«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партияның «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» Сайлауалды бағдарламасының «Цирфлық технологиялар-
ды дамыту және мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру» тақырыбына арналған «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мемлекеттік қызметтерді көрсету» бағыты бойынша комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.
Отырыстың мақсаты – «Цифрлық технологияларды дамыту және мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының атқарылуы жөніндегі орталық және жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының ақпаратын тыңдау. Жиынға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исімбаева, осы мәселе бойынша партиялық куратор, Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, сондай-ақ еліміздегі жетекші министрліктер мен ұлттық компаниялардың басшылары мен өкілдері, барлық облыстағы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары мен осы саланы үйлестіретін барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Отырысты ашқан Мұхтар Құл-Мұхаммед биыл екі бірдей тарихи оқиға болғанын, оның бірі Елбасының Үндеуі болса, екіншісі Жолдауы екенін атап өтті. «Біз Астанада отырып, бақылаған жоқпыз. Өңірлерге түгел барып шықтық. Депутаттардың бәрі өздеріне бекітілген өңірлерде болды. Мен де бірқатар облысты араладым. Олардың өкілдері бүгінгі отырысқа қатысып отыр. Елбасының осы екі үлкен тарихи оқиғаға негізделген Жолдауы мен бүгінгі біздің көтеріп отырған мәселеміз бір-бірімен өте байланысты. Тақырыптың өзі де сол Жолдаудан туындайды. Ол «Цифрлық технологияларды дамыту және мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру» деп аталады. Бұл екеуі бір-бірімен сабақтас дүниелер. Әсіресе, Елбасы өзінің Үндеуінде елімізді саяси жағынан жаңғырту мәселесін алға қоятын болса, Жолдауда экономикалық жағынан жаңғырту, жаңа цифрлық технологияға көшу және оны мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық түріне енгізу мәселесін алға қойған болатын. Мінеки, бұл мәселе тек бір ғана министрлікке қатысты емес, бұл барлық министрлікке, барлық мемлекеттік органға, барлық облыстағы тиісті мемлекеттік органдардың облыстық бөлімшелеріне қатысты», деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Жиын барысында Мұхтар Абрарұлы Президенттің Үндеуде технологиялық жаңғыртуды жеделдете жүргізу, сондай-ақ жаңа сапалық деңгейдегі цифрлық индустрияны дамыту туралы міндет қойғанын жеткізді. «Елбасы өз Жолдауында технологиялық жаңғыртуды жеделдету мен цифрлық технологияның тұтас индустриясын жасауды тапсырды. Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жасауды міндеттеді. Біздің ендігі мақсатымыз – осы жоғары технологияны бүкіл еліміздің және әрбір қазақстандықтың игілігіне айналдыру болуы тиіс», деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Ал Дәурен Абаев бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде еліміздің технологиялық дамуына айрықша назар аударылып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, министр ақпараттандыру арқылы мемлекеттік басқару жүйесі оңтайландырылғанын, қызметтердің негізгі бөлігі автоматтандырылғанын, Қазақстанның барлық ірі қалалары жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылғанын, отандық ақпараттық кеңістік цифрлық технологиялар негізінде жаңғыртудан өткенін айтты.
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселесіне қатысты сөз алған Майра Айсина: «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде есеп беретін мемлекетті қалыптастыруда 100-қадамды ең халықтық қадам деп айтуға болады. Себебі, мемлекеттік қызмет көрсетулер азаматтар тіршілігінің барлық саласын қамтиды. Ал қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша алуды Үкіметтің азаматтарға арналған мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады. Бүгінде біз Президенттің мемлекеттік қызметтің бірыңғай провайдерін құру туралы тапсырмасы орындалды деп нақты айта аламыз. Тағы бір маңызды аспект – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қызметтер туралы ақпарат тарату. Біз күні кеше ғана өңірлерде халықпен кездестік. Азаматтар мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесіндегі жаңалықтар туралы хабардар емес екенін байқадық. Сондықтан, ел тұрғындары мемлекеттік қызмет көрсетулер әрбір қазақстандықтың өмірін жақсарту үшін жасалып отырған игілік екенін білуі керек», деді.
Отырыс аясында «Цифрлы Қазақстан» жобасын жүзеге асыруға тек Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ғана емес, Үкімет, Үкіметтегі барлық министрлік пен органдар да жауап беретіні айтылды. Сондықтан, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және әкімдіктердің өкілдері парламентарийлердің сұрақтарына жауап берді.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары кездесуді қорытындылай келіп, тұтастай алғанда, Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігі мен сапасын арттыру бойынша көп жұмыс атқарылғанын айтты.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»