«Егемен Қазақстан» газетінің 30 қаңтар күнгі №19 санында жарияланған Жақсыбай Самраттың «Ақсақалдар әлеуеті: оны қайтсек тиімді пайдаланамыз?» деген арнайы бағандағы мақаласы маған үлкен ой салды.
Мақаланың мән-мағынасы кең, жадында сақтай білген кісіге дара жол, сара бағыт, үлкен үлгі-өнеге деуге әбден болады. Мақала кейіпкері, халық қалаулысы Бектас Бекназаров айтып отырған Құдайберген Оңғаров сынды қариялар ауылдарда жоқ емес, бар. Бірақ, өкінішке қарай, солардың айтар ойына құлақ тосып, соншалық қазыналығын мойындай алатындардың қатары аз. Демек, бұл жерде абыздық пен қазыналық қасиетке ие бола білудің жолын анықтай алатын қариялар мен сол кісілердің айтқан ақылы мен көрегендік сөздерін санасына сіңіре білетін басшылардың әуселесі қандай, мәселе осында.
Ал Пайғамбар (с.ғ.с) жасына келгендердің бәрі қария, бәрі ақсақал, бірақ солардың бәрі бірдей қазыналы қария не болмаса абыз ақсақал ма? Олардың айтып отырған сөзінің мәнділігі мен құндылығы қай дәрежеде? Әңгімелері аталық сөзге тән айбынды, айбарлы, тыңдармандарын еріксіз баурап алатындай ерекше әсерлі де құнарлы ма? Тәрбие, үлгі-өнеге алатындай қасиеті мен қастерлігі қандай? Ойландыратын сұрақтар.
Жалпы, жасы үлкен кісілердің сөзіне қарап, олардың қандай қария, қандай ақсақал екендіктерін жазбай тануға болады. Әрине, құлаққа жағымдысын ұйып тыңдай бергің келеді, жалықтырмайды. «Әй бәрекелді, өзі бір қазыналы қария екен?!» – деп көңілің тояттап, қызыға қарайсың. Бірақ айтып, айтпай не керек, осындай ілуде бір кездесетін ақылман ақсақалдар мен қазыналы қариялардың басын қосып, оларды мұқият тыңдай білетін әкімқаралардың қатары тым азайып барады. Көпшілігінде өзімшілдік, өркөкіректік басым. Қариялардың әлгіндей көрегенділігін бағалай білетін кең өрістілік көбінде жетісе бермейді. Ақылына жүгініп, сол үлкеннің сөзіне құлақ тоса білудің өзі де білімділік пен тәрбие көрген тектілікте жатса керек.
Мен бұл сөзіммен тізгін ұстаған жас басшылар, аудан, ауыл әкімдерін жаппай кінәлаудан аулақпын және, сонымен бірге, сол жас мамандарға ағалық сөзін айтып, солардың өмір жолы мен қызметтік ісіне тура бағыт-бағдар беріп, әділдік пен шындықтың, асығыстық пен албырттықтың ара жігін ашып айтып, керек кезінде ақыл-кеңесін бере алмайтын кейбір қарияларымыздың да осал тұстарын сөз еткім келеді.
Бұдан қаншама жыл бұрын, ауданымызға арнайы іссапармен келген сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, марқұм Асанбай Асқаровтың күллі аудан активі бас қосқан жиында «Мына бірінші хатшыларыңның үстінен арыз көбейіп кетті. Бұл арыздар оның қызметтік ісіне байланысты емес, жеке мінез-құлқы мен ұстамсыздығы жөнінде жазылған. Өйткені, бұл хатшының іскерлігі мен кәсіптік
біліктілігі өте жоғары. Сондықтан да болар, аудан көрсеткіші айтарлықтай дәрежеде. Бірақ амал қанша, оның дөрекілік мінезі таразыны басып кетіп отыр. Оның осындай олқылықтарын бұған дейін көріп-біліп келген не бюро мүшелері, не осындағы жасы үлкен, көпті көрген қариялар бұл кісіге тоқтам айтпаған. Сонда шектен шығып бара жатқандарды тезге сала білер баяғының ақсақалдарының ізбасарлары қайда? Бұлай болмайды ғой», – деген реніш сөзін естігенім бар. Сөйтіп, сол жиында ауданның әлгі бірінші хатшысын орнынан түсіріп кеткен еді.
