Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап білім беру саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Білім мен ғылымды терең игерген ел ғана әлемдік бәсекелестікке төтеп бере алатынын басты назарға алған Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде қазақстандық білімді халықаралық стандарттарға жақындату, сәйкестендіру үшін қаншама тер төккені бізге жақсы мәлім.
Елбасының биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауы да білім саласын айналып өтпеді. Қазақстан дамуының үшінші кезеңінде елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыру қажеттігі туындап отырса, экономикамен қатар, оның негізгі тірегі болып табылатын адами капитал сапасын жақсарту, мұның ішінде білім беру жүйесін түбегейлі жаңарту мәселесі сөз болғаны осы ойымның дәлелі. «Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру», деген Елбасы оқыту бағдарламаларын, оқушының сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажеттігін, ақпараттық-коммуникативтік технологияға негізделген білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылық қасиетті дамытуға баса көңіл бөлу керектігін атап көрсетті. Шын мәнінде, ақпараттық-коммуникативтік біліммен қаруланған өз елін сүйетін ұлтжанды, шынайы патриот ұрпақ тәрбиелеу ұлт болашағының кепілі десек, Елбасының білімді, бәсекеге қабілетті отаншыл жастарды қалыптастыру туралы ұсынысы өте орынды дер едік. Өйткені, жалпы білім беретін мектептер алдағы уақытта ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін аянбай еңбек етуі керек.
Жолдаудың білім саласына қатысты тарауында үш тілді оқытуға да кезең-кезеңмен көшу мәселесі сөз болды. «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпыұлттық прогреске жете алмайды. 2019 жылдан бастап 10-11-сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз», деген Елбасы үштілділік мәселесін тағы да назарға салады.
Бақтияр СМАНОВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор