Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабелеттілік» атты Жолдауына арналған
баспасөз мәслихаты өтті. Оған «Қазақстан Республикасының жергілікті соғыс және ауған соғысы ардагерлерінің одағы» қоғамдық ұйымының төрағасы Шәріпбай Өтегенов қатысты.
Брифингте ол Елбасы Жолдауындағы негізігі басымдықтарының бірі – институционалды қайта құру, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы айтты. «Біз, Ауған соғысы ардагерлері экстремизм және терроризм идеяларын таратуға қарсы мемлекеттік шаралар мен қоғамдық бастамаларды толық қолдаймыз. Осы идеологияның қоғам санасына сіңуіне жол бермеу керек дей отырып, радикалдық ағымдар, ұлтаралық, нәсілдік және діни араздықты насихаттауға қарсы бұқаралық ақпарат құралдары мен бүкіләлемдік ғаламторды қолдануға қатаң шектеу, ақпараттық кеңістікті бақылауды күшейтуді қолдаймыз!», – деді Ш.Өтегенов.
Оның айтуынша, Елбасының жыл сайынғы Жолдауын қолдай отырып, интернационалист-жауынгерлер барлық жерде терроризм мен діни экстремизммен күресуді әрі қарай жалғастыра берулері керек. Осыған байланысты ол мемлекеттік және қоғамдық институттардың тиімді өзара жұмысы үшін Экстремизм мен терроризм идеологиясына қарсы іс-қимыл жөніндегі бірыңғай ұлттық стратегия әзірлеуді ұсынды. «Лаңкестікпен күресу үшін Ауған соғысы мен басқа да әскери шиеленістердің ардагерлерінің қоғамдық бірлестіктерінің рөлін күшейту қажет. Біздің елге олардың беделі мен тәжірибесін пайдалана отырып, радикализм, экстремизм және терроризм идеологияларын насихаттауына жол бермеу керек», – деді ол.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»