Үйінде "Балапан" арнасы қосылып тұрған ағайын білуі керек. Күнде кешкілік "Жолаушы мен тасбақа" деген ертегі оқылады. Ойы орамды, тілі жеңіл, бала санасына өте ыңғайлы етіп жазылған осы ертегіні он жастағы оқушы қыз жазған. Жеті жасынан бастап қолына қалам алып, ертегі құрастырып, өлең шығарып, ерекше дарынымен көзге түскен Алтынай Берік Қызылордадағы №267 мектептің 5-сынып оқушысы.
Алтынайдың ертегі жазу стилі де бөлек. Алдымен сурет салады. Сосын салынған суреттің желісі бойынша ертегі құрастырады. Содан соң үйдегі өзінен бөлек алты баланы айналасына жинап алып, жаңа жазған туындысын оқып береді. Ғажап қой, иә?!
– «Ұлан», «Балдырған», «Ақ желкен», «Мөлдір бұлақ», «Ертегілер елінде» секілді газет-журналдарға Алтынайдың жазған дүниелерін үнемі жолдап тұрамыз. Жіберген шығармаларымыздың барлығы редакцияланбай, қалам тимей, сол күйінде жарық көреді. Олардан келген хатта қызымыздың талантты екені, жазуы өте жақсы екені айтылады. «Балапан» арнасының 5-жылдық мерейтойында ертегілер сайысы ұйымдастырылған. Сонда Алтынайдың «Ұқпасқа айтқан сөз жетім» атты ертегісі үздіктер қатарынан табылып, ең жас автор ретінде «Менің ғажайып ертегім» деген кітапқа енді,– дейді ертегіші қыздың әжесі Шолпан Шәріпбайқызы.
Жақында ғана «Балапан» арнасы Алтынайдың тағы да үш ертегісін аттай қалап алған. Алдағы уақытта қазақстандық балалар оның «Түйе», «Қамқорлық», «Наурыз» атты шығармаларын арнадан тыңдайтын болады. Шынашақтай қыздың өлең жазатынын да айттық. Былтырғы Конституция күнінде Алтынай өлең шығарып, оған ізгі тілегін қосып, Елбасының атына хат жолдады. Мемлекет басшысы оқушының хатын үлкен ыждаһаттылықпен оқып, танысыпты. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген ежелгі қағидамен Нұрсұлтан Назарбаев Алтынайға өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабын сыйға тартқан. «Айналайын Алтынай! Талабыңа нұр жаусын! Жақсы оқып, ақылды, білімді, өнерлі қыз болып өс» деген аталық тілегін қоса жазып жіберген.
Алтынай секілді табиғатынан талантты жастарға қамқорлық та ерекше болуы керек. Мұны айтып отырғанымыз, өз қатарластарынан дараланып тұрған қыздың бүгінде қырықтан астам ертегісі бар. Оның сыртында өлеңдері мен әңгімелері бір бөлек. Оларды кітап етіп бастырып, жұртшылыққа кеңінен тартса, пайдасы мол боларына сенеміз. Әкесі қарапайым жұмысшы, анасы жеті баланың тәрбиесімен үйде отырған отбасының бұған шамасы келмейді, әрине. Сондықтан, «бұлақ көрсең, көзін аш» деген принципті ұстанған азаматтар Алтынайға көмектессе, балалар әдебиетіне ғана емес, өз баласының тәрбиесіне де ерекше үлес қосқан болар еді-ау...
Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА