Үкімет франшиза бойынша шығындарды субсидиялау мәселесін қарастырады, делінген "Ақ жол" партиясының осы мәселе туралы депутаттық сауалында, деп жазады
informburo.kz.
"Ақ жол" партиясы фракциясы атақты маркалардың франшизасын сатып алу үшін бизнесмендерге үкіметтің қолдау беруін сұрайды. Ал бұрын мұндай қолдау өзіміздің жаңа бренд жасаушыларымызға берілетін еді.
"Ақ жол" партиясының сауалына жауап ретінде үкімет халықаралық франчайзингтің басым бағыттарын зерттейтінін айтты.
"2025 жылға дейін шикізаттық емес секторды екі есе арттыру туралы Президенттің тапсырмасы бар. Ол үшін мемлекет басшысы "велосипедті қайта ойлап таппай" бұрыннан қалыптасқан жаһандық өндіріс тізбегін ары қарай алып кетуді ұсынады. Ол үшін елге трансұлттық компаниялардың келуін ынталандыру керек", - делінген сауалда.
Франчайзингтің бір артықшылығы сонда, атақты компаниялар өнімді дайындау әдістері мен технологияларын өздері келіп үйретеді. Сонымен қатар, өнімнің сапасына да өздері жауап береді. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы бақылау органдарына деген тәуелділіктен арылтып, жемқорлықтың жолын кеспек.
"Әлемдік көшбасшы компаниялардың франшизасының тым қымбаттығына қарамастан, жиырма бірінші ғасырда шағын және орта бизнестің 50 пайызы франчайзинг жүйесімен жұмыс істейтіні белгілі", - дейді ақжолдықтар.
Партияның депутаттық фракциясы франчайзинг бойынша өздерінің нақты ұсыныстарын білдіріп, әлем бойынша Қазақстанға ең қажетті компаниялардың тізімін жасаудың қажеттілігін алға тартты.
"Депутаттық сауалға жауап берген Сағынтаев Үкіметтің Дүниежүзілік банкпен бірлесіп шағын және орта бизнестің бәсекелестігін арттыру жобасы дайындалуда. Осы жұмыстар аясында "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы жанынан тасымалдаушыларды дамыту қызметі құрылмақ", - деп хабарлайды "Ақ жол" партиясы.