«Қазақстанда жасалған». Бұл – мемлекеттің мерейі, маңызды мәртебе, Отанымыздың беделі. «Екі қойым – бір сом» дейтін бұрын-
ғы қазақ жоқ. Ештеңеге алаңсыз ел емес екенімізді біртін-біртін көрсетіп келеміз. Ақша айналдыру – бизнес жасау, қосымша жұмыс істеп, табыс табуға үйреніп қалдық. Осыны мұрат тұтқан жас кәсіпкердің бірі қарағандылық Данияр Ауписимов.
Жоспары ауқымды, жобасы тың кәсіпкер «Қарағандыда жасалған» маркасымен спорттық киім шығарып жатыр. Қазірдің өзінде тігін цехы арнайы киімдердің неше түрін сәндеп тігу үстінде. Жуырда облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков тігін цехында болып, өндірісті аралап шығып, кәсіпкерлердің өтінішін тыңдады. Оларға қолдау көрсетуге уәде берді.
Аймақ басшысының шағын өндіріс орнына арнайы ат басын бұрып, көмек қолын созуға бейіл екендігінің бірнеше себептері де бар. «M.Style Kazakhstan» кәсіпорнында тек мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі тоғыз адам еңбек етіп жатқан кәсіпорын алдағы уақытта тапсырыстың түсуіне қарай жұмыс орындарының санын арттырмақ.
«Біздің міндетіміз – мүгедектерге өмірден өзіне лайықты орын табуға көмектесу. Бұл адамдар мемлекеттік жәрдемақыдан басқа, оқып, жұмыс істегенді, қоғамға өз пайдасын тигізуді қалайды. Бүгінде елімізде жұмыс істеуге қабілетті жастағы мүгедектердің 13 пайызы ғана еңбек етіп, ақша табады», дейді жас кәсіпкер Данияр Ауписимов.
Бұдан бөлек ол басқа компаниялармен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету үшін қоғамдық қайырымдылық қорын құрыпты. Жас кәсіпкер сонымен қатар, өнімді сатудан түскен қаржының бір бөлігін балаларға ота жасатуға жұмсауды көздеп отырған көрінеді.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