Қазақстан үшін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі – тарих жылнамасына алтын әріптермен жазылатын жаһандық оқиға. Маңыздылығы бойынша оны ең ірі экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы жағынан әйгілі спорттық іс-шаралармен теңестіруге болады. Қазір көрменің ұйымдастыру жұмыстары қызған шағында. Бүгін көрмеге қатысушы елдердің басын қосатын кезекті халықаралық жиында дайындық жұмыстары тағы да пысықталмақ.
Осы шараның қарсаңында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл ЖОШЫБАЕВПЕН әңгімелесудің сәті түсті.
– Рәпіл Сейітханұлы, ЭКСПО-2017 көрмесінің басталуына санаулы айлар қалды. Дайындық жұмысы қалай жүргізіліп жатыр?Астана төрінде қанша мемлекеттің туы желбіремек?
– Шынымен де, көрменің басталуына 4 айдан аз уақыт қалып отыр. Жұмыс қарқынды жүргізілуде. Бастапқыда біз көрмеге кемінде 100 мемлекет пен 10 халықаралық ұйым қатысады деп межелегенбіз. Бүгінгі күні көрмеге қатысушы мемлекеттерді тарту жоспары орындалды. Жоспарланған 100 ел мен 10 халықаралық ұйымнан бүгін 115 ел және 18 халықаралық ұйым қатысатындықтарын ресми түрде растады. 109 елмен қатысу шартына қол қойдық. Ендігі уақытта, олар көрме бойынша өз тақырыптық тұжырымдамаларын әзірлеп, павильондарының ішін жабдықтауға кірісетін болады.19 павильонның кілтін тапсырып қойдық.
Сондай-ақ, қазіргі таңда 84 мемлекет көрме аясындағы өз ұлттық күндерін белгілеп, оны өткізуге дайындық үстінде. Жалпы, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі дүние жүзі елдері көз тігетін Қазақстанның жаһандық дәрежедегі аса ірі жобаларының біріне айналғалы отыр.
– Айтпақшы, бүгін ЭКСПО-2017 көрмесінің халықаралық қатысушыларының жиналысы басталады. Бұл іс-шара не үшін қажет?
– Иә, 22-23 ақпан күндері халықаралық қатысушылардың жиналысы өтеді. Осындай жыл сайынғы іс-шара Астана қаласында үшінші рет ұйымдастырылуда.
Дайындық жұмыстарының қорытындысын жасау үшін біз бүкіл қатысушы мемлекеттердің ұлттық секциясы комиссарларын шақырдық. Жиналыс аясында қатысушылардың назарына жұмыс барысының негізгі бағыттары бойынша тұсаукесерлер ұсынылады, сонымен қатар, олар көрме территориясына барып өз павильондарымен және көрме нысандарымен танысады. Қатысушылардың ұсыныстарын және тілектерін тыңдап алу іс-шараның тағы бір айтарлықтай мақсаты болып отыр.
Сондай-ақ, бұл жиынның ерекшелігі – алғаш рет 100-ден аса комиссарлардың қатысуымен комиссарлар алқасы өткізіліп, олардың ішінен Басқарушы комитет мүшелері және Басқарушы комитетінің төрағасы сайланатын болады. Бұл комитеттің басты мақсаты көрмеге дайындалу және оны өткізу барысында пайда болған мәселелерді жедел түрде шешу болып табылады. Мұнан басқа, қатысу шарттарына қол қоюды, бірқатар екіжақты және көпжақты кездесулер аясында да жалғастыратын боламыз.
– Көрменің үш ай бойына жалғасатынын білеміз. Осы мерзім ішінде көрмеге келушілер үшін қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?
– Көрмеге келушілерді энергетика саласындағы шет елдердің ноу-хау технологияларынан басқа, ірі халықаралық іс-шаралар және мәдени-сауықтық бағдарламалар күтуде. Бүгінгі таңда Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті, Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) білім және технологиялар бойынша бірінші саммиті, энергетика және туризм бойынша министрлердің кездесулері, халықаралық әйелдер форумы және тағы басқа іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, ашылу және жабылу рәсімдерінен басқа әр елдің ұлттық күні тойланады. Барлығы үш ай ЭКСПО-2017 территориясында 3 мыңнан астам іс-шараның өткізілуі жоспарланып отыр.
Менің ойымша, бұл ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатын мемлекеттердің тарихымен және салт-дәстүрімен танысуға тамаша мүмкіндік береді. Концерттер, қойылымдар, жекпе-жек түрлерінен жарыстар, футбол ойындары және тағы басқа іс-шаралар өтеді. Жалпы, көрмеге келген әрбір қонақ керемет әсер алып қайтатын болады.
– Туристердің келіп-кетуі қалай ұйымдастырылады? Мәселен, шетелдік туристер үшін осы жылы визалық жүйе өзгере ме?
– Әрине, шетелдік қонақтардың Қазақстанға келуін жеңілдету мақсатында 2017 жылдан бастап Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер мен Еуропалық одақ және Малайзия, Монако, БАӘ, Мальта мен Сингапур елдерінің азаматтарына 30 күнге дейін визасыз жүйе енгізілді. Жалпы алғанда, әлемнің 62 елінің азаматтары үшін Қазақстанның туристік әлеуетімен визасыз келіп танысу мүмкіндігі пайда болды. Сонымен қатар, 2017 жыл Қазақстанда Қытай туризмінің жылы болып жарияланып, Қытай Халық Республикасымен «ADS» топтық туристік визасы бойынша келісімге қол қойылды.
Осы орайда Қазақстан және ЭКСПО-2017 көрмесі New York Times журналының 2017 жылы баруға ұсынатын үздік 50 елдің рейтингінде орын алғанын атап өткен жөн.
Жалпы, көрмеге еліміздің азаматтары мен шетелдік қонақтарды қоса алғанда 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Осы мүмкіндікті пайдаланып, барша қазақстандықтарды ЭКСПО-2017 көрмесіне шақырамын. Астана төрінде өтетін әлемдік деңгейдегі шараны лайықты атқарып, ел абыройын арттыруға үлес қосайық.
Әңгімелескен
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»