Былтыр ғой. Қазақстан құрамасының бас бапкері тағайындалатын болды. Алып-ұшып, футбол қауымдастығының ғимаратына бардық. Көп ұзамай қаздай тізілген үшеу тілшілер отырған бөлмеге кіріп келе жатты. Ортада – Талғат Байсүфинов. «Ақжайықтың» бас бапкері енді ел құрамасын баптайды, шамасы. Солай екен. Сөз берілгенде Талғат Маруанұлы толқысын. Тіпті жанарынан тамшы жас домалап түсті. Абынып барып, айтарын жеткізді.
– Мынау қызық болды ғой. Толқығанымды айтамын. Мұндайым жоқ еді. Жауапкершілікті сезінгенім шығар. Сенімді түйсінгенім болар. Өзге ештеңе айта алмаймын. Білетінім, бүкіл жан-дүние, болмыс-бітімімен ел футболының өркендеуі жолында қызмет етемін. Қалғанын жұмыс барысында айта жатармыз.
Төрт-бес сұрақ қойылды. Жауап қайтарылды. Біздің көз алдымызда әлгі тамшы жас. Таныстыру рәсімі аяқталғаннан кейін қасына бардық. Әлі өзіне келмеген. Күледі.
– Шынында да қызық болды ғой. Не үшін толқыдым? Өзіме де жұмбақ. Әрине, алда көп жұмыс күтіп тұр. Жер әлемнен ойыншы шақырып, құрамаға тартуға болады ғой. Бірақ, оның керегі шамалы. Сенім дегеннен шығады, біздің елде де сенім артсаң ұятқа қалдырмайтын футболшылар бар. Алдымен соларды тартайық. Соларға мүмкіндік берейік. Мүмкін, біз күткен футболды ұсынар. Жауапкершілікті сезініп тұрмын. Ұятқа қалмау керек. Мені осы жағы қатты мазалайды.
– Көмекшілерді жақсы таңдапсыз...
– Нұркен Мазбаев болсын, Андрей Ферапонтовты алсаңыз да, тек жақсы қырынан танылған мамандар. Юрий Новиков туралы да осындай ойдамын. Егер Ұлттық құрама ел көңілінен шығып жатса, бәрімізге де абырой емес пе?
Солай екені анық. Солай ғой енді. Арада күндер өтті. Байсүфинов сенім артқан жігіттер Әзербайжанмен кездесті. Белекте. Мақсат Байжанов соққан гол мерейімізді үстем етті. Мәселе жеңісте де емес еді. Қазақстан құрамасы жігерлі команда екенін аңғартты. Намысқа шабатынын паш етті. Ең бастысы, ойын-өрнегіне қан жүгірді. Арада үш күн өткенде, яғни 2016 жылдың 29 наурызында Грузияға барды. Испанияның өзін ұтқан грузиндер азуын айға білеген. Қазақстан қақпасына қалауынша гол соғатынын айтып та үлгерді. Бірақ ойын өзгеше өрбіді. Азат Нұрғалиевтің айы оңынан туып, матч тағдырын шешкен жалғыз голды өз есебіне жазды. Қазақстан құрамасынан іш тартып қалған қалың жанкүйердің жүздері жадырап сала берді. Қытай барды. Тағы да жеңіс. Әлгі Азаттың голы жұрт есінде болар. Тамыз айының соңындағы Қырғызстан сапары қынжылтты. Бірақ, төрт күннен кейін Польшамен ресми ойын күтіп тұрған. Әлем біріншілігінің іріктеу матчы.
Қыркүйектің төрті ел футболындағы елеулі датаның біріне айналатынын кездесу алдында ешкім сезген жоқ. Айтпақшы, сезгендер бар. Бірі өзіміз. Түсіру тобы «Астана-Аренаға» шығып бара жатқанда айтып салдық. «Бүгін Польшаң үш ұпай ала алмайды». Себеп көп еді. Ең бастысы, ойынға бір күн қалғандағы бас бапкердің сөзі. Жұрттан қалқалай беріп, былай деген: «Менің сыналар шағым келгенін білемін. Шәкірттерім сыралғы ғой. Көп сөйлестік. Тыңғылықты дайындалдық. Тіпті Бішкектегі быт-шыт ойын да өз әсерін тигізеді. Жақсы жағынан. Қалғанын матчтан кейін айтармыз». Жүзі нұрланып тұр екен. Қолымызды қысты. Өзіне деген, жігіттеріне деген сенім байқалып тұрды. Түнімен ойландық. Таң атқаннан тағы да сарап жасаймыз. Қисынға аз келеді. Польша өткір команда ғой. Кедергіні бұзып-жаратын екпіні тағы бар. Ең бір бабына келген шағы. Құрамында кіл мықты. Біздер қалай төтеп береміз?
