Дариға Назарбаеваның төрайымдығымен Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Қазақстан Республикасының 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен кездесті.
Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын талқылауға Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Сыртқы істер министрінің орынбасары Е.Ашықбаев, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, генерал-лейтенант M.Mайкеев, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Д.Ділманов, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Дін істері және азаматтық қоғам, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Энергетика, Қорғаныс және аэроғарыш министрліктерінің өкілдері қатысты.
Кездесуге қатысушылардың пікірінше, қазіргі әлемде мемлекеттің қауіпсіздік мәселелері түбегейлі жаңа сипатқа ие болды. Тәуелсіздік жылдарында, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мұқият және мақсатты іс-әрекеттерінің арқасында елімізде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тетігі жасалды, мемлекет қызметінің осы саладағы негізгі бағыттарын айқындайтын тұжырымдамалық құжаттар әзірленді.
Д.Назарбаева, сондай-ақ сенаторлар Н.Әбіқаев, И.Адырбеков, С.Жақсыбеков, Л.Қиынов, Г.Ким мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын жетілдіре түсуге қатысты ұсыныстарын айтты, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.