02 Наурыз, 2017

Қағаздан «жасалған» кооператив...

209 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
немесе басқарма басшысының жалған ақпары қалай әшкере болды? Есептен жаңылысу бар, ал жалған ақпар беру мүлде бөлек. Жуырда келеңсіздеу бір көріністің куәсі болдық. Республикалық, облыстық деңгейде лауазымды да жауапты қызметтегілер, ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандары, есеп-қисапқа жүйрік, шаруаға мығым жұрт жиналған кеңесте білдей басқарма басшысы сабаққа дайындықсуз келген оқушының кейпін кешті. Астанадағы дерек пен аймақтың мәліметі сәйкес келмей, орнынан тұрып ақталуға тырысқан басшының уәжі де сенімсіз шықты. Ретімен баядасақ... Елбасы Н.Назарбаев «Қазақ­стан­ның үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бә­секеге қабілеттілік» атты Қазақстан хал­қына Жолдауында аграрлық сектор эко­номиканың жаңа драйверіне айна­луы керектігін атап өтті. Көптеген по­зициялар бойынша еліміз әлем­де ірі аграрлық экспорттық өнім өн­ді­ру­шілердің бірі бола алады. Сонымен қа­т­ар,­ астық өнімдері бойын­ша Қазақстан Еуразияда «нан себеті» болуы керек. Бағыт айқын, тапсырма нақты. Оңтүстік Қазақстан облысы әкім­дігінде Премьер-Министрдің орын­ба­сары – Ауыл шаруашылығы ми­нист­рі Асқар Мырзахметовтің қа­ты­­­суымен өткен агроөнеркәсіп ке­ш­е­­нін дамытудың мемлекеттік бағ­дар­­ламасын жүзеге асыру бойынша ке­ңейтілген кең­естің де негізгі мақ­са­ты – Жолдау жүктеген мін­дет­терді жү­­­зеге асыру. Елбасы тапсырмасы­на сай бү­­гінде агроөнеркәсіптік ке­шен­ді да­­мытудың жаңа мем­­­лекеттік бағ­дар­л­а­масы әзірленген. Ауыл­ша­руа­шы­­­лық өндірістік кооперативтерін ірі­лен­діру бойынша атқарылып жатқан жұ­мыстарды баяндаған вице-пре­мьер өткен жылы еліміз бойынша 15 мың жеке қо­салқы шаруашылықты қам­ты­ған 157 кооператив құ­рыл­ғанын атап өтті. Министрлік алдағы бес жыл ішін­де 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фер­мер­лерді кооперативтерге тартып, өні­­мнің өңдеу сапасын жақсартуға күш салмақ. Бұл мақ­сатқа мемлекет бюд­же­тінен 53 миллиард теңге ба­ғытталып отыр. Қаржы өңірлердің сұранысына сай анықталған. «Ендігі жерде білек сыбана кірісу к­ерек. Қай өңірде жұмыс тезірек ұйым­дас­тырылса, қаржы игеріліп, көр­сет­кіштері жақсаратын болады. Осы орай­да Оңтүстік Қазақстан облысының әлеу­еті өте жоғары. Өйткені, коопера­тив­терге бірігу бойынша жұмысты 2014 жылы осы Оңтүстік Қазақстан об­лысы бастады. Кооперативтерге ша­ғын қосалқы шаруашылықтарды бі­рік­тіру, олардың мәселесін ше­шу сын­ды жұмыстарға 53 миллиард теңге қа­­ра­лып отыр. Ал енді осы қаржыдан об­лыс өзі­нің үле­­сін қаншалықты алып отыр? Бе­ріп отырған өті­­німі облыстың әлеу­еті­не қаншалықты сәйкес де­­ген сұрақ туын­дайды. Халықтың, қосалқы ша­ру­а­­шы­­лы­қтардың осы жобаға сұранысы өте жо­ға­­ры. Ен­ді тек ұйымдастыру қа­жет», деді Асқар Мыр­зах­ме­тов. Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруа­шы­лығы өнімдерін өндіру жә­не қайта өңдеу департаменті бас­шы­сының орынбасары Берік Нығмашев баяндамасында несие шаруаларға 6 пай­ыздық жеңілдікпен үлестірілетінін, не­гізгі талап – кооперативке бірігетін ша­руа қожалықтардың саны 20-дан кем болмауы тиістігін атап өтті. Бүгінгі таңда сүт пен еттің 75-80 па- йызы жеке қосалқы шаруашылықтарда ө­н­діріледі екен. Сүтпен өзін толық қам­тамасыз етіп отырған елімізде сүт өнім­­дерінің, яғни сары май, сүзбе, ірім­шік және басқа да қайта өңделген өнім­­дер бойынша импорттық үлесі 35-40 пайыз көлемінде. Дегенмен, сүт өң­деу шаруашылықтары 42 пайызға ға­на жүктелген. Агроөнеркәсіптік ке­шенді дамытудың 2017-2021 жыл­дар­ға арналған жаңа мем­ле­кет­тік бағ­­­­дарламасының бас­ты мақ­са­ты – ауыл­­­­д­ық жер­лерде ауыл­ша­­­руа­шы­лық кооперацияла­рын да­мы­­ту. Би­ыл бар­лығы 326 ауыл­ша­руа­шы­лық коопе­­ра­тивін құру