07 Сәуір, 2011

Астықтың орны бөлек, картоп алқабын кеңейту керек

439 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Алтынкүрек жел көк­тем­нің келгенінен хабар бер­ді. Қос­та­найда қар көбесі сө­гіл­ді. Ә де­генше-ақ қыр төсі жа­­ла­ңаш­танып, топырақ бу­санып қалар күн де алыс емес. Өткен жыл­дың қиын­ды­ғын ұмытпаған ди­қан­дар биыл көктемгі дала жұ­мыс­тарының қамын ерте бастан ойластырып, мәслихатқа бас­қос­ты. Оған әдеттегідей аг­ро­өнеркәсіп кешеніне қаты­сы бар деген ірі астық ком­па­ния­ла­ры­ның, ғылыми-зерт­теу меке­ме­лерінің, ау­дандық ауыл шаруа­шылығы бөлім­дерінің, жер қа­ты­нас­тары және аумақ­тық инспекция басшылары мен аудан, қала әкімдері жиналды. Бас­қо­суда ал­дымен соңғы жыл­дар­дағы құр­ғақ­шылық ауыз­ға ал­ынды. Өйт­кені, бірнеше жыл қатарынан ыл­ғалдың аз түсуі Қостанай өңі­рінің ауыл шаруа­шылығына әсе­рін тигізбей қой­мады. Осы жи­ында өткен жыл­ды қорытын­ды­лаған облыс әкі­мінің орын­баса­ры Нұралы Сә­дуақасов көптен бері бірінші рет ауыл шаруа­шы­лығы өнімін өндіру көлемінің төмендегенін айт­ты. Өнімнің фи­зикалық кө­ле­мінің индексі былтыр 2009 жылға қарағанда 81 пайыз бол­ды. Ауылшаруа­шы­лық кә­сіп­ор­ындарының инвес­ти­циялық бел­сенділігі кеміп, не­сиелік қа­рыз көбейді. Бү­гінде креди­тор­лық қарыздың көлемі 34 миллиард теңгені жобалап отыр. Өт­кен жылы республика Үкіме­ті­нің шешімімен облыс­тағы құр­ғақ­­шы­лықтан аса зардап шеккен 36 шаруашылыққа несиенің мер­зімін ұзарту үшін 2 миллиард теңге көмек берілді. Осы саладағы қарқынның бә­сең­де­гені техниканы жа­ңар­тудан да білінді. Егер 2008 жылы об­лыс­та 22 миллиард теңгеге техника сатып алынса, келесі жылы оған 10 миллиард теңге жұмсалған, ал өткен жы­лы техниканы жа­ңартуға жұм­салған қаржы 3 миллиард тең­геге құл­дырады. Мемлекеттік көмек ауыл ша­руашылығы саласына жыл сайын көбеймесе азай­ған жоқ. Бүгінге дейін ау­ылшаруашылық құры­лым­да­ры биылғы көктемгі дала жұ­мыстарына арнап бөлінген 12,5 миллиард теңгенің жар­тысына ке­лісім-шарт жа­са­ды. Негізі, жалпы республика экономикасы өрлей бас­таған 2004 жылдан бастап облыс ауыл шаруашылығы кешенін мемлекеттік қар­жы­ландыру 8 есе көбейген екен, әсіресе, соның ішінде өнді­рістің жеке салаларын субсидиялау өсіп отырған. Үстіміздегі жылы ауыл шаруа­шылығы кешеніне бө­лін­ген инвестиция 22 миллиард теңгені құ­райды. Соның ішінде, диқандар­дан бидай са­тып алуға, жанар-жағар­май үшін, тыңайтқыш, хи­миялық өңдеу жұмыстары және мал шаруашылығы үшін бөлінген субсидия кө­лемі де жеткілікті. Өткен жылғы қуаңшылық­тан кейін көпшілікті биылғы көктемгі дала жұмыстары қа­лай өтпек, әсіресе, дәнді да­қылдар көлемі қанша болады деген мәселелер ойлантатыны рас. Алдағы көк­тем­де қос­танайлық диқандар 4 миллион 565 мың гектар жерге дән сіңірмек. Бұл өткен жылға қарағанда 137 мың гектарға ар­тық. Ал республика бо­йын­ша егіс көлемі биыл 397 мың гектарға азайып отырғанда, Қостанай об­лы­сында себілетін астық көлемі еліміздегі барлық көлемнің төрт­тен бірінен асады. Облыста бидай алқабы жалпы дәнді дақылдар көлемінің 94 пайызын құрай­ды. Соңғы үш жылда республика экс­портқа шығарған астық пен ұн­ның 36 пайызын Қостанай облы­сының беруі осындай алқап көле­мінің ар­қасы екені де аян. Қостанайлық диқандар соң­ғы жылдардағы, әсіресе, былтырғы жердің апшысын қуырған құрғақ­шылыққа ыл­ғал сақтау техно­ло­гиясын ен­гізудің арқасында қарсы тұра білді. Облыста бұл әдісті ди­қандар сегіз жылдан бері пай­даланып келеді. Осындай озық жұмыс әдісі болмағанда жаз бойы тамшы тамбаған ал­қаптардың гек­тар айналымы 8 центнерден кел­мес еді. Үс­ті­міздегі жылы осы жаңа технологиямен өңделетін