Содан соң әкімдік жүйе орныққан кездегі мына бір оқиға да осы күнге дейін есімнен кетпейді. Бірде ауданға әкім болып өз жерлесіміз тағайындалды. «Ел басқаратын адам өз арамыздан шықты» – деп бөркімізді аспанға ата қуандық. Бірақ көпке ұзамай әлгі мақтанышымызға айналған жап-жас оғланымыз басқа олқылықтарын айтпағанның өзінде, аналардың әлеуметтік жәрдемақыларына байланысты келеңсіз жағдайларға жол берді. Әкімнің бұл өрескелдігіне төзе алмаған бір топ ана наразылық танытып, дүйім жұртты дүрліктірді. «Мұның қалай?» деп әділ сөзін айтқан бірқатар мекеме басшылары әкімнің қаһарына ұшырап, қызметтерінен кетті. Ал осындай аламан-тасыр оқиғалар бірінен соң бірі орын алып жатқан тұста ауыл ақсақалдары арасынан әлгі әкімге туралығын айтып, ақылға шақырар ешкім табылмады. Керісінше, әлгіндей әділдігін айтқан басшыларды: «Өз жөнін білмей ме?», деп кінәлап, ал әкім балаға: «Тізгін қолыңда, не істесең де ерік те, билік те өзіңде. Керек болса біз сені қолдап, қуаттап, қажет болса құтқарып та аламыз», дегендей қолпаш сөзбен әбден дандайсытып жіберді.
Жоғарыда келтірілген «Ақсақалдар әлеуеті: оны қайтсек тиімді пайдаланамыз?» атты мақаланың авторы айтқандай, бірен-саран қариялардың әлгіндей жағымпаздығы ақыр соңында сол маманның «тамырына балта шауып» тынды. Кейіннен қаладағы басқа бір лауазымды қызмет атқарып жүрген жерінен оның қолына кісен салынып, ана жақта отырып шықты. Менің ойымша, есіл азаматтың осындай ауыр жағдайға душар болуына дер кезінде қариялық ақылын ашық айтып, тура жол сілтей алмаған әлгіндей жағымпаз ақсақалдарымыздың кесірі тиді. Осыған қарап, шіркін ай, ата-бабаларымыздың «Құлды мақтау өлтіреді» деген нақыл сөзі бекер айтылмаған ғой деген ой түйесің.
Рас, қарияларымыздың арасында «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген аталы сөзіміздің қадір-қасиетін жете ұғына білушілік жетісе бермейді. Сондықтан да құрғақ мақтаулар мен жағымпаздықтың жағында жүретін қариялардың қатары баршылық. Бұл жерде жақтау мен құрғақ мақтаудың таразысын тең ұстай білмейміз. Екінші жағынан алып қарағанда, сынның шын болуынан гөрі, өз атына мақтаудың көп айтылғанын қалайтын басшылар да жоқ емес. Әлгі мақалада жазылғандай, мұндай басшылар ардагерлер кеңесі мен билер алқасында өзіне қолайлы ақсақалдардың болуын қалайды.
Жақында өткен ауыл әкімдерінің халық алдындағы есеп беру жиындарының бірінде қашанда әділдіктің сөзін айтып жүретін, көпті көрген, түрлі басылымдарды мұқият оқып, сол оқығанын зердесіне кеңінен тоқып жүретін Ж.Сұлтанбеков деген ақсақалымыз «Әкімдіктегілер соңғы кезде Президенттің ауыл-ауылға барып, ондағы халықтың жай күйімен көзбе-көз танысып қайтыңдар деген арнайы тапсырмасына орай жоғарыдан келген депутаттар мен түрлі ведомство басшыларымен өткізілетін кездесулерге өздерінің санаулы, белгіленген шешендерінен басқа біз сияқты айтары бар бірлі-жарым ақсақалды шақырмайтын, тіптен, бара қалсаң кіргізбейтін тосын мінез танытып жүр», дегенді айтып қалды. Ойға қалдық. Неге? Ауылдың проблемасын ашып айтқанда тұрған не бар? Керісінше, ауылдағылардың қолынан келмейтін ортақ мәселелерге жоғарыдан неге көмек сұрамасқа. Пікір айтып, ой салмасқа? Көптің пікірін тыңдаудан неге қашамыз? Абыз ақсақалдардың құнды-құнды пікірлерін тыңдап, соның ішіндегі керекті деген, пікірлерін өз ісімізде неге кәдеге жаратпаймыз?
Меніңше, абыз ақсақалдар, қазыналы қариялар, ауыл өмірін көріп өскен іскер азаматтар еш уақытта тырнақтың астынан кір іздемейді. Қандай да бір ұсақтық тынытатындай әлсіздікке бармайды. Егер дәл осындай келеңсіз жағдай орын алып жатқан болса, онда қариялылығымызға сын.
Қысқасы, достық рәуіште айтылған шынайы сын, адал ой, таза пікірдің құндылығы қашанда биік екенін естен шығармағанымыз абзал.
Серікбай ТҰРЖАН,
еңбек ардагері
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Бәйдібек ауданы