Жақында Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауы талқыланды.
«Бұл – әрбір адамға арналған стратегиялық құжат. Сондықтан, әр адам өзіне «Мен Жолдауды жүзеге асыру үшін не істедім?» деген сұрақ қоюы керек. Биылғы Жолдаудың ерекшелігі – барлық басымдықтардың заманауи білім беру деңгейімен анықталатынында, сондықтан, сіз бен біз бұған тікелей қатысамыз. Президентіміз бізге үлкен сенім артты. Қазір елімізде 20 Назарбаев мектебі бар. Ал жалпы республикамызда 7000-нан аса мектеп қызмет етуде. Біз олардың барлығына білім беру жүйесіндегі реформаларды түсіндіруіміз керек. Тура және ауыспалы мағынада да айтсақ, ескі оқулықтармен оқыту жеткіліксіз екенін ұғындыруымыз қажет. Қазақстан цифрлы режімге ауысып жатыр, үштілділік – заман талабы, еңбек нарығында үлкен өзгерістер орын алды. Білімнің көзі тек мектеп емес, еліміздің алға басуы IT саласының дамуымен анықталуда, мұның барлығы ХХІ ғасырдың ақиқаты, деп атап өтті Назарбаев зияткерлік мектептерінің басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.
Елбасы Жолдауын еліміздің барлық қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептері талқылап, отандық білім беру жүйесін жаңғыртуға қатысты нақты ұсыныстар ортаға салынуда. Информатика пәні мұғалімдері «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қолдай отырып, оны жүзеге асыру жолында жұмыс жасауда.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»