01 Наурыз, 2017

Ақышев наурызда теңгенің бағамы қалай болуы мүмкін екенін айтты

148 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
2017 жылдың ақпан айында АҚШ долларына шаққандағы теңгенің бағамы 3,5 пайызға нығайды. Ал жыл басынан бері 6,2 пайызға көтерілді. Жалпы, ақпан айының соңындағы теңгенің бағамы 2015 жылдың желтоқсанының екінші жартысынан бергі максималды көрсеткіш ретінде тіркелді. Бұл туралы валюта нарығының ақпан айындағы қорытындысы туралы брифингте Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді. «Теңгенің нығаюына бірінші кезекте мұнай бағасының көтерілуі әсер етті. Қазір мұнай бағасы 55 доллардан асып, сол деңгейге тұрақтады. Жалпы, мұнайдың қымбаттауына ОПЕК ұйымы мен оған кірмейтін өзге де мұнай экспорттаушы елдерінің өндірісті азайту туралы келісімі түрткі болды", - деді бас банкир. Сонымен қатар бас банк басшысы ақпанның екінші жартысында шетелдік валютаға сұраныс пен ұсыныстың көрсеткіші де теңескенін айтты. Дегенмен, бұл уақытша нәрсе ғана екені де айтылды. «Экспорттаушы кәсіпорындар валюталық табыстарының бір бөлігін салық төлеуге жұмсады. Бұл өз кезегінде шетелдік валюта сұранысын арттырды. Нәтижесінде теңге тағы нығая түсті. Ал "салық аптасының" аяқталуымен ақпан соңында теңге аздап әлсіреді. Наурыз айында да бұл қайталануы мүмкін. Дегенмен, теңгенің құлдырауынан мұнайдың қымбаттауы сақтайды", - деді Ақышев.