ал­қап тағы да 100 мың гектарға көбейтіліп, ол барлық астық кө­лемінің 91 пайызы болмақ. Мамандардың айтуынша, Қос­танай өңіріне қар былтыр­ғыдан мол түскен. Алайда, бұл науқан бойы ылғал жеткілікті болады деген сөз емес. Дегенмен, мемлекеттен жеңіл­дік­тер алып отырған, сол ар­қылы техникасын, тыңайт­қы­шын, жа­нар-жағар майын да­йын­дап алатын диқандар көк­темгі дала жұмыстарына құл­шы­нып отыр. Табиғат-ана жаң­бырын аямаса, үстіміздегі жы­лы ас­тықтың түсімі аз болмай­ты­нына олар бек сенімді. Дегенмен, азық-түлік мол­шы­лығын жасайтын тек астық қана емес, картоп, көкөніс жә­не майлы дақылдар екенін былтырғы құрғақшылық жыл көрсетіп берді. Тіпті мал ша­руашылығындағы жем­дік ба­заның негізін құрайтын екпе шөптердің де азық-түлік мол­­шылығына қаншалықты қа­тысы барлығын, маңызды екенін құрғақшылық жақ­сы­лап еске сал­ды. Өткен жылы жаң­бырдың аз жаууына бай­ла­нысты картоп шы­ғымы ша­малы болды. Соның сал­да­рынан бүгінде базар бағасы ұшып тұр. Ал қоймада картоп пен көкөністің жергілікті түр­лері мол деп ешкім айта ал­майды. Жыл бойы облыста тұ­тынуға молынан жету үшін 62 мың тонна картоп, 65 мың тонна көкөніс өндірілуі керек. Өткен жылы облыста ша­руа­­шылықтардың барлық түрі 151 мың тонна картоп, 59 мың тон­на көкөніс жинаған. Оның ішінде 25 мың тонна картоп­ты, 11 мың тонна көкөністі арнайы ма­ман­дандырылған шаруашы­лық­тар өндірген. Бір қарағанда, картоп жеткілікті жиналған тәрізді, бірақ азықтың бұл түрін өсірумен арнайы мамандандырылған ша­руа­шылықтар айна­лыс­пай, оның гектарын көбейт­пей молшылық­тың ауылы алыс екені белгілі бол­ды. Об­лыста картоп жақсы өнетін Сарыкөл, Қарабалық, Мең­діғара және Әулиекөл, Таран, Қостанай аудандарында ал­қап тарылып кеткен. Алайда, биыл картоп алқа­бын 132 гектар, көкөніс түрлерін 120 гектар жерге көбейту бүгінгі күн сұранысын өтей алады деу қиын. – Құрғақшылыққа бай­ла­нысты өткен жылы картоп аз жиналды және оның тап­шы­лығы бүгінге дейін білініп отыр. Оған базар нар­қы куә. Біз жедел қабыл­да­ған шаралар облыстағы жағдай­ды түзетті. Облыста алдағы бес жылға арналған бағдарлама картоп пен көкөніс мол­шы­лығын жасайтын болды. Ал­қапты ке­ңейтумен қатар там­шылатып суару техно­логия­сын енгізу, жы­лыжайлар, азықты сақтайтын қойма­лар­дың заманауи құры­лыс­тарын салуды және ұқсату­дың ин­фра­құрылысын дамыту­ды ше­шетін боламыз, – деді об­лыс әкімі Сергей Кулагин. Соңғы жылдардағы құр­ғақ­шылық пен биылғы қыс­тағы жем-шөптің тапшылы­ғы көп­жыл­дық, біржылдық шөп­терге көңіл бөлуге мәж­бүрлеп отыр. Облыста көп жылдан бері кү­тіл­меген ша­бындықтар азып кеткен. Оның үстіне шөп тұқымы да жеткіліксіз. Көп­жылдық шөп тұқымын шы­ғарумен «Қа­ра­ба­лық», «Ар­­қа­лық» ау­ыл ша­­руа­­шы­лығы тәжі­рибе стан­салары мен «Қазақ тұл­пары» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігі ай­на­лы­сады. Дегенмен, бұл жеткілікті емес. Тұқым демекші, ас­тық ал­қаптарының кеңеюі­не бай­ла­нысты биыл 581 мың тонна тұқым қажет. Оның 562 мың тоннасы қолда бар. – Халқымыз қандай қиын­шы­лық жылдарда да қойма­сын­дағы тұқымға ти­ме­ген. Жақсы, сапалы тұқым – келер жылғы мол өнім кепілі. Сондықтан, тұ­қым жеткіліксіздігі болмауы керек. Бұл астықпен қатар, кар­топ­қа, кө­көніс пен көпжылдық шөптерге де қатысты, – деді Сергей Кулагин. Облыстың оңтүстік ау­дан­да­рында бидай үшін 16 мың тонна тұқым жеткіліксіздігі байқа­ла­ды. Алдын ала қарастырылған ша­ра­ларға бай­­ланысты оның ше­­шімі де уақтылы та­бы­лады. Үстіміздегі жылдың көк­тем­гі дала жұмыстарына ди­қандар дай­ындығы жақсы. Қал­ғанын таби­ғат­тың көктен жауар нұры біледі. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.