерлікті дамытудың негізгі басымдықтары талқыланды. Сонымен қатар, Астана нарығына ауылшаруашылық өнімдерін тікелей жеткізу мүмкіндіктері, бизнес-ортаны жетілдіру туралы жан-жақты сөз қозғалды. Шарада «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасарлары Нұржан Әлтаевтың, Төлеміс Шотановтың және Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетовтің баяндамалары тыңдалды. Олар елордада бизнестің барлық саласын дамытуға қатысты ұсыныс­тарын жеткізіп, қазіргі ахуалды әңгімеледі. Тұрғын үйге арнал­маған орынжайлардың функ­циялық қызметі бойынша заң­нама талаптары, адал салық тө­леушілерді ҚҚС бо­йын­ша тіркеу есебінен ескертусіз жүйе­лі түрде шығару, энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық салаларындағы қыз­мет көрсету құнын жаппай азай­ту мәселелерін ортаға салып, кеңінен түсіндірді. Жиын барысында Астана әкімі биыл өтетін ЭКСПО көрмесі кезінде қонақтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. «Қазіргі уақытта біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен жұмыс істеудеміз. Астаналықтар жыл сайын 500 мың тонна азық-түлік өнімдерін тұтынса, жазда бұл көлем 160 мың тоннаны құрайды деген болжам бар. Демек, 10-20 пайызға өсім болады», деді Ә.Исекешев. Қала басшысының сөзіне қарағанда, бүгінде бірқатар азық-түлік өнімдері бойынша тапшылық байқалады. Ал ЭКСПО кезінде бағаның тұрақ­тылығын қамтамасыз ету үшін көтерме таратушы орталықтарын ашу жоспарланған. Ауылша­руа­шылық өнімін өндірушілер сол жерге өз тауарларын жеткізіп, тиімді бағамен сата алады. Сонымен қатар, Әсет Исе­кешев азық-түлік дүкендері мен дәріханалар аз жерлерде биз­нес ашуға ниет танытқан кәсіп­кер­лерге жеңілдік жасауға дайын екендіктерін жеткізді. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»