Женевадағы Сирия келіссөздері бір жылдық үзілістен кейін қайта жанданды. 23 ақпанда басталған шарада Сирияда жаңа үкімет құру, жаңа конституция жобаларын дайындау мен елде сайлау өткізу мәселесі қаралуда.
4 наурызға дейін жалғасады деп жоспарланған келіссөздер бұрынғы келіссөздерге қарағанда ауыр өтіп жатқанын айтады қатысушылар. Бұрынғы кездесуде өзара мәмілеге келу мәселесі талқыланса, соңғы рет Астанада өткен қос кездесуден кейін жергілікті ресми билік пен оппозиция өкілдері татуласуға ниетті екенін аңғарта бастады. Жалғыз шарт – Астана процесінде қол жеткізілген келісімдердің бұзылмауы.
Ресей Сирия проблемасының біртіндеп шешіліп келе жатқанын көлденең тартады және жалпы осы бағыттағы жұмыстарға жоғары баға беріп отыр. Орталық Азия елдеріне сапары аясында Алматыға келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде Астананың Сирия дағдарысын реттеуде айтарлықтай қызмет атқарғанын атап көрсетті.
БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы елшісі Стаффан де Мистура да Женевадағы келіссөздердің ашылуы барысында Астана процесін және Сириядағы бітімді нығайтуға қолғабыс еткен Ресей, Иран, Қазақстан және Түркияның күш-жігерін жоғары бағалады. «Астана процесінің бастамашылары – Ресей, Түркия, Иран және Қазақстанға Сириядағы атысты тоқтатуға қосқан үлестері үшін алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Жағдайдың қазір күрделі екеніне қарамастан, ілгерілеушілік бар», деді де Мистура. Оның айтуынша, бұл бастама саяси үдерісті жылжыту үшін мүмкіндіктер «терезесін» ашты.
«Біз бұл «терезені» пайдаланғымыз келеді», деп атап өтті арнайы елші.
Ең бастысы, Сирия мәселесінде негізгі күштер – Ресей, Иран, Түркия елдерінің ортақ тіл табысуы мен Батыстың мәселеге түсіністікпен қарай бастауы аймақтағы саяси дағдарыстың дамылдауына мүмкіндік бергенге ұқсайды. Ал оппозициялық топтың келісімге келуге деген ниеті мәселенің шешім табуына түрткі болуы тиіс. Сарапшылар мұның себебін АҚШ-тың аймақтағы әскери ықпалын азайту бастамасынан іздейді. Президент ауысқаннан кейін Сириядағы Батыс елдері ықпалының бәсеңдеуі өңірдің өз бетімен ортақ сөзге тоқтауына жол ашуда.
Соңғы келіссөзге дейін атысты тоқтату үшін бір үстел басына жиналып келген өкілдердің қазіргі отырысы енді елдің біртұтастығын қамтамасыз етуге бағытталуда. Бұл да сирияаралық келіссөздердің жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді, дейді сарапшылар. Ал қазір өтіп жатқан келіссөздердің нақты нәтижелері туралы кейінірек белгілі болатыны түсінікті.
Бауыржан МҰҚАНОВ,
«Егемен Қазақстан»