Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының кинозалында Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында Алғыс айту күніне орай дайындалған жаңа мультфильмнің балаларға арналған қайырымдылық көрсетілімі өтті. Іс-шара, «Нұр Отан» партиясының, Алматы қаласы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің, сондай-ақ, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының қолдауымен ұйымдастырылды.
2016 жылғы 14 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің №173 Жарлығымен елімізде 1 наурызда тойланатын Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін «Алғыс айту күні» деп жариялаған еді. Осыған орай ҚХА тарапынан қайырымдылық игі шаралар өткізу үрдіске айналып келеді. «Берсең, балаға бер» деп халықтың болашағы саналы ұрпақ деп білген халқымыз ел ертеңі баланың бақытты балалық шағына көп көңіл бөлген.
Аталған қайырымдылық көрсетілімі: ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға, мүмкіндігі шектеулі балалар мен әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасы балаларына арналды. Сондай-ақ, іс-шараға «Алматы қаласының психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға арналған күндіз болу орталығы» КММ балалары, тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларға арналған №10 ЖББ мектеп-интернат тәрбиеленушілері, «Үміт» балалар үйінің балалары мен сөйлеу қабілеті өте нашар балаларға арналған №9 арнайы (түзеу) мектеп-интернатының тәрбиеленушілері де қатыстырылды.
Жаңа мультфильмді 2 сеанспен барлығы 200 бала тамашалады. Көрсетілімге кірерде балаларға попкорн мен түрлі сусындар таратылды. «Мұнда келген өскіндер керемет әсерге бөленіп қайтты. Жүздері бал-бұл жайнап, қуаныш сезімдерін бір-біріне жеткізіп мәз-мейрам. Басқалар сияқты ата-ана құшағының жылуын сезіне алмайтын тағдырлы балалардың қуанғанын көргенде еріксіз жүрегің жылиды», – дейді «Алатау» кинозалының жетекшісі әрі шараны ұйымдастырушылардың бірі Рита Халелқызы.
Іс-шара аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің балаларға арналған сыйлықтары таратылды.
Арман ОКТЯБРЬ,
журналист
АЛМАТЫ