Төтеп береді екенбіз. Польша екі гол ұзап шыққанда білдік. Жігіттер жасыған жоқ. Қайта, қарсыласының апшысын қуырды. Роберт Левандовскийдің жүйкесі тозды. Тоздырған біздің Елдос Ахметов. Байжанов жігіт екен. Бауыржан Исламханның да ойыны жүрді. Сергей Хижниченко әдемі ашылды. Жеткен допты қақпаға бұрады. Үзіліске дейін де шабуылды үдеткен Байсүфинов шәкірттері екінші таймда екі гол соғып, таразы басын теңестірді. Бәріміз қуаныш құшағындамыз. Көрермен де, жанкүйер де. Тілшілер де. Ойын соңындағы баспасөз мәслихаты басталар шақта мынадай көрініс орын алды. Талғат Маруанұлы бері беттегенде бүкіл тілші дүр етіп, орындарынан тұрды. Алақан қызарғанша қол шапалақтап, қошамет көрсетті. Талғатқа қараймыз. Жымиып күлді. Сосын ернін тістеп тұрып қалды. Жанарынан тағы бір жас домалап келе жатыр екен. Отырды да әңгімесін бастады.
– Кураж деген бәле бар емес пе. Соны ұстап алдық. Жібермедік. Шынында да еңбек жігіттердікі. Ойнады. Польшаның мықты екенін білді. Білді де өздерінің де қолдарынан бірдеңе келетінін дәлелдеді. Қазір сөйлеу қиын соғып отыр. Кеудені бірдеңе тырмалайды. Не екенін ұқпадым.
Ұғып тұрдық. Мақтаныш та адам көңіліне әсер етеді. Өзімен емес. Өзі сенім артқан шәкірттерімен мақтанып тұрды, Маруанұлы. Мақтанатындай бар еді. Азуы алты қарыс қарсыласты тұсады. Дүние жүзінің басылымдары «Астанадағы сенсация», деп айдар тағып, матч туралы жарыса жазып жатты. Байсүфиновті зерттеп, жеті атасына жеткендер бар. Қысқасы, қазақ футболының қайта өрлеген күні еді ол.
Подгорицаға жол түсті. Қазақстан жергілікті құрамамен кездесті. Ойсырай ұтылдық. Матч соңындағы баспасөз маслихатында бір топ қазақ журналистері бас бапкерді ортаға алдық.
– Мен ойын алдында көп ойландым. Не істеу керек? Черногория өз алаңында ешкімге дес бермейді. Бұйырса, тоғызы қайтамыз. Оны жетеміз. Он бірі күні Румынияға қарсы ойнау керек болады. Сосын негізші ойыншыларды келесі кездесуге алып қалуды жөн көрдім. Алаңға шыққандарға өкпем жоқ. Шамалары келгенше ойнады. Дене бітімі және қара күші жағынан қарсылас мықты болды. Күшіміз жетпеді.
Ашу қысып отыр еді. Бәрімізді. Есікке беттеп бара жатқан Талғат бапкер кенет кері бұрылып, қасымызға келді. Жеткен бетте қапсыра құшақтап алды.
– Бәрін түсінемін. Менің де өзегім өртеніп барады. Әбден басым қатты. Бұл ойында барымызды салып, тауысып алсақ, өз алаңымызда тауымыз шағылса не болады? Жұрт түсіне ме? Ойыншылардың, сапалы ойыншылардың саны тым аз болып тұр ғой. Тағы да айтайын, анадан тартып, мынадан сұрап талайларды тартып алуға мүмкіндік бар еді, бірақ олар біз күткен деңгейде доп тебе ала ма? Жүректеріңе жүк түсірдік, жүйкелеріңе әсер еттік, алдай мынаған сенші. Бұйырса, Астанада Румыниядан ұтылмаймыз. Меніңше, сол маңызды.
