Астанадағы Назарбаев Университетте Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жүргізген талдау-сараптау есептеріне арналған семинар өтті. Бұл есептер аталған ұйымның Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты бағдарламасы шеңберінде дайындалған.
ЭЫДҰ еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесіне «Гендерлік саясатқа шолу», «Ашық Үкімет», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару реформасы: анағұрлым тиімді, стратегиялық және жауапкершілігі мол мемлекет құру жолында» және «Міндеттер мен ресурстарды жауапкершілікпен бөлу: орталықсыздандыру және Қазақстан Республикасындағы көп деңгейлі мемлекеттік басқару» сынды 4 негізгі бағыт бойынша баға берген. Жиынға қатысқан сала мамандары Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының есептерінің аясында мемлекеттік басқарудың сапасын көтеру, орталық және жергілікті органдардың тиімділігін арттыру, ел дамуына қажетті стратегиялық міндеттерге қол жеткізу төңірегінде ауқымды жұмыстар атқарылғанын жеткізді.
Мәселен, жиында сөз алған Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко Еуропа елдері қоғамды демократияландыру жолында бірнеше кезеңді бастан өткергеніне, яғни мықты демократиялық қоғамды қалыптастыру үшін көп уақыт қажет болғанына тоқталды. «Тәуелсіздіктің ширек ғасыры ішінде елді әлеуметтік-экономикалық жағынан жеделдете дамыту үдерісі жүргізілді. Оған Елбасының биылғы Жолдауы мен Үндеуі де дәлел бола алады. Егер, Қазақстан мен ЭЫДҰ әріптестігіне келер болсақ, бір ғана гендерлік саясат саласында атқарылған жұмыстарды айтсақ та жеткілікті болар. Ұлттық комиссияның аталған ұйыммен ынтымақтастық орнатуы ЭЫДҰ-ға мүше елдердің гендерлік саясат саласындағы деңгейлері мен стандарттарына жақындауға бағытталған біздің стратегиялық міндеттерімізге сай келеді. Бұл ретте, еліміз ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін, мықты сарапшылық әлеуетін, заманауи әдіс-тәсілдерін негізге ала отырып, Қазақстанның гендерлік саясатын дамытуға айрықша назар аударып отыр», – деді ол.
Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова мемлекеттік басқару жүйесін реформалау әлемдік стандарт бойынша жүргізілетінін айтты. «Қазақстандағы әкімшілік реформаларды тереңдету үшін Мемлекет басшысы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу туралы ел азаматтарына Үндеу жариялады. Бұл реформа – біздің қоғамды демократияландыру жолындағы кезекті қадам. Біріншіден, бұл – Үкіметті және Парламенттің бақылау функциясын күшейту. Екіншіден, Парламент пен Үкімет арасындағы өзара ықпалдастықты жақсарту арқылы олардың ел тұрғындарымен, сайлаушылармен және билік органдарымен арадағы кері байланысын күшейту», – дей келе, ол бұлардың барлығы ЭЫДҰ стандарттарына толық сай келетінін атап өтті.
ЭЫДҰ-ның Мемлекеттік басқару және аумақтық даму мәселелері жөніндегі департаментінің аға саяси сарапшысы Татьяна Теплова ұйым мен Қазақстан арасында экономика мен даму бағытында тығыз ынтымақтастық орнағанын жеткізді. «Біздің жұмысымыз, әсіресе, мемлекеттік басқару саласында кездесетін өзекті де түйткілді мәселелерге бағытталды. Оның ішінде Үкіметтің ашықтығы, көп деңгейлі мемлекеттік басқару, Қазақстан Үкіметін тиімді және транспарентті ету, гендерлік тепе-теңдікті сақтау секілді тетіктер сараптамалық есептерімізге өзек болды. Бұл есептер 2012 жылы ЭЫДҰ-ның Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты бастаған жұмысының заңды жалғасы іспетті. Ал дәл қазіргі таңда біз Қазақстан мен ұйым арасындағы ұзақ жылғы әріптестіктің белгілі бір оң нәтижесін көріп отырмыз», – деді өз сөзінде Т.Теплова. Оның айтуынша, Қазақстан анағұрлым заманауи мемлекет, жаңартылған мемлекеттік қызмет жүйесін құру жолында маңызды қадамдар жасап келеді.
Бұл күнгі отырыста сөз сөйлеген Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов әлемнің жетекші 35 мемлекетінің басын қосып отырған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, оның мамандарының тәжірибесінің негізінде жасалған ұсыныстар елдің әл-ауқатын жақсартуға, Үкімет пен министрліктердің, әкімшіліктердің жұмысын жандандыруға оң ықпалын тигізетініне сенім білдірді. «Жалпы, кез келген стратегиялық жоспардың шын мәнісінде, саяси құжатқа айналуына күш салу қажет. Соның нәтижесінде, оған мәселен, министрліктердің қызметі негізделуі тиіс», – деді Ә.Байменов.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»