02 Наурыз, 2017

Айтыстың алдаспаны – ақын Сара

1989 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Шырағым, Сара, сендей тумас бала, Шежіре туармысың мұндай дана. Біржан сал

Қазақта қыз бен жігіт айтысы туралы сөз қозғалғанда кімде-кімнің болсын алдымен аузына түсетін есім – ақын Сара десек артық айтқандық емес. Сахна төріне айтысуға шыққан айтыскер қыздарымыз оның аруағына сыйынып, «апалап» меншіктеп алатындығын айтпағанда, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова Жетісу жеріне келген сайын «Менің пірім – ақын Сара» деп айтып отыратындығын да ел ағаларынан талай естігенбіз.

«Бір теңім болмады ма ұлдан менің»

Арынды Ақсу өзенінің бойын жайлаған елде Тастанбек деген орта шаруаның отбасында Сара 1878 жылы өмірге келіпті. Небәрі үш жасында әкесінен айырылып, он жасар ағасы Сахария және қартайған анасы Жаншөке (Жанөкше) үшеуі ғана қалады. Оларға әкесінің емшектес інісі Жайсаңбек қамқоршы болып, төртеуі тағдырдың жазғанына көніп, ағайынды паналап, күнелтеді. Сол бір күндерді ақын Сара «Құдай-ау, әкемді алдың туа сала, Атан­дық жесір қатын, жетім бала.Тезегін теріп елдің, отын жақтым, Жоқ болып босағамда жалғыз қара» деп бір шумақ өлеңмен өріп береді. Бірақ асылдың сынығы мойымайды. Алладан амандық­тарын тілеп, әр күніне, атқан таңына тәубе айтып, қатықсыз қара суды қанағат тұтып ел ішінде жүре береді. Құдайдың құдіретіне шек бар ма. Тұла бойындағы тума таланты уақыты келгенде жарып шығады. Ен далада тезек тере жүріп айтқан әндерін біртіндеп жусан шауып, суға барған қыз-келіншектердің арасында шырқай бастайды. Тіпті, олардың салған әндерін сол заматында-ақ қағып алып, қайта айтып та беретін зеректігімен де ерекшеленеді. Зерделі қыз арғы-бергіні таразылай келе әрі кәрі шешесін ойлап мұңайып та жүреді. Тұрмыс тауқыметінің ауырлығынан көпшіліктен жырақ қалған жетім қыз енді ел аузына ілініп, жиын-тойға шешесін ілестіре барып, азды-көпті қошеметке бөлене бастағанымен, шерлі жанның көңіл серпілтер сол күндері көпке созылмайды. Азулы ағайыны Арнай болыс Сара­ның кіші әкесі мен бауырының еңбегін жеп ішсе тамаққа, кисе киімге жарыт­паған соң олар жамағайынына өкпелеп, «бір шапағаты тиер ме екен» деген үмітпен Тұрысбек қажының ауылы­на көшіп барып, бір жағын жарға тақап, екінші жағын қамыспен жауып баспана жасап алады. Момын жандар жаңа қоңсыластарына тез сіңісіп кетеді. Бірақ шынжырбалақ болыс­тар өзара сөз байласып тал-шыбықтай бұрала өсіп, ақылына көркі сай болған бойжеткенді құрыққа түсіруді ойластырады. Қолы ұзын жандар арам пиғылына тез жету үшін Жайсаңбекке «бір өгізімді ұрлап сойып алды» деген жалған жала жауып, түрмеге тоғытады. Ал осы оқиғаның алдында ғана Сахария күнкөріс қарекетімен байдың малшыларымен бірге отар-отар қойды қыстан аман алып қалу үшін Ақсудан Балқаш бойына кетеді. Бұл жайттар күнделікті өмір ағымы іспетті болғанымен ақын Сараға тұзақ салудың алғашқы адымы-тын. Негізі, ақын Сараны атастырған Жиен­құл Тұрысбек байдың малшыларын басқарып, жалпы шаруасын дөңгелетіп жүрген, қажының не айтқалы отырғанын емеурінінен-ақ аңғаратын әрі сөзін сыртқа шығармай көңіліндегісін дөп баса орындайтын, әзіл-қалжыңға жүйрік, қу тілді, пысықай жамағайыны екен. Бала кезіндегі құныстан белі бүкір болып, сынықтан бір аяғы шолақтау біткен әрі бет әлпеті де сұрықсыз адам болғандығы да «Жазушы» баспасынан 1985 жылы жарық көрген «Ақын Сара» атты кітапта анық жазылған. Сөйтіп, бай-саудагердің ішкі есебі жүзеге асырылуы үшін ақын Сара 13 жасында өзінен жиырма-жиырма бес жас үлкен, кемтарлығын айлакерлігі жапқан кемтар жанға атастырылады.

«Сан жүйрік ілесе алмас самғағанда»

Негізі Біржан-Сара айтысы 1895 жылдың жазында Жетісу Алатауының бір сілемі Ешкіөлмес тауының бау­райындағы Көшкентал жайлауында өткен екен. Он сегіз жасқа толып, өзгеше өнер­паздығымен елінің еркесіне айналған Сараның нағыз бабына келген кезі болса керек. Тек ішіндегі жегіқұрттай жеген Жиенқұлдан қалай құтылудың қамы ғана алға басқан адымын тежей беретіні бар. Сондай қиналған сәттерде анасы Жаншөке қамыға өксіген қызын жұбатып «Кетесің жылай берсең қор болып, жасып, Қорлықтан құтылмайсың бүйтіп қашып. Онан да құтыларлық жолыңды ізде. Ақылың мен қайратың судай тасып» деген ақылын өлеңмен өрнектеп айтатын көрінеді. Бұл ақыл зерделі жанның ішкі ойын толқыта ширықтыра шабытын шақырар алапат күштің жолын ашса керек. Сараның құлақ құрышын қандыра айтылған пайымды да парасатты жыр шумақтары жұртшылыққа ой салса керек, ақық, моншақ, жібек шәлі, шәйі көйлек, қамзол тігетін қатипа әкеліп беріп көп түкірсе көл болатынын бір дәлелдеп тастайды. Сөйтіп, барды ұқсата алатын ісмерлігімен өз киімін өзі тігіп, белін қынай оқалы қамзол, кеудесіне, басына үкілі кәмшат бөрік киіп сылана шыққанда, нұр төгіле жайнаған жүзін оң жақ бетіндегі мойылдай қара меңі әрлендіре түсетінін көз көргендер айтып, хатқа түсіртіп кеткенін: «Кірі жоқ отыз тісім меруерттей, Ерінбей тіздіргендей адамзатқа-ақ. Мойным сұңғағындай жүзген қудың, Лебізім шырынындай шербет судың. Қаққанда төңкерілген қас бітісім, Ашылған айбатындай жібек тудың» деп, ақын Сара Біржан салмен айтысында өзін суреттеп, толықтыра түседі. Біржан-Сара айтысының бірінші нұс­қасы Қазан қаласындағы Импера­тор­лық университеттің типо-литографиясында 1898 жылы Жүсіпбек қожа Шайқысламұлы жазып алып бастырған алғашқы үлгісімен салыстырылып, түзеті­ліп тасқа басылған. Сол жазба Алма­тыдағы «Жазушы» баспасынан 1985 жылы Сайлаубай Қайнарбаев құраст­ыр­ған «Ақын Сара» атты кітапқа енгізі­ліп, қайта басылса, екінші нұсқасы Зайсан қаласынан Қазан қаласындағы типо-литографиясына 1899 жылы жіберіліп, сол жылы жарық көрген. Бұл кітаптан тыс ақын Сара туралы жарық көрген кітап­тар да баршылық. Сол туындыларды ой елегінен өткізе отырып көкейге бір түйгеніміз, Біржан сал келе жатыр деген дақпыртты алдын ала естіген ел айтысты тыңдауға дайындалса керек. Өйткені, ақын Сара ауылдан саба артып жайлауға жылжыған жеңгелеріне ілесе Тұрысбектің үйіне келгенінде Біржан сал аттан түспей әнін әуелете ақын Сараға бірден тиісе, өлеңін бастап жібереді. Сонда қыз «Кісі екен отыз екі жолаушымен, Ақ үйдің жабығынан көрсем санап» деп тыңдарманын хабардар етеді. Айтыскерлер Арғын мен Найманның жақсы-жайсаңдарын да өлеңге қосумен қатар, қыз назын да ұмыт қалдырмайды. Ең бастысы, Біржан сал ақын Сараны малға сатқан Есімбек пен Тұрысбекті сынай келе қажыға: «Сараны Жиенқұлға бере көрме, Қыз түгіл ер құнына келер шамаң. Бар болса сүйегіңді ойларсыңдар, «Өлі тілін тірі алмас» деп, жалпы жа­­миғатқа, әлбетте, елдің жақсы-жайсаң­дарына елдіктің, азамат­тық­тың белгісін білдіре айтысты түйін­дейді.

