14 Ақпан, 2017

Ел Елбасы реформасын қолдайды

355 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Елбасы ұсынып отырған конституциялық реформа қазақ қоғамы мен саяси жүйесін одан әрі демократияландырудың лайықты жалғасы деп білемін. Әлемнің барлық жетекші заңгерлері мен сарапшылары жоғары бағалаған қолданыстағы Конституциямыз 20 жыл бойғы уақыт сынынан мүдірмей өтті. Дәл осы Конституцияда ТМД елдерінің ішін­де алғаш болып биліктің үш тармақ­ты заң­намалық, орындаушылық және тәуел­­сіз сот жүйесінің негізі нақты көр­сетілді. Дамы­ған демократиялық елдер­дің заң­нама­сына сай мұндай үдеріс Консти­туция­мызда 1995 жылдың өзінде-ақ көрініс тапты. Конституция қабылданған кезден бас­тап оған бар болғаны үш рет – 1998, 2007 және 2011 жылдары өзгерістер енгізілді. Бұл – Ата Заңымыздың тұрақтылығы мен беріктігінің тағы бір айқын дәлелі. Елбасы елді саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғыруға бастайтын 100 нақты қадамды белгілеу арқылы Бес институттық реформаны ұсынды. Билік тармақтары арасында өкілеттік­терді қайта бөлу – мемлекет пен оның барша азаматтары үшін аса маңызды және принципті мәселе. Сондықтан да соңғы сайлауда сайлаушылардың 98 пайызға жуық дауысына ие болып, елдің шынайы ықыласына бөленген Елбасы қоғамды одан әрі демократияландыруға бастайтын конституциялық реформа жобасын бүкілхалықтық талқылауға ұсынып отыр. Қазірдің өзінде көптеген мемлекеттердің саясаттанушылары мен заңгерлері Қазақстан Президентінің Конституцияда нақты әрі ай­қын жазылған өкілеттіктерін елдің Пар­ламенті мен Үкіметіне беру жөніндегі батыл шешіміне өте жоғары баға беруде. Бұл – қазіргі әлемдік саясаттағы теңдессіз құбылыс. Осы ретте мынадай ерекшеліктерді атап өтсем деймін. Біріншіден, Нұрсұлтан Әбішұлы – посткеңестік дамудың қиын-қыстау жағдайына қарамастан мемлекетті басқарудың ең тиімді және тұрақты жүйесін құра білген Қазақстан Республикасының негізін қалаған ерен тұлға. Екіншіден, Елбасы конституциялық рефор­малардың бүкіл әлемдік тәжіри­белерін зерделей келе, олардың бірде біреуін қайталамай, өзімізге ғана тән – Қазақ­станның даму жолын қалыптастырды. Сол арқылы елімізді бүгінгідей ғаламат жетістіктерге жеткізді. Үшіншіден, Президент дана стратег ретінде әрдайым болашақты болжап, ондаған жылдарға негізделген бағыт-бағдарымызды айқындап берді. Бұған ел дамуының басты бағыттарын белгілеген «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» стратегиялары дәлел. Ал ұсынылып отыр­ған конституциялық реформа сол страте­гиялардың заңды жалғасы болмақ. Төртіншіден, Мемлекет басшысы ел дамуының әр кезеңінде үнемі оның негізгі векторларын жүйелі түрде нақ­ты көр­сетіп берді. Елбасы әлемдік қауым­дас­тық­қа тәуелсіз, абыройы, дамыған мем­лекет ретінде танылған Қазақ елін қалып­тас­тырып, осы реформа арқылы саяси жаң­ғырудың жаңа бағыт-бағдарын айқындады. Халқымыздың кейбір бөлігі «Президент Парламент пен Үкіметке өзінің өкілеттігін шамадан тыс көбірек беріп қойған жоқ па?» – деп те алаңдаушылық білдіруде. «Биліктің бұл тармақтары өздеріне берілген өкілеттіктерді толыққанды пайдалана алар ма екен?» – деушілер де бар. Аға буын өкілдері тәуелсіздік жылдарында тұрақтылық пен дамудың кепілі болған Президент өкілеттігі мен оның рөлін одан әрі күшейту жөнінде де өз пікірлерін білдіруде. Сонымен қатар, қоғамда Консти­туцияның 26-бабына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар да қызу пікірталас тудыруда. Әркімнің «заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстауына» кепілдік беретін бұл түзетулер Ата Заңымыздың басты негізі болып табылады. Бұл норма көптеген дамыған елдердің осыған ұқсас конституциялық нормалары мен халықаралық заңнамаларына толығымен сәйкес келеді. Конституцияның 26-бабындағы өзгеріс­тер инвесторлар мен кәсіпкерлердің Қазақ­стан экономикасына сенімді түрде қаржы құюы үшін олардың құқығын қорғауға кепілдік береді. Жеке меншікке кепілдік беру – дамыған мемлекеттердегі эконо­микалық жүйенің бүкіләлемдік қағидасы. Сондықтан жалпыхалықтық талқылау аясында біздер – заңгерлер бұл түзетулерді әр қазақстандыққа түсіндіруіміз керек. Елбасымыздың барлық реформалары халық пен оның игілігі үшін жасалып, Қазақстанның даңқын бүкіл әлемге танытты. Бірқатар облыстарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездескеннен кейін халық­тың Елбасымыз ұсынған конс­титу­циялық реформаны кеңінен қолдайтынына көз жеткіздім. Кәсіпкерлер қауымы тіпті жеке меншікке қатысты Конституция баптарын тағы да күшейте түсуді ұсынды. Сондықтан бұл реформа да елімізді одан әрі күшті, қуатты етіп, халқымыздың берекесін арттырады деп кәміл сенемін. Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары