02 Наурыз, 2017

Тәжікстанда Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш тақта орнатылады

271 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Нұрлан Сейтімов Тәжікстан Ғылым академиясының президенті Фарход Рахимимен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сейтімов кездесу барысында Қазақстанның қазіргі кезеңдегі дамуының негізгі басымдықтары жайында кеңінен сөз қозғады. Сонымен қатар, Қазақстандағы билік тармақтары  арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа үндеуі мен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізгі мазмұнымен таныстырды. Әңгімелесу барысында тараптар екі ел ғалымдарының ғылыми маңызды ортақ зерттеулері жайында пікір алмасты. Осы орайда, Рахими Тәжікстанның астрофизика және сейсмология саласында үлкен тәжірибесі бар екеніне назар аудартты. Ал Қазақстан Елшісі әйгілі геолог, Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаушы, Тәжік КСР Ғылым академиясының тұңғыш құрметті мүшесі Қаныш Сәтбаевтың Тәжік КСР Ғылым академиясын ашуға тікелей атсалысқанын баса айтты. Сондықтан Сейтімов Фарход Рахимиге бауырлас мемлекеттің жас ұрпақтары академик Қаныш Сәтбаевты мәңгі есте сақтауы үшін Тәжікстан Ғылым академиясы ғимаратына ғалымның ескерткіш тақтасын орнату туралы ұсыныс жасап, ол қолдау тапты. Сұхбат соңында қазақстандық дипломат Фарход Рахимиге кездесу үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Тәжікстанның ғылым саласындағы ынтымақтастығының одан әрі нығаюына сенімін білдірді.