Талантқа тағзым

Біржан сал мен ақын Сараның айтысы ел ішіне тез тарайды. Құймақұлақ жандар «Біржан сал былай дегенде, ақын Сара бүйтіп айтыпты» деген дәлелдерін де төгілтіп жүреді. Ел ішінде ақын Сараның басына бостандық беру туралы мәселе өткір көтеріліп, қызу талқыға түсе бастайды. Сонда халық сөзін қолдап Есімбек бай, Мүсәпір батыр, Дубек болыс сынды беделді жандар салиқалы әңгіме қозғауға кіріседі. Түптеп келгенде, ақын Сараның тағдыры бір ғана Тұрысбек қажының қолында тұрады. Әрісі, орыс, өзбек, қытай саудагерлерімен араласа дәулеті тасып, қазақ даласында «Мамания» мектебін ашқан Маман-Тұрысбек тұқымдары ойлана отырып 1896 жылы ақын Сараны сұрықсыз Жиенқұлдан құтқарады. Бұл бақытты ақын Сара бағалай білді. Өмір бойғы арманыма қол жеткізуіме әуелгі кезекте Алла себепші болса, екінші – өнерім деп біліп мойны ұзын, шанағы кең ақ домбырасын қолынан тастамады. Көркіне ақылы сай, ең бастысы, өнерімен өрлеген басы бос бойжеткенге ынтыға дәмеленгендер саны күн санап арта берді. Сый-сияпатқа жеңгелері де, ауылдастары да қарық бола бастады. Мұны байқаған ақын Сара іштей қуанып, «кезінде елім­нен алғанымды өнерімнің арқасында қайтарғаным» деп те бағалады. Ең бас­тысы, өтпелі өмірдің сәттік қуанышына бөгеліп, масаттанбай отау иесі болып, ана атануды ойластырды. Сұңғыла жан жүрек қалауына ерік беріп, өзінен сегіз жас үлкен Бекбай деген азаматқа жар болды. Бұл таңдауды өмірлік қосағының анасы «ақын Сара менің баламның байлығына қызыққанынан емес, тектілігін танып білгендіктен келісімін берді» деп бағалады. Тағы бір баса айтар жайт – ақын Сараның өнеріне жұбайы кедергі келтір­меді. Қайта қошеметтеп ел шақырған той-томалаққа ақын Сараның атын ерттеп беріп, ақ домбырасын алдына өңгеріп ер азаматы бірге баратындығын көнекөздер айтады. Осы өнерінің құрметі ақын Сараның көңілін өсірумен қатар, кезінде тізесін батырған бай-манаптардың да басы­н игізді. Бірақ жанұялық бақыт тағы да ұзаққа созылмай, ақын Сараның қаршадай кезінде тартқан тауқыметінің салдары ма, бір мүшел жасқа толар-толмасында жасалған озбырлықтың әсері ме, әйтеуір, белгісіз ауруға душар болады. Өңірдегі бақсы-балгер, емші, тәуіптердің жасамаған емі қалмайды. Іргелес жатқан Жалайыр елінің жақсы-жайсаңдары Қаратал өзенінің бойына арнайы үй тігіп, балықтың сорпасымен де емдеп көреді. Бірақ шыр айналдырған ауру ақыры ақын Сараны алып тынады. Сөйтіп, 1916 жылы небәрі 38 жасында ақын Сара фәни дүниеден өтеді. Бекбай мен Сара бес перзент көреді. Амал нешік, ерте шетінеген қос ұлдың артынан екі қызы да кетеді. Тек ортаншы қызы Рухияның ғана ұрпағы өсіп, бүгінде аман-есен жүр. Талантқа тағзым ету қазақы құнды­лықтың бірі болып табылады. Десек те, Алаштың арысы Ілияс Жансүгіров те кезінде ақын Сараның аруағына тәу етіп, қара шаңырағын күзетіп қалған асыл жары Бекбай қариямен тілдесіп, ақын Сараның шаң басқан айналы ақ домбырасын ұстап көріп қайтқанын марқұм Тәңірберген Қалилахановтың «Ақын Сара» атты кітабынан оқып, білдік. Ал ақын Сараға арналып жасалған ескерткіш белгі қою мәселесі көтерілгенін сол кезде Талдықорған облысын басқарған отырған Әріпбай Алыбаевтан естіген Дінмұхамед Қонаев бірден «Ақын Сараға ескерткіш белгі орнатылсын» деп шешім шығарғанын да мұрағат құжаттары растайды. Бүгінде Талдықорған қаласында және Ақсу ауданында (екі жерде) ақын Сараның ескерткіші қойылған. Ал Алма­ты – Өскемен күрежолының бойында пано іспетті ақын Сараның домбырасын, өмі­рін бейнелеген ескерткіш-белгі қалай екені белгісіз бұзылып, топыраққа көміл­ген.

