02 Наурыз, 2017

Азаматтарға арналған үкіметте онлайн сурдоаударма қызметі іске қосылды

134 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында сөйлеу және есту қабілеті бұзылған азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсетуде жаңа сервис пайда болды, деп хабарлады акционерлік қоғамның баспасөз қызметі. Енді бұл адамдарға ымдау тілінің кәсіби маманы арнайы қосалқы монитордан шынайы уақыт режимінде сурдоаударма ұсынатын болады. Бұл пилоттық жоба Азаматтарға арналған үкіметтің бастамасымен «Ауған соғысының қазақстандық республикалық мүгедектер бірлестігі» қоғамдық бірлестігімен біріге отырып жүзеге асырылды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ басқармасының төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында   сурдоаударма тілін меңгерген 862 маман жұмыс істеуде. «Дегенмен де, біз осымен тоқтап қалмай, одан әрі дамытуды жөн көрдік. Енді ХҚКО-ның жеңілдік терезесіне жүгінген сөйлеу және есту қабілеттері бұзылған тұлғалар ым-ишарат тілінде қажетті құжатты  қалай алу керектігін шынайы уақыт режимінде айтып беретін, онлайн сурдоаударма арқылы қызмет ала алады» - деді Оспанов. Әзірге бұл пилоттық жоба Астана мен Алматының ХҚКО-ларында жүзеге асырылған, ал басқа аудандарда пилоттық жобаны жүзеге асыруға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Айта кетсек, өткен жылы мемлекеттік корпорация жұмыскерлері 1 және 2 топтық мүгедектігі бар азаматтарға 39 мыңға жуық қызметті үйінде көрсеткен.