02 Наурыз, 2017

Спорт түрлері саралау жүйесімен қаржыландырылады

235 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен төменгі палатаның жалпы отырысында алты мәселе қаралды. Оның ішінде ең негізгісі – Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы таныстырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Баяндамада мәлімделгендей, бұдан былай елдегі спорт түрлерін қаржыландыру тетігі саралау жүйесі арқылы іске асырылатын секілді. Отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасы депутаттарға алдымен жаңа әріптестері Серік Сәпиевті ресми түрде таныстырды. Одан кейін күн тәртібі нақтыланып, бес заң жобасына қатысты қорытынды әзірлеу жөнінде арнайы қаулы қабылданды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтас­тық туралы келісімді ратификация­лау туралы» Заңға және «1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасы­ның Үкіметі мен Ресей Федерациясы­ның Үкіметі арасындағы темір жол көлігі кәсіпорындарының, мекемелері мен ұйымдарының қызметін құқық­тық реттеудің ерекшеліктері жөнін­дегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде баяндама жасады. Сондай-ақ, баяндамашының «2012 жылғы 11 мамырдағы Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының Үкіметі мен Қырғыз Рес­пуб­лик­асының Үкіметі арасындағы Қазақ­стан Республикасы азаматтарының Қыр­ғыз Республикасы аумағында және Қыр­ғыз Республикасы азаматтарының Қазақ­стан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы хатта­маны ратификациялау туралы» және «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы реадмиссия туралы келісімді және Қазақстан Республикасының Үкі­меті мен Қырғыз Республикасының Үкі­меті арасындағы реадмиссия туралы келі­сім­ді іске асыру тәртібі туралы атқару хатта­масын ратификациялау туралы» заң жобаларына қатысты сөйлеген сөзінен соң, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иқсанова «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қорытынды әзірлеу қажет етіліп отырғанын айтты. Сөй­­тіп, отырысқа қатыс­қан депутаттар та­рапы­нан жоғарыда атал­ған заң жоба­лары­на қатысты қаулы бірауыздан қабылданды. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен әзірленіп, Мәжілістің жалпы отырысында алғаш рет таныстырылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын министр А.Мұхамедиұлы егжей-тегжейлі баяндады. Аталған заң жобасы Дене шынық­тыру мен спортты дамытудың 2025 жыл­дарға дейінгі тұжырымдамасына және ел Үкіметінің заң жобалау жұмыстары­ның жоспарына сәйкес әзірленген­дігін тілге тиек еткен баяндамашы, мұн­дағы мақсат спортты қаржыландырудың қолданыстағы жүйесін жетілдіру болып табылатындығын баса айтты. Сондықтан да, спортты қаржыландыру бойынша ұсынылып отырған заң жобасындағы жаңа үлгіде Қазақстан үшін перспективалы болып келетін және қазақстандық спорт­шылар халықаралық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізетін спорт түрлерін республикалық және облыстық деңгейде тиімді қаржыландыруды қамтамасыз етуге басымдық берілмек. Сол себептен, мұнда Ұлттық олимпиада комитетіне дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік тапсырысты алу және оған қатысу құқығын беру көзделеді. «Бюджетті айқындаған кезде спорт түрлерін саралау тетіктері ескерілетін бола­ды. Ал осы саралау көрсеткіштеріне халық­­аралық жарыстардағы спорт жетіс­тік­тері, спорт түрінің ұлттық-мәдени «дәс­түрлілігі», кадрлық әлеует пен мате­риал­дық-техникалық базаның болуы, өңір­дің климаттық жағдайына байланысты спорт түрлерінің ерекшеліктері де назардан тыс қалмайды. Демек, заң қабылданса, оның құқықтық, әлеуметтік-экономикалық кері салдары болмайды деген сөз», – деп ой қорытқан министр баяндамасынан соң, оған депутаттар тарапынан сұрақтар қойылды. Бұл сауалдар бойынша халықаралық деңгейдегі маман даярлау ісі мен спорт­шы­лар­ды бюджет қаражаты арқылы қар­жы­лан­дыру тетігі, бұқаралық спорт пен ұлт­тық спорт түрлері және оны дамыту, атал­ған саланы демеушілер тарапы­нан қаржыландыруды заңдастырудың тетік­тері сынды мәселелер көтерілді. Ешбір сауалды жауапсыз қалдырмаған министрге өтіп кетсе де өзектілігін жоймаған өткір сын да айтылды. «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтің допинг дауына қатысты Олимпиада алтынынан айырылған ел спортшыларының жай-күйі мен олардың жауапкершілігіне қатысты мәлімдемесі Мәжіліс Төрағасын да бей-жай қалдыр­мады. «Алтыннан айырылған спортшы мемлекеттің қаражатын қашан, қайтіп қайтарады және оның командасы қандай жазаға тартылуы тиіс?» деген сауалды төтесінен қойған депутатқа Арыстанбек Мұхамедиұлы мәселенің өте орынды көтеріліп отырғандығын айтты: «Бұл өткен күндердің еншісінде қалған дүние десек те, ол әлі де болса өзінің өзектілігін жойған жоқ. Алайда, біз аталған мәселеге қатысты бүгінгі заң жобасына нақты ұсыныстар енгізіп үлгермедік. Қазіргі таңда сала мамандарымен кеңесе отырып, халықаралық тәжірибелерге сараптау жүргізудеміз. Жақын күндері осы секілді келеңсіз жағдайға ұшыраған спортшылардың өзімен қоса, оның тұтас командасын қылмыстық жауапкерші­лік­ке тартудың негіздерін нақтылайтын боламыз», – деді министр. Естеріңізге сала кетейік, заң жобасын­дағы тағы бір жаңашылдықтардың бірі – саралау жүйесі аясында спорт түр­лерінің өңірлік тізбесін құру мен оның функ­ция­ларына қатысты тәртіптің енгізілуі бол­ды. Яғни, құжат қабылданса, ел аймақ­тарын­дағы құзыреті басым спорт түр­лерінің тізбесін әзірлеу мен бекіту жергі­лік­ті атқарушы органдардың өздеріне жүк­­тел­мек. Сондай-ақ, бұқаралық спорт пен ұлт­тық спорт түрлерін ғана емес, мүге­дек­тер арасындағы спорттың дамуын қам­та­ма­сыз етіп, спортшылар мен олардың жат­тық­тырушыларына төленетін ай сайынғы қаржы көлемдерін айқындап, бекіту де осы заң жобасында нақты көрсетілген. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»