23 Ақпан, 2017

Қостанай облысында боранда қалған 47 адам құтқарылды

346 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қостанай өңірінде ақпандатқан боран ауық-ауық соғып, малдың да, жанның да берекесін алып тұр. Республикалық маңызы бар «Әулиекөл-Октябрь» бағытындағы жолда көлігімен қарға кептеліп тұрып қалған 34 адам құтқарылды. Қардан 22 техника сүйреп шығарылды. Олардың барлығы жолға жақын Қойбағар  поселкесіне жеткізілді. «Сарыкөл-Қарасу» бағытындағы жолда астық тиелген КамАЗ машиналары  қарға көміліп тұрып қалған екен. Олардың жүргізушілеріне ыстық тамақ жеткізілді. Боран үріп тастаған қарға «Ангар – Аркалык» жолы бойында екі жеңіл машина кептеліп қалып, он адам  суықта қалып қойған. Оларды  Солтүстік өңірлік аэромобильді жедел-құтқару отряды бөлімшесінің құтқарушылары Арқалыққа жеткізді. Сонымен  екі күн бойы қар құрсауынан барлығы 47 адам, 24 техника шығарылды. Қазір  құтқарушылар мен төтенше жағдайқызметкерлері барық жолдарда кезекшілік өткізіп, адамдардың үсіп қалмауын қамтамасыз етуде. Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан»