08 Сәуір, 2011

Елдік туы берік қолда!

556 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Бүгін – ел тарихындағы елеулі күн­дер­дің бірі. Бүгін Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қыз­метіне ресми кірісуіне орай салта­нат­ты Ұлықтау рәсімі – Елбасы инау­гу­рациясы өтетін күн. Бәріміз де тебіреніс құшағындамыз. Тебіренісіміздің басты себебі, әрине, жек­сенбі күнгі сайлаудың ресми жария етілген қорытындылары. Қазақстан Респуб­ли­касы Пре­зидентінің кезектен тыс сай­ла­уы­на қа­ты­сушылар тізіміне 9 200 298 азамат енгізіліп, олардан 8 279 277 адам дауыс берген екен. Яғни, 89,98 пайызы. Сол 8 279 277 адамның 7 850 958-і Елбасымыз Нұр­сұл­тан Назарбаевқа дауыс беріпті. Яғни, 95,55 пайызы. Не айтуға болады? Ғажап көрсеткіш. Ай­тары жоқ. Елміз ғой, шіркін. Ел болған деген осы ғой. Тәубе. Тіл-көзден сақтасын, халықтың мұндайлық біртұтастығы, ел бас­таған азаматын мұндайлық қадірлеп-құр­меттеуі арғы-бергіде сирек шығар. Бұл арада маған: «Неге олай дейсіз, бұрынғы сайлауларда тіпті 98-99 пайыз жақтап дауыс беруші еді ғой?» деп көлгірси қалудың, аңқауси қалудың жөні жоқ. Ол кездегі сайлаулардың қалай ұйымдастырылғанын біз жақсы білеміз. Түс ауғаннан бастап-ақ сайлау учаске­лерінің адамдары тізім бой­ынша келмегендерді анықтап, пәтер-пәтер­ді кезіп кететін, талайына жалынып-жал­пайып, талайын ал­дына салып айдағандай етіп алып келетін. Сөйтіп әкелгенде таңдау мүмкіндігі де жоқ қой. Бюллетеньге бір адам ғана енгізілетін, баламалылық деген ұғым да болмайтын. Кешегі сайлаудың алдын ала қоры­тын­дылары шыққаннан кейін Астанадағы «Қа­зақстан» спорт сарайында өткізілген же­ңім­паздар форумында Президент Нұрсұл­тан Назарбаев сайлауға дауыс беру жа­сындағы халықтың 90 пайызға жуығы қатысуы Батыс үшін сенсация санала­ты­нын айтып өтті. Иә, дәл солай. Кекірігі азған Батыс тұрмақ, демократияға жаңа-жаңа ауыздана бастаған Шығыстың өзінде де жұрттың талайы мемлекет ісіне нем­құ­райды қарайды, саяси самарқаулығын аза­маттық еркіндігінің өзінше бір белгісіндей санайды. Батыс үшін сенсация сияқты сол көрсеткіш біздің елімізде халықтың ел ісін өз ісі деп қарайтындығының, мемлекеттің басты мәселесін – мемлекетті кім бас­қа­рады деген мәселені өзі шешетінін білетін­дігінің, соған араласуды өзіне мәртебе деп бағалайтындығының айғағына айналды. Өзге елдердегі сайлаулар халықты ара-дара етіп, айтыстырып, тартыстырып, жік-жікке, топ-топқа бөліп, әрекеге бастап жатса, біздегі сайлау халықтың басын біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылдырып, берекеге бастап жатты. Ал енді сайлау учаскелеріне келген сол халықтың түгелге жуығы бір адамды жақтауы қалай де­генде де жүрек те­бірентерлік жағдай. Бұл көр­сет­кіштің астарында көп нәрсе жа­тыр. Мұнда хал­қы­мыз­дың тәуел­сіз­дік­тің қаді­рі­не жетуі, басын­да­ғы ба­ғын бағалай білуі, алға тұтқан азаматын ар­дақ­тай алуы, ауызбірлігі, ын­тымағы, елдік іске жұрт болып жұмылғыш­тығы жатыр. Осы арқылы Қа­зақ­стан халқы өзінің жеке басының қам-қа­ре­ке­тінен мемлекеттің мүд­де­сін жоғары қоя білетінін көрсетті. Сан түрлі себептермен жағдайы келіспей жүрген, тіпті бү­гінгі билікке көңілі тол­май­тынын айтып жүрген адамдардың өзі жеме-жем­­ге келгенде сол би­лік­тің ұшар басында тұр­ған Нұр­­сұлтан Назар­ба­ев­қа дау­ыс берді. Неге? Сол адам­дар­дың өзі қа­зір­ше шешімі табылмаған про­блема­лар­ды