Қазіргі заман талабына сай креативті оқушыға қажетті білімді меңгертудің тиімді жолдары мен әдіс-тәсілдерін іздестіру, яғни сол талапқа сай болу әр ұстаздың міндеті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бізге керегі – шын дарындар», деген сөзі бар. Сондықтан оқушының жеке тұлғасын қалыптастыруда креативтіліктің қандай маңызы барын зерделеп, креативті ойлау қабілетін дамытуды қазақ тілін оқыту мәселесімен байланыстыру оқушының сабаққа деген қызығушылығын арттырады деп ойлаймын.
«Креатив» сөзі адамның шығармашылық дарын деңгейі, шығармашылық қабілеті деген мағынаны білдіреді. Қазақ тілін бастауыш сыныптарда қызыға меңгерген оқушылар жоғары сыныпқа барғанда қызығушылығы төмендей бастайды. Креативті оқыту әдіс-тәсілдерін қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне үнемі қолданып, оқушылардың шығармашылық ізденімпаздығын ескере отырып оқыту арқылы еңбектің нәтижесін көруге болады. Өйткені, жалаң сөз нәтиже бермейді, оқушының зердесіне жетпейді. Сондықтан әдеби туындыны талдаған кезде оқушы өз бетімен шығарманы оқып, зерттеп, зерделеп, іздену жұмыстарын жүргізеді. Осылайша, шығарманы талдауда, қорытындылауда, өз ой-пікірлерін еркін жеткізе алады. Оны оқушыларға шығарма жұмыстарында әдістемелік жағынан дұрыс түрлендіріліп берілген тапсырма арқылы іске асыруға болады. Сонда сабақ үстінде мұғалім тек бағыттаушы және бақылаушы қызметін атқарады.
Заман талабына сай сапалы білім алу мен білім берудің ыңғайлылығын, жүйелілігін қамтамасыз ету мақсатында оқушыларды белсенді әрекетке үйретуде мұғалім соған сай оқыту әдістерін де таңдай білуі қажет. Жүсіпбек Аймауытов «Мұғалімнің айналысатыны – үнемі қозғалып, өзгеріп, өркендейтін тірі адам болғандықтан, біркелкі әдістен табан аудармай, шектеліп қалуға болмайды. Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол – үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер», деп жазған екен. Сондықтан, жаңашылдықты енгізе білу де біліктілік.
Жайна БЕКЕНБАЙҚЫЗЫ,
Больше-Чураков орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
Қостанай облысы,
Алтынсарин ауданы