Бұрылып, есікке беттеді. Көзінен тамшы жас үзіліпті. Ненің жасы екенін ұға алмадық. Ертесі түнде елге жеттік. Оны күні жаттығу болды. Румыния құрамасы Ереванда Арменияны 5: 0 есебімен ұтып, айдарынан жел есіп келген. Баспасөз мәслихатында әжуа басымдық алды. Румын тілшілері Кристоф Даумнан сұрайды келіп: «Қазақстан қақпасына неше гол соғасыздар?». «Жеңіске оңай жететініңізді білеміз. Бірақ сол гол санын айта аласыз ба?». Осы мәндес сауалдар қарша борады. Даум да мақтаннан қашпайды-ау. Күліп отырып, жауап берді. Қайта-қайта бес гол соғу оңай еместігін алға тартты. Ұпайдан шашау шығармайтынын айтты. Үндемедік. Талғатты тыңдадық қой. Үмітін үркітіп алмайық. Келесі күні матч өтті.
Ойыншыларды жас балалар жетектеп шығады ғой. Түнде ауа суып кете ме, бала біткен жаурап бара жатты. Енді екі елдің әнұраны ойналуы тиіс. Балалар бүрсең қағады. Соны көрген Самат Смақов жейденің үстінен киген жеңіл күртешесін шешті де, өзін жетектеп келген баланың иығына іле салды. Капитанның әмірін естігендей өзгелері де жалма-жан балаларды қамқорына алды. «Астана-Аренаның» іші жылып сала берді. Мұндай команданы ұту мүмкін емес қой! Мың жерден Румыния болсаң да. Қайта Қазақстанның шабуылы өткір екен. Әттең, ұрымтал тұста гол соға аламдық. Кешегі күлкіге тұншыққан ба, румындардың құты қашып, қорғаныста уақыт өткізді. Бес гол қайда, есеп ашудың өзі мұңға айналды. 0:0. Мачтан кейін Байсүфиновті тыңдадық.
– Тең түсу де жетістік шығар. Бірақ жеңіске жақын тұрдық. Нәтиже көңілден шықты демес едім.
Ай бұрын жолықтық. Әлдебір шаруамен федерацияға барғанда. Ғани Қайназаров бар, Нұркен үшеуі үлкен үстелге үш бұрышынан төніп тұр екен. Қобыраған қағаз. Қалам бас бапкердің қолында. Үлкен жоспар жасалғаны байқалады. Таңдалған тактика ма, ойыншылар тізімі ме. Әлдебір зерттеулердің нәтижесін де көз шалды.
– Жақсылап бір сөйлесу керек еді. Сұхбат алып.
– Біз дайынбыз ғой. Қазір үшеуміз осындамыз. Ұлттық құраманың болашағы ғой. Жақсы жоспар жасадық. Даму жолы. Команданы көктемде жинаймыз. Жігіттер қазір оқу-жаттығу жиындарында жүр. Мәлімет алып отырмыз. Былтырғы олқылықтарды анықтадық. Енді бір саты көтерілуіміз керек қой.
– Бәрекелді! Тек алға самғаңыздар.
– Ортақ шаруа, тілшілер де сырт қалмауы тиіс. Ойынды сіздер талдасаңыздар, қателіктерді көрсету керек. Сонда өсеміз.
– Түсіндік, Талғатжан, үнемі назарда ұстаймыз.
Талғаттан тізгін кетіпті. Қазақстан құрамасын енді Александр Бородюк жаттықтыратын болды. Бір жыл бойы ұлттық құрамада жұмыс істеген, командаға өзіне рең берген, өзіндік талап қойған Талғат Маруанұлы үш жүз күннің ішінде кемі үш жылға татитын нәтиже көрсетті. Бәрі есте. Әуелі өзіміз сіңіріп алайық. Атқарған шаруасын сонан соң талдармыз.
Амангелді СЕЙІТХАНОВ,
журналист
АСТАНА