шеше ала­­тын адам түптің тү­бінде тек қана Нұрсұлтан Назарбаев еке­нін біліп от­ыр. Ел­ба­сы­мыз ел тізгінін қай­тадан қолға ал­ғанда сол мәсе­ле­лерді ерте ме, кеш пе қалайда шешетініне сеніп отыр. Демек, бізді ел халқы­ның кешегі сайлаудағы ай­рықша азаматтық белсенділігі бір қуантса, мем­лекеттің болашақ тағды­рын әлем таныған, мой­ын­даған, құрметтеген тұл­­ғамен – Нұрсұлтан Назарбаевпен ғана байла­ныс­ты­ратын даналығы, кө­ре­ген­дігі екі қуантады. Сонымен, бүгін, қа­си­ет­ті жұманың кү­нін­де біз­дің елімізде Прези­дент­­тің қыз­ме­тіне кірісу рәсімі – инаугурация өт­кізілмек. Былайша қарағанда, инаугурация бү­кіл­халықтық сайлауда қабылданған шешімді рес­ми жария етіп, хаттамалық тұрғыдан тия­нақ­тайтын іс-шара ғана ғой деуге де бола­тындай. Алайда олай емес. Білген адам­ға ел еңселілігінің, мемлекет мәде­ние­тінің бір кө­рінетін тұсы бұл. Қазақ елі өзінің тәуелсіздік тарихында Президент инаугурациясын осы­мен төртінші рет өт­кізгелі отыр. Бұл шара осы жолы Астана­мыздың айшығын аша түс­кен салтанатты, сәулетті ғимаратымыз – Тәу­елсіздік са­рай­ында болмақ. Қарап отырсаңыз ел бас­шысын ұлықтау рәсімдерінің өзі тұрмақ, ұйымдастырылған орындарында да өзіндік бір эволюция бар екен. Ең алғашқы, 1991 жылғы инаугурация Алматыдағы Республика сарайында өткізілген. Ол ғимарат­тың бұрынғы Ленин атындағы сарай екендігі белгілі. Екінші ұлықтау рәсімі 1999 жылы Астанадағы Конгресс-Холл сарайында өт­кі­зілді. Ол ғимараттың бұрынғы Тыңгерлер са­райы екені белгілі. 2006 жылдың ба­сындағы үшінші инаугурация ғана тәуел­сіз­дік тұрғыз­ған ғимаратта – Ақордада өткі­зіл­ді. Енді міне, Елбасын ел болып ұлықтау рәсімі осын­дай оқиға аты да, заты да әбден сай келіп тұрған ғимаратта – Тәуелсіздік сарайында өткізілмек. Осындайда ел өміріне тәуелсіздік алып келген бұл рәсімнің өзіндік сипаты, бол­мыс-бітімі туралы ойға қаласың. Еске мұнан жиырма жылдай бұрынғы жайлар оралады. 1991 жылы Қазақстан Республикасының тұң­ғыш Президентін сай­лау өтісімен біз өзімізде бұ­рын-соңды болып көр­ме­ген оқиға – инаугу­ра­ция­ның дайындығына кірістік. Ол тұста мен Пре­мь­ер-Министрдің орын­ба­­са­ры қызметінде едім. Инаугурация сөзінің ат­ын естігеніміз болмаса, затын көрмеген кезіміз. Жабық қоғамнан жаңа-жаңа шыққалы жатқан­быз, өзге елдерде сай­лан­ған мемлекет басшы­сының ұлықтау рәсімі қа­лай өткізілетінінен ха­барсызбыз. Ол сөз өзі әу баста латынның inauguro – арнаймын дегенінен шығып, кейін ағылшын тілінде inauguration түрі­не ауысып, қызметке кірісу деген мағынаны иеленген сөз екен. Әрине, инаугурация деп аталма­ғанымен, біздің қазақ да­ла­сында да қағанның, хан­ның билікке келуін салтанатты түрде айғақ­тау дәстүрі болған. Тіпті әлемге әйгілі Шыңғыс­хан­ның өзінің ұлы биікке көтерілуі осы далада өт­кен, Семей жеріндегі Шың­ғыстау солай атал­ған деген де сөз бар. Дәл олай болмаған күнде бер­гідегі өз хандарымыздың ұлықтау рәсімдері қалай өткені жақсы мәлім. Зиялы қауым өкілде­рі­нің басын қосып, ақыл­дас­­қанымызда да негізгі ой түйіні Мемлекет бас­шы­сын ұлықтау рәсі­мін­де жаңа құрылып жатқан жас мемлекеттің ұлттық ерекшелігін ай­шық­тап көр­сету керек, со­ны­мен бірге жал­пы­адам­заттық үр­дістер аясын­да дамитын өркениет­ті елдің сипаты да ашылуы жөн дегенге тірелді. Ал енді мұның үйлесімін қалай ету керек? Ойлана келіп, Президент антты ақ киіздің үстінде