02 Наурыз, 2017

Кандидаттар ұсыну аяқталды

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов брифинг өткізіп, мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына кандидаттар ұсынудың қорытындылары және тіркеу барысы туралы айтып берді. ОСК хатшысының атап өтуінше, осы жылғы 26 наурызда республика­ның 58 сайлау округінде болатын мәслихат­тар­дың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауда кандидаттарды ұсыну аяқ­талды, 13 депутат облыстық, 9-ы қала­лық, 36-сы аудандық мәслихаттарға сай­ланады. Сайлау науқанының барысында 201 кандидат ұсынылды, олардың 63-ін саяси партиялар, 138-і өзін өзі ұсынған. «Ұсынылған кандидаттар ішінде 154 ер адам және 47 әйел адам бар, – деді Б.Мелдешов. 65 кандидат Қазақстан Республикасы саяси партияларының мүшелері болып табылады, 70-і партия қатарында жоқ, 66-сы партияға тиесі­лілігін көрсетпеген. Ұсынылған канди­даттардың ішінде 6 ұлттың өкілі бар. Кандидаттардың орташа жасы – 41 жас, 156 кандидаттың жоғары білімі, 34-і орта арнаулы білімді және 11-інің орта білімі бар». Бұдан соң ОСК хатшысы канди­даттардың жұмысы мен қызметіне тоқ­талды. Оның айтуынша, кандидаттардың 54,2%-ы мемлекеттік мекемелердің, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, 35,3%-ы коммерциялық құрылымдардың, 4,5%-ы саяси партия­лар мен ҮЕҰ қызметкерлері, 3,5%-ы уақыт­ша жұмыссыз, 1,5%-ы жұмыс орнын көр­сетпеген, 1%-ы зейнеткерлер. «Қазіргі уақытта мәсихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына кандидаттарды тіркеу жалғасуда. Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстарында тіркеу 1 наурызда, ал Астана қаласында 10 наурызда аяқталады, – деді ол әрі қарай. – 1 наурыздағы жағдай бойынша округтік сайлау комиссиялары 184 кандидатты тіркеді. Тіркеу мерзімі аяқталған соң, тіркелген барлық кандидат 24 наурыз күнгі сағат 24.00-ге дейін жүретін сайлауалды үгітке кіріседі». Ал 11 наурыздан бастап сайлау бола­тын округтердің сайлаушылары учас­келік сайлау комиссияларының үй-жайл­арында сайлаушылар тізімдері­мен таны­сып, өзі туралы мәліметтерді тексе­ріп және оларда жіберілген дәлсіз­дік­терді анықтаған жағдайда, түзету­лер енгізе алады. Сайлау науқаны қажетті қар­жылық және материалдық-техникалық ре­сурс­тармен қамтамасыз етілген әрі сай­лау заңнамасының нормаларына сәйкес өтуде. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»