28 Ақпан, 2017

Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа бағдарламаға 2,4 трлн теңге бөледі

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысының 14 ақпандағы Жарлығымен бекітілген Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру Жоспары қаралды. Аталған бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 9 қыркүйектегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасы негізінде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан әзірленді, деп хабарлайды ведомстваның баспасөз қызметі. Оның мақсаты – нарықтарда сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен өнімін өндіруді қамтамасыз ету. Осыны баса айтқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Бірінші орынбасары Қ.Айтуғанов Мемлекеттік бағдарламаның 8 міндеті бойынша 134 іс-шараның қарастырылып отырғанын жеткізді. «Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында көптеген позициялар бойынша біздің әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола алатынымыз атап өтілді. Әсіресе, бұл экологиялық таза тағамдарға қатысты айтылды. Бұл үшін ең алдымен, шағын және орта шаруашылықтарды кооперацияларға кеңінен тарту көзделуде», – деп атап өтті вице-министр. Сондай-ақ, Жоспар аясында ішкі нарықты толтыру мен отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту, мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларын тиімді пайдалану, су ресурстары мен жер ресурстарын тиімді пайдалануға жағдай жасау, ауыл шаруашылығы техникалары мен химиялық құралдармен қамтамасыз етуді арттыру, АӨК-ті ғылыми-технологиялық, кадрлық және ақпараттық-маркетингтік қамтамасыз ету жоспарлануда. Жалпылай алғанда, бұларды іске асыру үшін 2,4 трлн. теңге қажетті. Оның ішінде, республикалық бюджет есебінен 1,2 трлн. теңге, жергілікті бюджеттен 852 млрд. теңге, микроқаржылық ұйымдар мен шаруашылық субъектілеріне 306 млрд. теңге қарастырылған. Айта кетейік, Жаңа бағдарламаға көзделген қаражат осы таңға дейін бекітілген республикалық бюджеттің шеңберінде қарастырылып отыр. Яғни, үкіметтен қосымша қаржы талап етпейді. Жоспар жобасының қаржылық бөлігі 21 ақпанда Республикалық бюджет комиссиясының отырысында мақұлданды.