қабыл­дауы керек, халықтық дәс­түр­мен бата берілуі керек, бүгінгі өрке­ниетті салтқа сай тілек айтылуы керек деп шештік. Осыған тоқ­та­ған соң мен рәсімнің нақты сценарий жо­басын жасауды біздегі бөлім меңгерушісінің орынбасары Сауыт­бек Абдрах­мановқа тап­сыр­дым. Оның кімдермен ақылдасқанын біл­меймін, әйтеу­ір, тап-тұй­нақ­тай етіп дай­ын­дады. Елбасына бата­ны сол тұста жасы тоқсаннан асқан халық ақы­ны Шәкір Әбе­нов берсе, тілек сөзді хал­қы­мыздың көрнек­ті қаламгері, ой­шы­лы Әбіш Кекілбаев айтса деген ұсы­ныс айтып келді. Сөзіне астарлы әзіл араластырып сөй­лейтін әдетімен: «Батаны Абай елінің адамы берсін, тілекті Адай елінің адамы айтсын» дегені есімде. Мұнда да өзіндік ой қисыны бар, әрине. Ұсынысы бірден кө­кейі­мізге қонды. Кейіннен Сауытбек Шәкір ақсақалды бата берерде сахнаға өзі алып шықты. Әппақ ақ киіз дайын­дату­ды мен сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Өмірбек Бәйгел­диге тап­сыр­дым. Сол ақ киіздің үстінде тұрып Президент: «Дана бабалар дәстүрімен осы сал­танатты сәттегі сөзімді алдымен ата жұртыма, қасиетті халқыма арнаймын!», деп бастады өз сөзін. «Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәң­гі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азат­тықты көксеп келе жатқан елі­міздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Ай­қай­лап жүріп ашаршылыққа ұрынып, ұран­дап жүріп ұлт мүддесін ұмытқанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу де болса ес жиып, еңсе көте­ріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақ Республи­ка­сы­ның Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жол­да­ғы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ой­лай­ды, намы­сын жібермейді деп бір ауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғы­сымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін та­рих­тың қай сы­нағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дар­қан еліме, ата-бабаның аруа­ғына сүйене­мін», деп қазақтың қара тілімен төгілдіре, бар­ша­ны тебіренте сөйледі. Елбасын ұлықтау рәсімі халық көңі­лі­нен шықты. Әлі күнге жұрттың есінде жүр­гені де соның белгісі ғой деп ойлаймын. Сол кештегі мына бір жайды бұрын да айт­қан­мын, жазғанмын. Әйтсе де осындай тұс­та еске сала кетуді артық көрмей отырмын. Инаугурация рәсімі аяқталып келе жат­ты. Бәрі де жиналған жұртшылықтың кө­кейі­нен шыққандай болды. Сөйтіп тұр­ған­да... Сол сәтті есіме алсам, әлі де жүрегім атқақтап соға жөнеледі. Иә, сөйтіп тұр­ған­да сахна тө­рін­дегі мемлекеттік ту көз алды­мыз­да қи­сай­ып бара жа­тыр... Кенет, о құдірет, әлгі құлап бара жат­қан туды Президент бір қолымен қағып ал­ға­ны!... Ту сыр­тында тұрған тудың құлап бара жатқанын қалай көріп қалғаны, соны қа­лай ұстап үл­гергені таңғаларлық. Ал енді осы жай адамның ісі ме? Жоқ, бұл жай адам­ның ісі емес. Сол оқиғаның символ­дық мәні бар сияқ­ты бо­ла­ды да тұрады маған. Нұрсұлтан Назарбаев, шынында да, қазақ­тың жығыла жаздаған туын қайта тіктеген азамат. Сол қазақтың қайта тіктелген туын, міне, жиырма жылдан бері аспанымызда желбіретумен келе жатыр Елбасымыз. Елдік туы берік қолда! Бүгін тәуелсіздік тарихының жаңа пара­ғы ашылады. Ол параққа да Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың қолымен жасам­паз­дық­тың жарқын жолдары жазылатыны сөзсіз. Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.