03 Наурыз, 2017

Құрылыс саласына қадағалау күшейтіледі

274 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елбасы «Қазақстанның үшінші жаң­ғы­ру­ы: жаһандық бәсекеге қа­білеттілік» ат­ты биылғы Жолдауында бюджеттік сая­­сатты жаңа эко­­но­микалық та­ла­п­­­тарға сәй­кес­тен­­ді­ру жә­не бюджет шы­ғыстарын тиім­ді пайдалану мін­дет­терін қойды. Бүгінде Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың тапсырмасымен Қаржы министрлігі аталған міндеттерді орындау жолдарының бірі ретінде құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуға қазынашылық сүйемелдеу енгізу жұмыстарын жүргізуде. Ұлттық статистика органдарының ресми де­ректері бойынша, Қазақстандағы көлеңкелі эко­номиканың көлемі ІЖӨ-нің кем дегенде 20 пайызын құрайды екен. Көлеңкелі экономиканың негізгі құрамдас бөліктерінің бірі мемлекеттік сатып алулар кезінде бюджет қаражатын жалған кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айнал­дырып, жұмсап қоятын экономикалық қыл­мыс­­тар екені белгілі. Бюджеттен бөлінетін қа­ра­жаттың үштен бірі құрылыс пен сауда-сат­тыққа тиесілі. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда, құ­рылыс саласында шығындардың сметасын не­гізсіз көбейту, құрылыс мерзімдерін сақтамау, құ­ры­лыс сапасының тө­мен­дігі, айқын емес ақша қоз­ғалыстары, салық жүк­темесі коэффициентінің тө­мендігі, астыртын жұ­мыс күші, «сұр жалақы» тө­леу тәжірибесін кең қолдану секілді күрмеуі ше­ші­­лмеген күрделі мәселелер баршылық. Осының нә­­тижесінде, сот үкімімен жалған кәсіпкерлік деп танылған салық төлеушілердің әр үшіншісі құ­ры­лыс саласына қатысты болып шығады. Қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған механ­и­зм бойынша бюджет қаражатының бір бөлігі мер­дігерлердің екінші деңгейлік банктердегі есеп-шоттарына аванс түрінде аударылады да, қал­ған ақша атқарылған жұмыс актісі бойынша тө­ленеді. Ал қаражаттың одан әрі қайда кеткені, қалай жұмсалғаны жөнінде бақылау болмайды, сөйтіп, тіпті атқарылған жұмыс актісі толықтай ұсынылған күннің өзінде, қаражаттың «қолма - қол ақшаға айналдыру» жолы арқылы уыстан шығып кету қаупі туындайды. Жоғарыда айтылған мәселелерді шешу үшін және құрылыс саласындағы көлеңкелі экономиканы азайту мақсатында, Қаржы министрлігі құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуларды қазынашылық сүйемелдеу механизмін ұсынып отыр. Бұл процесті қарапайым тілмен айтар болсақ, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізіп болғаннан кейін, тапсырыс берушіден бастап тауар мен қызметтердің өнім берушілеріне дейінгі қаражаттың барлық қозғалысы қазынашылықпен сүйемелденетін болады. Осы мақсаттар үшін қазынашылық органдарында бас мердігерлер мен олардың барлық қосалқы мердігерлерінің шоттары ашылатын болады. Ақшаны алғанға дейін қатысушылардың барлығы мемлекеттік кі­рістер органдарының қатаң «тексерісінен» өте­т­ін болады. Халықаралық тәжірибелерді ес­ке­ре отырып, алғаш рет жобаны басқару су­пер­вайзерінің (инжинирингтік компанияның) қыз­­метіне жүгіну жоспарлануда. Супервайзер құ­рылыс сапасын ғана емес, шығыстардың не­гізділігін де тексеретін болады. Қазынашылық, өз кезегінде, қаражаттың мемлекеттік сатып алу­дың ашық шоттары арқылы мердігер мен қо­салқы мердігерлерге мақсатты аударылуына бақылау жасайды, яғни төлемдер шығындар тізіліміне сәйкес және супервайзердің төлем сер­ти­фикатының негізінде жүргізіледі. Біздің бағалауымызша, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуға қазынашылық сүйе­мел­деу енгізудің мемлекетке тиімді тұстары көп. Атап айтсақ, төлемдердің ашықтығына, то­лық­­қанды салық төлеуге қол жетеді, құрылыс с­а­пасын, бюджет қаражатын мақсатты пайдала­ну­ға және қазақстандық үлесті қамтамасыз етуге бақылау күшейеді. Биыл аталған механизм рес­публика бойынша Астана қаласы, Ақмола мен Қарағанды облыстарында сынақ ретінде ен­гі­з­ілмек. Қазынашылық сүймелдеуге қатысты мәсе­ле­лер бизнес қауымдастық тарапынан «Атамекен» ҰКП-мен, Қазақстан инженерлері ассоциация­сы­­мен, Қазақстан құрылысшылары ассоциация­сымен, ірі құрылыс компанияларымен және тағы басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен тал­қыланғандығын баса айтып өткен жөн. Кә­сіп­керлік субъектілеріне қызмет көрсету про­це­ду­ра­ла­рының барлығы анық белгіленетін болады. Бұл олар­ға жылдам әрі тиісті деңгейде жақсы қыз­мет көр­сетуге мүмкіндік береді. Жалпы, аталған механизм мемлекеттің бюджет қаражатын тиімді пайдалануға арналған ке­шен­ді ірі іс-шаралардың тек кішігірім бір бөлігі ғана деуге болады. Қанат БАЕДІЛОВ, Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің төрағасы