Әрбір өнер адамының өз әлемі болады десек, суретші Табылды Мұқаттың әлемі өзгеше сыршылдығымен, не мұңға, не шаттыққа шүпілдеп толып тұруымен тәнті етері анық. Бұл ерекшелік оның ақынжандылығымен астасып, сол бір кіршіксіз тұма бұлақтан тамыр тартқан дер едік.
Нарын құмының қақ ішіндегі ауылдан алпысыншы жылдардың ортасында арман қуып Алматыға жеткен бозбала көз алдымызға келеді.
Суретшінің Көркемсурет училищесін тәмамдаған кездегі жастық жалынымен өрілген графикалық топтамаларында туған жер, ондағы салт-дәстүрлерді сабақтаған жанына жақын тақырып көрініс тапты. Львовтағы Полиграфикалық институтты бітіргеннен кейін де осы тақырыпты тереңдеп қаузады.
Табылдыны өткен ғасырдың 70-80-жылдарында дәуірлеген қазақ кітабының бағына келген суретші деп те айта аламыз. Қазақ полиграфиялық сурет өнерінің алғашқы қарлығаштарының бірі. Ол сол кездерде «Жазушы» баспасының көркемдеуші редакторы бола жүріп, осы саладағы майталман әріптестері Кәрім Бекенов, Исатай Исабаев, Бақыт Машраповпен бірге кітап безендіру ісінің отымен кіріп, күлімен шықты. Бір өзі 500-ге жуық кітапты безендіріп, иллюстрациялық суреттермен айшықтап, мұқабаларын көркемдеді. Қазақтың небір айкөл ақындарымен, айтулы жазушыларымен күнбе-күн жүздесіп, пікірлесіп, қоян-қолтық жұмыс істеді.
Суретшінің дүниені ыстықтай қауып, сәби көңілімен қабылдауы керемет. Әрбір шығармасының жеріне жеткізілген мұқияттылығы – үлкен талғамның айғағы. Тағы бір ерекшелігі, суретшінің сұңғаттық және графикалық картиналарынан адамды толқытып-толғандыратын сазды әуен шалқитындай әсер қалдырады. Осылайша, Табылды Мұқат бірте-бірте, құдды сиқырлы ертегілер еліндегідей, майлы бояулар дүниесінің есігін айқара ашып еді.
Иә, палитрасы бай суретші кенебіндегі майлы бояуға жан бітті. Ендігі жерде оның жан сырын көбірек тербеген картиналары әлдебір көңіл түкпірінен жеткен күрсіністей, кейде бір шуақ шаша себездеген күн сәулесіндей, көкірек күйін қозғап оятқан сиқырлы сыбырдай әсер етті. Ішкі драма, иірімді психология, этнографиялық колорит – бәрі осында дерсіз. Осыған сай тақырып ауқымы да кең. Осы ретте Табылды картиналарының сезімі күшті, бояуы қалың экспрессионизмге бейім тұруы оның шығармашылығының ерекше мұратын, ізгілігін танытады. 200-ге тарта туындыларында ұстанған темірқазық бағдары да осы.
Шағыл құмнан шабыт алған, сезім мен бояуды қиыстырған, бүгінде жетпістің жотасына шыққан сұңғыла суретшінің «Құмдағы құдық», «Шағылдағы бәйге», «Қайран Нарын», «Қараша інгенді сауу», «Қорқыт пен Асан қайғы», «Ақындар», «Жусаған жылқылар», «Суат басында», «Бауырсақ пісіріп жатқан әйел» және басқа ондаған картиналарынан туған елін сүйген жүректің тынымсыз дүрсілін, шынайы жан сырларын көреміз. Көреміз де қуанамыз, ойланамыз. Бұл да Табылды суретшінің ақынжандылығынан тамыр тартып жатыр-ау...
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»