17 Ақпан, 2017

Орынды сауал – оңды шешімдер бастауы

346 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мәжіліс депутаты Сәкен Өтебаев Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев­тың атына депутаттық сауал жолдап, Испанияның «Patents Talgo» компания­сымен бірлесіп, заманауи талаптарға сай жолаушылар вагондарын шығаратын отандық «Тұлпар-Talgo» зауыты жыл сайын 400-ден астам жолаушы вагондарын шығарып жатқанын айта келіп, алайда, Астана мен Алматыдан Орал және Ақтау қалаларына қатынайтын «Тұлпар-Talgo» пойыздары әлі күнге болмай отырғанына өкініш білдірген. Сондай-ақ, депутат Алматы – Семей – Павлодар, Астана – Арқалық, Алматы – Сарыағаш жолаушылар пойыздарының да ескі екендігін тілге тиек еткен. Басқа өңірлерде де осындай жағдайдың бар екенін айта келіп, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-тың жалпы өңірлер бағдарламасын қайта қарап, ескі жолаушылар вагондарын жаңа вагондарға ауыстыру мәселесін қарастыруды сұрайтынын айтқан. Сауалға Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтан мынадай жауап келді: «Қазіргі уақытта қызмет көрсету сапасын жақсарту және жолаушылардың жолда болу уақытын қысқарту мақсатында 13 бағыт бойынша, оның ішінде 2016 жылғы 11 желтоқсаннан бастап Алматы–Астана бағыты бойынша және 2017 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап Алматы – Шым­кент бағыты бойынша «Тұлпар-Тальго» ЖШС вагондарынан жүрдек жолау­шылар пойыздарының қатынауы ұйым­дас­тырылып отыр. Сондай-ақ, 2017 жыл­дың бірінші жарты жылдығында жоға­ры­да көрсетілген вагондардан Астана – Орал және Алматы – Орал бағыттарына пойыз­дардың қатынауын ұйымдас­тыру жоспарланған. Бұдан басқа, ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесін өткізу кезін­де Алматы – Қостанай, Астана – Ақтау, Астана – Атырау, Астана – Шымкент және Астана – Алтынкөл бағыттары бойынша қосымша пойыздарды іске қосу жоспарлануда. Сіздің жазғандарыңызды ескере отырып, жолаушылар вагондарын жаңарту бойынша, оның ішінде отандық өндірістің вагондарынан жүрдек пойыздардың санын арттыру жөнінде жоспарлы жұмыстар жүргізілуде», делінген жауапта. Темір жол қатынасы мәселесіне байла­ныс­ты тағы бір сауалды депутат Кәрібай Мұ­сыр­ман да жасаған еді. Ол Инвести­ция­лар және даму министрі Жеңіс Қасым­бек­ке сауал жолдап, Қызылорда – Көкшетау бағы­тын­да қатынайтын пойыздың бағы­тын Көк­шетаудан Петропавлға дейін ұзар­ту қа­жет­тігін айтқан болатын. Депутаттық сауалда: «Елбасымыздың бастамасымен 2014 жыл­дан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Мәң­гілік Ел жастары – индустрияға», «Сер­пін-2050» әлеуметтік жобалары бойын­ша бүгінгі таңда Петропавл қаласының жо­ға­ры және орта арнаулы оқу орындарын­да еліміздің жұмыс күші артық өңірлерінен келген 1036 студент тегін білім алып жүр. Олар­дың көпшілігі Оңтүстік Қазақстан, Жам­был және Қызылорда облыстарынан. Сер­пін­діктердің өкілдері жуырда бізге келіп, өз­дері­нің әртүрлі тұрмыстық себептермен, сон­дай-ақ, қысқы және жазғы каникулдар кезін­де туған өңірлеріне барып-қайтуы қиын­ға соғып тұрғандығына шағымданды. Өйт­­кені, қазір еліміздің оңтүстік және сол­түс­­тік аймақтары арасында тура қаты­най­тын жалғыз-ақ Қызылорда – Көкше­тау пойызы бар. Бұл пойыз бір кезде Қызыл­орда – Петро­павл пойызы деп аталып, Петропавл қала­сына дейін қатынаған болатын. Алайда, кейін «Петропавлға дейін қатынайтын жолаушылар жеткіліксіз болғандықтан, өзін өзі экономикалық жағынан ақтамады» деген себеппен оның бағыты қысқартылған еді. Енді жоғарыда аталған әлеуметтік бағдар­ламалар алдағы уақытта жалғасын таба­тын­дығын ескерсек, солтүстік және басқа өңірлер арасында пойызбен қаты­най­­­тын жолаушылар ағыны жылдан-жыл­ға ұл­ғая түсетіндігі айқын. Сондықтан да «Сер­пін-2050» әлеуметтік жобасы мен «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы-2020» мем­лекет­тік бағдарламасының тиімділігін арт­тыру мақсатында Қызылорда – Көкше­тау пойызының бағытын Петропавл қала­с­ының темір жол стансасына дейін қайта­дан ұзартуды өтінемін», делінген. Сол сауалға министр Ж.Қасымбектің аты­нан мынадай жауап келді: «Инвести­ция­­лар және даму министрлігі сіздің депу­тат­тық сауалыңызды қарастырып, келесіні ха­бар­лайды: оңтүстік өңірлерден солтүс­тік өңірге тікелей жету үшін темір жол көлі­гіне деген халықтың сұра­ны­сын қана­ғат­танд­ыру мақсатында күнара қаты­найтын Қызы­л­орда – Астана бағытындағы №75/76 жолаушылар пойызының жолын Петро­павл қаласына дейін ұзарту бойынша жұ­мыс­тар жүргізілуде. Бұл, өз кезегінде жол жүру кестесін Ресей тарабымен қысқа мер­зімде келісу және 2017 жылға бөлінген рес­пуб­ликалық бюджет қаражаты есебінен қосым­ша қаржы қарастыру секілді шара­лар­ды қам­тиды. Аталған жұмыстар оң шеші­мін тап­қан жағдайда, Қызылорда – Ас­тана бағы­тындағы №75/76 жолаушылар по­йы­зының жолын Петропавл қаласына де­йін ұзарту жоспарланып отыр», делінген жауапта. Бір қуанарлығы, бүгінде аталған пойыз Петропавлға дейін жүре бастады. Сөйтіп, депутаттардың араласуымен темір жол саласындағы кейбір халық қажетін өтейтін шаралар жүзеге асуда. Әзірлеген Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»