02 Наурыз, 2017

Бородюк бізге не береді?

204 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері ауысты. Талғат Байсүфиновтің орнына ресейлік маман Александр Бородюк тағайындалды. Федерацияның баспасөз қыз­меті таратқан мәлімет бойынша, Бородюкті таңдаудағы басты себептің бірі оның біздің құрамамен жұмыс істеуге деген ықыласы көрінеді. Ол бірқатар ұлттық құрама мен өзге елдердің футбол ұйымдарының ұсыныстарынан бас тартыпты-мыс. Келісімшарт үш жылға есептелген. Жаңа бапкерге жергілікті жас дарын­дардың талантын ашу, құра­маны жасар­ту міндеттері жүк­телді. Қазақстан Фут­­бол федерациясы бұл тапсырманы жү­зе­ге асы­руға Алек­сандр Бородюктің мол тә­­жі­рибесі жететініне сенімді көрінеді. Ал Талғат Байсүфинов болса, федера­­цияның техникалық директоры қызметін атқарады. Басшылық осындай шешім қабылдапты. Енді ол 17 жастағы жасөспірімдер құрама­сынан бастап, ұлттық құрамаға дейін­гі командалармен жұмыс істей­ді. Сонымен қатар, оның жаңа қызметіне футбол клубтары мен орталықтарда құрама команда үшін футболшылар даярлау міндеті кіреді. Сонымен, «Бородюк деген кім, маманның қандай жетістіктері бар?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Футболшы ретінде допты тәуір тепкен. Шабуылшы болып өнер көрсет­кен. Воронежде туған Бородюк спорт­тық мансабын жергілікті «Факел» коман­дасында бастаған. КСРО кезін­де карьерасының басым бөлігін Мәс­кеудің «Динамо» командасында өткізген. 1988 жылы жамбылдық Евге­­ний Яровенкомен бірге Сеул Олимпиа­дасын­да чемпион атанған соң, Гер­манияға ауысады. Өйткені «Динамоға» Анатолий Бышовец бас бапкер болып келген соң, негізгі құрамға іліге алмайды. Германияда екінші бундес­лига­дағы «Шальке-04» команда­сының жейдесін киді. Екі маусымда 30 гол соғып, команданың сол кездегі сұрмергені болды. 1993 жылы «Kicker» журналының тұжы­рымы бойынша чемпионаттың үздік үш футболшысының қата­рына енді. Сонан соң, келесі жылы «Фрай­бургке» ауысып, бунде­сли­ганың қола жүлдесін жеңіп алды. Сол кездегі Германия құра­масының бас бапкері Берти Фогтстің: «Өкінішке қарай, Бородюк неміс емес. Әйтпесе, оған Германия құрамасынан орын табылатыны анық», деп айтқаны бар. Бапкерлік карьерасын 2001 жылы «Крылья Советов» командасынан бас­тады. 2002 жылы ол Ресей құрамасының бапкерлер штабына енді. Ал үш жылдан кейін Ресейдің жастар құрамасының аға жаттықтырушысы атанды. Деген­мен ұлттық құрамадағы қызметін тоқтат­пады. Гус Хид­динк, Дик Адво­кат се­кілді танымал голландиялық маман­дардың көмекшісі болды. Сол кезде бапкер ретінде біраз тәжірибе жинаса керек. 2013 жылы Мәскеудің «Тор­педосын» Ресейдің премьер-лигасына алып шықты. Ал өткен жылы Алматының «Қайра­тымен» үш жылдық келісім­шартқа қол қойды. Наурызда Қазақстан Супер­кубогын ұтып алды. Бірақ чемпионатта қатарынан үш турда ұтылып, өз еркі­мен қызметінен кетті. Алайда, Боро­дюк қызметтен кету себебін тілшілерге бер­ген сұх­батында басқаша түсіндірген еді. «Старт шынымен сәтсіз басталды. Бірақ менің қызметімнен кетуімнің себебі спорттық тұрғыдан болған жоқ. Ал оның нақты себебін жариялы түрде айта алмаймын», деп еді А. Бородюк. Сол кезде ресейлік маманға «Ал­­ма­тыдағы сәтсіздік болашақта бапкерлік беделіңізге соққы болып тимей ме?», деген сауал да қойылған-тын. «Мүлдем олай емес. Маған Газ­заев, Ярцев, Хиддинк, Адвокат, Семин, Игнатьев секілді өзімен бірге жұмыс істеген бапкерлердің пікірі ғана маңыз­ды. Солардың берген бағасы құнды. Ал қалған елдің не айтқанында менің шаруам жоқ», деген болатын ол. «Қайратта» жолы болмаған бапкер­дің құрамаға келуі жанкүйер­лердің қы­тығына тиіп жатқаны сөзсіз. Жалпы, Ресейден келген маман­дардың қазақ футболының көсегесін көгертіп жібер­гені шамалы. Польша мен Румыниямен өз алаңында тең түсуге шамасы жеткен Байсүфиновті аяқ астынан алып тас­тауға не түрткі болғаны тағы түсі­ніксіз. Бір кездері бас жаттықтырушы бол­ған Леонид Пахомовтан әзер құтыл­ған едік. Тағы да солай болып жүрмесе қайтсін?! Әлбетте, әліптің артын баға­мыз. Балапанды қоңыр күзде санай­тыны секілді, Бородюктің де мүмкіндігін сол кезде байқармыз... Бек ТӨЛЕУОВ, журналист АСТАНА