Сенатта мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі конституциялық реформалар жобасы бойынша Жоғарғы Сот және Бас прокуратура басшылығымен кездесу болды.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай конституциялық реформалар аясындағы соттар мен прокуратура қызметінің негізгі бағыттарын талқылау тақырыбы екенін атап өтті.
Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева сот жүйесінің қызметін жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныс айтты. Атап айтқанда, Жоғарғы Сот судьяларға қойылатын талаптар Конституциялық заң деңгейінде бекітілгені орынды деп санайды. Сондай-ақ, судьялыққа үміткерлердің ең төменгі жасын 25-тен 30-ға дейін көтеруді ұсынды.
Қазақстандағы Ұлт жоспарын іске асыру аясында үш деңгейдегі сот төрелігі жүйесі енгізілді. Осыған байланысты Конституцияда жергілікті және басқа соттарға қатысты Жоғарғы Соттың кассациялық инстанция міндетін жүзеге асыратыны көрініс табуы тиіс. Ата Заңның 81-бабына тиісті өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Одан басқа, А. Қыдырбаева «Астана» халықаралық қаржы орталығы сот жүйесінің қызметін реттейтін түзетулерге де тоқталды.
Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель өз сөзінде билікті қайта қалыптау жағдайында прокуратура қызметінің конституциялық негіздері де нақтыланатынын атап өтті. «Прокуратура тежемелік пен арасалмақ жүйесінде Конституцияның мызғымастығы мен адам мен азамат құқықтарының кепілі – Президенттің құралы болып қала береді, дегенмен, қадағалаудың шегі мен сипаты заңмен белгіленеді», – деді И.Меркель. Ол енгізілетін өзгерістер прокуратураның конституциялық өкілеттіктерін азайтпайтынын атап өтті.
Прокуратураның жекелеген өкілеттіктерін биліктің сот тармағына беру де ұсынылып отыр. Одан басқа, прокуратура Конституцияда бекітілген мемлекет мүддесін қорғау қажет болатын істермен шектеліп, жеке дауларға қатысты азаматтық істерге қатысуын қысқартуды жалғастыруға ниеттенуде.
И.Меркель Бас прокуратураға Конституциялық кеңеске дербес үндеу жасау құқығы берілуі, сондай-ақ, прокуратураның мәртебесі мен өкілеттігін Конституциялық заң деңгейінде белгілеу туралы сенатор Рашид Түсіпбековтің ұсынысына қолдау білдірді. «Конституциялық заңда жоғары деңгейде қадағалау жүргізетін конституциялық орган ретінде прокуратураның рөлін атап өту дұрыс деп санаймыз», – деді Бас прокурордың бірінші орынбасары.
Сенат депутаттары Рашид Түсіпбеков, Дулат Құсдәулетов, Дархан Кәлетаев, Людмила Полторабатько, Манап Көбенов Конституцияға және басқа да заңнамалық актілерге ұсынылатын өзгерістер туралы өз ойларын ортаға салды.
Шараны қорытындылай келіп, сенатор Серік Ақылбай пікірсайыс барысында айтылған ұсыныстар конституциялық реформаны іске асыру жөніндегі заң шығару жұмысы барысында ескерілетінін айтты.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»