01 Наурыз, 2017

Жапонияның Қазақстандағы елшілігі Сыр өңіріндегі медициналық мекемелерге қолдау көрсетеді

348 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
1 наурыз күні Қызылорда облысына Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кавабата жұмыс сапарымен келді. Ол облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесіп, аймақтағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Кездесу барысында Қырымбек Көшербаев Кавабата мырзаға Жапония Үкіметінің «Шөп тамыры» бағдарламасы бойынша Сыр өңірінің медицина саласын дамытудағы ұзақ мерзімді әріптестігі үшін алғысын білдірді. - Тәуелсіздік алғаннан бері Жапония Үкіметі Қазақстанда 5 487 468 АҚШ долларына 75 қазақстандық жобаны қаржыландырды. Оның ішінде Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған бірнеше жоба бар. Алғаш рет 2000 жылы Қазақстан мен Жапония Үкіметінің келісімдері нәтижесінде құны 3 млн. 800 мың доллар тұратын медициналық құрал-жабдық алуға грант бөлініп, үлкен жоба жүзеге асты. 2003 жылы облыстық балалар ауруханасы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді,- деген  облыс әкімі Кавабата мырзаға алғыс хат тапсырды. Қызылордада Итиро Кавабата облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында болып,  жан сақтау бөліміне 75 мың АҚШ доллары тұратын жаңа  құрал-жабдықтар тапсырды.  Бұдан бөлек, Жапония елшілігі балалар мен жасөспірімдерге арналған туберкулезге қарсы облыстық санаторийді қолдау бойынша тағы бір жоба әзірлеуде.