Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауы жарияланды. Өзінің Жолдауында Елбасы экономикалық өсімнің жаңа моделін құрудың қажеттілігін айтты. Оны «Үшінші жаңғыру» деп атады. Бұл өзгерістерде сыбайлас жемқорлықпен және экстремизммен күрес, сондай-ақ, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және мемлекеттің экономикадағы рөлін бәсеңдету секілді басымдықтарға айрықша назар аударылған.
Үшінші жаңғыру кезеңі Қазақстанның орнықты түрде дамуына бағытталған әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңарудың логикалық тұрғыдан алғандағы, жалғасы іспетті. Оның аясында мемлекеттің экономикалық өсімінің жаңа драйверлері болып, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, құрылыс салалары саналмақ. Жаңа драйверлер экономиканың ілгерілеуі мен ел тұрғындарының жұмыспен қамтылуы үшін күшті серпін беруі тиіс.
Сонымен қатар, Президент адам ресурстары мен адами капиталға айрықша көңіл бөлді. Жолдауда азаматтар үшін маңызды мәселелер – білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үйге қатысты түйткілдер атап өтілді, нақты мәліметтер көрсетілді. Ал бұл – мемлекеттің өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға дайын екендігін білдіретін маңызды көрсеткіш.
Жалпы алғанда, Үшінші жаңғыру кезеңі мемлекеттің жаңа технологиялық өзгеріске және экономиканың сапалы түрде дамуына біртіндеп болсын қадам басуына ықпал етпек. Бұл Қазақстанның аймақта және әлемде экономикасы мықты елге айналуына жол ашпақ.
Біздер, Ресейде тұрып жатқан қазақтар Қазақстан Республикасының стратегиялық тұрғыда дамуына баса көңіл бөліп келеміз. Осы орайда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа барлық алға қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жолында сәттілік пен табыс тілейміз, ал республика бейбітшілік ауанында өсіп-өркендей берсін!
Эдуард ЫСҚАҚОВ,
Қазақ мәдениетін дамыту қоры басқармасының төрағасы
Астрахан қаласы,
Ресей Федерациясы