17 Ақпан, 2017

Аң-құстың обалына қалмайық

829 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Өңірлерге барып, жергілікті тұрғындармен кездесу барысында жабайы жануарларды, аң-құстарды заңды және заңсыз аулау­дың көбейіп кеткендігі себеп­ті олардың кейбір түр­лері­нің мүлде азайып бара жатқан­дығы туралы деректерді естідік. Бүгінгі күні Қазақстанда ба­лық­тың 104 түрі, құстың 488 түрі және сүтқоректілердің 175 түрі өмір сүреді. Олардың арасын­да сүт қоректілердің 34-і, құс түр­лері­нің 59-ы аңшылықтың негіз­гі нысанасына айналып отыр екен. Алайда, осы жабайы жан-жан­у­ар­ларды қорғау мәсе­лес­­інің жүйе­лі реттелмеуінің және адам­дар­дың қоршаған ортаға келтіріп отыр­ған зиянкес әрекеттерінің сал­дарынан олардың саны азайып, жо­йы­лып бара жатқандығы алаң­датады. Үкімет тарапынан жабайы жануарларды қорғау, олар­дың өсімін қамтамасыз ету жұмыс­тары­ның әлі де жеткіліксіз екен­дігін айтуымыз керек. Ауыл ша­руа­шылығы министрлігінің тек көк­тем кезінде құстар мен жан-жан­уар­ларды атуға уақытша тыйым салу туралы бұйрығы бұл мә­се­лені толыққанды шешпейді. Ресми деректерге сүйенсек, қазір Қазақстанның кейбір қо­рық­­тарында қасқырлар жоқ­тың қасы деуге болады. Кезінде жабайы аң-құсқа аса бай болған Сыр бойында осы күндері қоян, арқар, тауешкі, қырғауыл, жабайы шошқа жойылып кетудің алдында тұр. Жануарлар әлеміне негізгі қауіп-қатерлер адамдар тарапынан жасалып жүрген аңшылық пен браконьерліктің әсерінен болып отыр. Қазіргі таңда, Ішкі істер министр­лігінің деректері бо­йынша, елімізде есепке алын­ған, тіркеліп, пайдаланылып жүрген 247 мың аңшылық қару бар көрінеді. Әлі де болса тіркел­мей, қолда жүрген қарудың бар екен­дігі де жасырын емес. Көп­теген жабайы жануарлар осы фак­тор­лардың зардабынан ауып кетіп жатыр. Сандары да жыл өткен сайын азая түсуде. Хайуанаттар – табиғаттың қайта­лан­бас, генети­ка­лық біре­гей туынд­ысы, олардың әрбіреуін толық­тай құртып алу дегеніміз – табиғаттың баға жетпес сыйы­нан айырылумен барабар. Ластанған су мен ауаны да тазартуға, қал­пына келтіруге болады, ал жойы­лып кеткен биологиялық түрді қайта тудыру, дүниеге қайта кел­тіру мүмкін емес! Сондықтан осы аса маңызды мәселеге ел Үкіметінен бас­тап, қал­ған барлық тиісті мекемелер баса назар ауда­ратын кез келді деп есептейміз. Өйткені, ел экология­сында үлкен рөл ат­қа­ратын жабайы жануарлар мен аң-құстардың санын тиімді реттеу мұқтаждығы пайда болып отыр. Оларды қорғау мақсатында кейбір түрлерін атуға, аулауға кемінде бес жылға дейін мораторий жарияланса, нұр үстіне нұр болмақ. Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Сенат депутаты
Соңғы жаңалықтар