Мәскеуде қалған мүсін

Ақын Сараның бейнесін ең бірінші болып салу бақыты архитектор, мүсінші Маргарита Ващенкоға бұйырыпты. Тың игеру кезінде Қазақстанға келіп, бертінде Шоқан Уәлихановтың ескерткішін салуға қатысқан мүсінші ақын Сараның ауы­лында апталап жатып оның көзін көрген адамдардың айтулары бойынша бей­несінің эскиздерін сан мәрте жасап, толықтырып, өзгертіп түбінде ауыл ақса­­қал­дарының, жалпы, елдің құп­тауы­мен жұмысын бітіріп, тиісті ресми орынға бекіттіреді. Сол суретті негізге ала ескерткіш те сомдалады. Кезінде белгілі қайраткер Алтынбек Сәрсенбаев мүсінші Маргарита Ващенконың Мәскеу­дегі үйінде болып «Лениншіл жас» га­зетінде «Сара бейнесінің жасалуы» атты мақаласын жариялапты. Мақаладағы «Өзіңіз де түсінерсіз. Қазақстаннан кет­­ке­німе де біраз жылдар болып қалды. Уақыт та есесін жіберер емес. Мен жасаған мына Сара мүсіндері (олар мүсінші үйінде бірнешеу) кейін қараусыз қала ма деймін. Ақын ауылы­нан, мектебінен мүсінді аламын деушілер болса, тегін-ақ берер едім... Жақында Маргарита Маркиановнадан хат алдық. Хатының соңында «Сара мүсінін сұраушылар бар ма екен? Біле алдыңыз ба? депті деген жолдар назар аударарлық. Тағы бір құнды дерек, ақын Сара туралы құн­ды мәліметтерден мұрағат жасап қал­дырған Ақсу ауданының тұрғыны Амантай Смағұловтың қызы Гүлнәрдің Мәскеудегі Маргарита Ващенконың қызы Гелия Тимофеевнадан алған хатындағы «М­енің қолымда ақын Сараның майлы бояу­­мен салынған көлемді портреті бар. Егер достарыңыздың жолы түсіп жатса, те­ле­­­фон соқсын, ақын Сараның портретін қуа­на сыйлаймын» деген жолдар болып тұр. Р.S. Таяуда Талдықорғанда ақын Сараның қайтыс болғанына 100 жыл толуына байланысты ас берілді. Оны танымал тележурналист Нұртілеу Иманғали ашып, салиқалы сөзімен қазақы біртұтастықты сақтайтын игіліктің жалғасуын нықтап, тың тұжырымымен елді ұйыта білді. Осы басқосуда келер жылы ақын Сараның туғанына 140 жыл толатындықтан жазиралы жайлауда Үш жүздің басын қосатын дүбірлі ас берілетіндігі хабарланды. Мүмкін, сол асқа дейін ақын Сараның Мәскеудегі мүсіндері мен портреті алғызылар. Бұйырса, оларға да орын табылар. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы