Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауын алғашқылар қатарында қолдап, арнайы мәлімдеме жасаған «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы жаңа дәуір жаңғыруынан жақсылықтар күтеді. Маңызды жобада экономикадағы технологиялық жаңаруды жеделдету, экспортты әртараптандыру, адами капитал сапасын жақсарту, кәсіпкерлікті ынталандыру айрықша атап көрсетілген. Бұл ел ішіндегі серпіліске екпін беретіні ақиқат.
Жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік саладағы тиімді реформалармен қатар, аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыруды міндеттейді. Мұның тиімді қайтарымы болатыны Жолдауда ашық айтылды. Біздің ҒЗИ жұмыс тәжірибесі назар саларлық мәселелер қатарында орман шаруашылығын дамыту қажеттігін алға тартады. Қазақстанда орман тым аз. Жасыл белдеу қорының құрамын негізінен қайың, қарағай, емен, үйеңкімен шектей аламыз. Өсімдіктер әлемінің 17 пайызы ғана ағаш. Оның өзі, көбінесе табиғаттың береген қолымен бой түзеуде. Бұл орайда дендробақтың (түр мен тек қоры) маңызы күшейе түспек. Біз осынау игілікті іспен жарты ғасыр бойы айналысып келеміз. Бірақ, қаржыландыру мәселесі қолбайлау жасауда.
1960 жылы құрылған дендробақтың аумағы 44,3 гектарды алып жатыр. Мұнда өсімдіктің 2 мыңнан астам түрі зерттелген. Бүгінде соның 30 ұялас тармағы мен 95 текті құрайтын 800 түрі сақталып қалды. Жағрапиялық тегін тарқатсақ, дендробақтағы өскіндердің 25,6 пайызы еуропалық, 22,5-і сібірлік, 21,1-і солтүстікамерикалық, 14,4-і қиыршығыстық, 9,2-і жапон-қытай аумақтық, 7,2 пайызы ортаазиялық түп тамырға жатады. Олар ағаштар, бұталар, саялы өскіндер және жартылай бұтақ тарамдары болып, үш дәлізді төрт топқа бөлінеді. Қазіргі күні ғалымдарымыз табиғатпен неғұрлым үйлесімді байланысты қамтамасыз ететін бау-бақша отырғызу өнерінің қайталанбас негізін қалыптастырды.
Дендробақпен қолтықтас орналасқан арборетум мен популетумның құндылықтарымызды еселеудегі орны да өлшеусіз. Табиғаттың қаталдығына қарамастан, осынау 11 гектарлық алқапта аса құнды өсімдіктер жайқалып тұр. Қазіргі сақталғанының өзі 400 түрге жақындайды. Әртүрлі мақсат-тардағы ағаштарды айтпағанның өзінде, дәрілік шөптер, сан алуан гүлдер, саялы бұтақтар, жеміс-жидектердің қатары қалыңдай түскен. Бүгінде Бурабай дендробағына қатысты 150-ден астам ғылыми еңбек жазылып, ұжымдық жинақтармен қатар, 70-ке тарта кітап жарық көрді. Сондай-ақ, оннан астам кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды.
Қорыта айтқанда, жаңа дәуірдің Жолдауы ғалымдар жұмысын жандандыра түседі деген сенімдеміз.
Болат МҰҚАНОВ,
«Ауыл» партиясы саяси кеңесінің мүшесі, Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы
Ақмола облысы,
Бурабай кенті