жосп­ар­­лан­ған. Ин­вес­тициялық субсидия бағ­­дар­ла­масы бойынша басымдық бе­­рі­ліп, 50 па­йы-з­ын мемлекет төлеп бе­­ре­ді. Мысалы, мо­дульдік түрдегі сүт қабылдау пункті 5 миллион теңге тұ­­ратын болса, 2,5 млн тең­гені Үкімет суб­сидиямен қайтарады. Сол сияқты, мал сою пункті 28 млн 600 мың теңге бол­са, онда кооперативке 14 млн 300 мың­ға түседі. Оның үстіне несие 6 пай­ыздық жеңілдікпен беріледі. Иә, бағдарламада барлық жеңіл­дік­тер қаралған, есеп-қисабы толық жа­салған. Қаржы бар. Министр айтқ­андай, білекті сыбана жұмысқа кірісу ғана қалды. Алайда, жергілікті жер­де­гі ұйымдастыру жұмыстары же­тіс­пей тұр. Яғни, облыстық ауыл ша­руа­шылығы басқармасының бұл мә­селеде кежегесі кейін тартып тұрған се­кілді. Кеңестегі облыс әкімі мен бас­қар­ма басшысының арасындағы әң­гі­меден осыны аңғардық. – Облыстың бұл салада қазір орта­лық­пен байланыста, кооперативтер құ­­ру­да кенже қалып жат­қа­нымызды Ел­басы да айтты. Бүгін мұны Премьер-Ми­ни­стрдің орынбасары – Ауыл ша­руа­шылығы ми­нистрі де айтып отыр. Бұл – барлығымыздың кем­шілігіміз. Біздің облыстың басқа үлкен байлығы жоқ. Ауыл ша­руа­шылығы, мал ша­руашылығы негізгі бай­лығымыз. Сон­­дықтан, барлығымыз атсалысуымыз қажет, – де­ді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев. Сондай-ақ, об­лыс басшысы кеңес барысында облыстық ауыл ша­руа­шылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбековке талқыланған мәселелер бойынша сұрақ қойды. «Сіз 20 мыңнан аса ұсақ шаруашылықты 272 ауылшаруашылық кооперативіне біріктірдік дейсіз. Мына есепте бесеу деп тұр. Қалай түсінеміз оны? Ма­ған министрліктен берілген мәлімет бас­­қа­ша. Қазір ауылшаруашылық кооперативі тала­бы­на сәйкес құрылған кооперативіміздің са­ны ми­нистрлікте жоқ. Егер болса, мына есепте (мини­стр­­ліктің есебінде – Ғ.Е.) тұруы керек еді. Сонда қал­ай маған басқаша мәлімет бересіздер? Бауыржан Сал­дар­ұлы (облыс әкімінің орынбасары – Ғ.Е.) басқарма басшысы екеуіңіз жауап бересіздер, неге фактілер бұр­­маланған?» деген сұрағына облыс әкімі мардымды жауап ести ал­ма­д­ы. Ал министрлік өкілі бүгінгі таң­да Түлкібас, Шардара аудандарын­да бір-бірден кооператив құру жос­пар­лан­ғанымен, орындалмағанын айтып өтті. Бұл орайда вице-премьер А.Мырзахметов те былай деп өз пікірін біл­дірді: – Биылға 53 млрд теңге қаралып отыр. Оңтүстіктің үлесі бар болғаны 1 млрд теңге. Әңгіме сонда болып отыр. Халықтың 6 пайыздық несие алуға қолы жетпей отыр. Қолбайлау болып отырған мәселелерді шешу үшін жағдайдың бәрі қаралған. 35 кооператив құрылғанын айтып ақталмақ бол­ған басқарма басшысы Серік Тұрбековтің жауабына қанағаттанбаған облыс әкімі: – Қарсы алдыңызда бәрін есептеп, келтірген де­пар­тамент басшысы отыр. Сіздің жауабыңыз мынау, бү­кіл жұрт­тың көзінше. Сондай қалай? Нақ­ты жос­пар жасаңыз. Әр аудан бойын­ша. Бү­кіл республикаға 53 млрд тең­ге бө­лін­се, соның 1 миллиардына ғана біз­дің облыстан өтінім беріл­мек. Бұл не жос­­пар сонда? Барлық мүм­кін­дік­ті пай­­далану керек, – деді. Ауыл шаруашылығы басқар­мас­ы­ның жұмысына қатысты бұған дейін де талай сын айтылған болатын. Жал­пы, облыс әкіміне жалған мәлімет бе­­ре­тіндердің бар екені ел аузында, ақ­парат құралдарында да айтылып жүр. Солардың бірі – осы кеңесте ми­нистрдің, облыс әкімінің алдында бұр­ма­ланған фактіні берген басқарма басшысы С.Тұрбеков сынның шын екенін рас­тағандай болды. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет жасап отырған мүмкіндікті пай­даланып, жергілікті жұрттың сұранысын ескере, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізудің орнына бас­қар­ма басшысының жалған ақпармен құтылғысы келген әрекетінен түк шықпады. Айта кетелік, кеңес барысында, сондай-ақ, суармалы жер көлемін ұлғайту мәселесі де талқыланды. Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы