Астанада өтіп жатқан Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 26-бабына түзету енгізу туралы айтты.
«Бір мәселе жөніндегі жағдайға тоқтала кету керек. Жалпыұлттық талқылау барысында жалпы Конституция бойынша ұсынылған барлық жобалар қолдау тапты деп айтуға болады. Дегенмен, Конституцияның 26-бабын қоғамда көпшілік қолдағанымен, пікір қайшылықтары да көрінді. Біздің сауалнама бойынша 70 пайыздан астам адам оны қолдап отыр. Дегенмен, меншік мәселесі жөнінде басқа пікір айтқан азаматтар да бар. Мәселе жер меншігіне байланысты деген пікірлер бар. Ол жөнінде мәселелер болғанын «Жер туралы» заң қабылданған кезде білесіздер», - деді Елбасы.
Қазақстан Президенті Конституцияда жұртшылық пікірі ескерілуі, консенсус болуы тиістігін баса айтты. «Осы қағдиданы ұстана отырып мен 26-бапты өзгеріссіз бұрынғы редакцияда қалдыру туралы шешім қабылдап, сіздерге ұсынып отырмын. Талқылау барысында сіздер де қарайсыздар деп ойлаймын. Ал өзге маңызды мәселелерге қатысты заң жобасының бағыт-бағдары айқын», - деді Назарбаев.
Президент заңды жолмен иеленген кез келген жеке меншіктің Конституциямен қорғалатынына баса назар аударды.
Естеріңізге сала кетейік, 1 наурыз күні Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысында Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданыстағы редакциясында меншік құқығына қатысты 26-бапқа ұсынылған түзетулер талқыланды. Жұмыс тобы мүшелері аталған нормаға ұсынылған өзгерістерге қатысты халықтан түрлі ұсыныс түскені туралы айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан азаматтарының пікірін ескеріп, 26-бапқа өзгеріс енгізбеуді ұсынды.
"Конституцияның 26-бабын әркім әрқалай түсінді. Конституциялық реформа қоғамды бір пікірге топтастыруға бағытталған. Сол үшін мен 26-бапты бұрынғы редакцияда қалдыруды ұсынамын. Біз тағы да халыққа меншік мәселесінің тек жермен шектелмейтінін түсіндіруіміз керек. Әркімнің өзінің меншігі бар. Ол үй, жер, жылжымайтын және жылжымалы мүлік. Меншік құқығына бәрі кіреді. Біз "әркім" дегенде "азамат" деген ұғым сақталады. Негізі, «Қазақстан азаматтарының» орнына «әркім» деген өзгерісті енгізуді заңгерлер қауымы толығымен қолдады. Себебі, соның арқасында елімізге инвестицияны көбірек тартуға мүмкіндік бар. Инвесторлардың сенімі де арта түседі. Дегенмен, асығыстық жасамай-ақ қоялық. Мәселені кейін қараймыз. Бізге консенсус керек. Осыны кеңінен түсіндіру қажет. Бәрібір біз оған келеміз. Жер мәселесінде де ондай болады. Өйткені, иесіз жер тозады. Оның құнарлығы жоғалады. Сондықтан күндердің күнінде оны түсінуіміз керек. «Иесі жоқ жер жетім» деген қазақтың сөзі бар. Талай рет көргенбіз, қурай өсіп, жердің тозып кеткенін. Бұл бапты кейінге шегере тұрайық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.