Былтырғы 2016 жыл аса күрделі, ауыртпалығы көп, экономикамыз үшін өте ауыр жыл болғанын атап өту керек.
Әлемде болжамы қиын әлеуметтік, экономикалық, діни, саяси аумақтық қарсы тұрулар, нарықтар жіктелуі мен қаржы нарықтарындағы ресурстардың қолжетімсіздігі сияқты жаһандық қайшылықтарды бастан кешірдік. Оның үстіне көптен қордаланып келген еліміздің сыртқы экономикалық саясатындағы ұстанымы да өзі жайлы «дауыс көтеріп» тұрақтылыққа кері ықпалын жасады. Бұл жерде біздің меңзеп отырғанымыз экспортқа шикізат сатуға үйір болып, әртараптандыру мәселесі сөз жүзінде қалып ел экономикасы дамуының шикізатқа тәуелді сипатының сақталуы еді.
Чехов айтқандай, «Егер I актіде сахнада мылтық ілулі тұрса, III актіге қарай атылуға тиісті», ал әлем экономистерінің «шикізат лағнеті» деген сөзі тағы бар, әйтеуір, «мың асқанға бір тосқан» демекші, 2016 жылдың қаңтарында әлемдік мұнай бағасы 27 АҚШ долларына дейін құлдырады. Ол аз болғандай, темір прокаты, түрлі-түсті металдар, т.б. шикізаттардың әлемдік бағалары 30%-ға дейін арзандап кетті. Мұндай жағдай шикізат экспортына арқа сүйеп келген ел экономикасына қауіп-қатер тудырғаны түсінікті жайт.
Осыдан келіп 2016 жылы Қазақстанға 5 қатерлі жағдайдың болу қаупі туындады.
Біріншіден, бұл рецессия қаупі болатын. Жай сөзбен айтқанда, ұлттық экономиканың құлдырау қаупі. Мысалы, 2015 жылдың қорытындысы бойынша Ресей экономикасының өсу көрсеткіші 3,2%-ды құрап, рецессияны бастан кешірді. Рецессияның бір жаман жері оның салдары көпке дейін экономикаға тежеуіш болып, салааралық теңгерімді бұзып, арасалмаққа нұқсан келтіреді. Үкімет 2016 жылға 2,1% экономикалық өсу көрсеткішін жобалаған кезде сыртқы және ішкі факторлардың осынша ушығарын болжай алған жоқ еді. Сондықтан ендігі мәселе, экономиканың құлдырауына жол бермеу болатын. Қазақстан халқының ыждағатты еңбегі мен шыдамдылығының арқасында 2016 жылдың қорытындысы бойынша +1% көрсеткішке қол жеткізіліп, рецессияға жол берілген жоқ. Бұл сөзсіз, үлкен жетістік.
Екіншіден, инфляция қаупі еді. Инфляция – қымбатшылық пен теңгенің құнсыздануы халықтың әл-ауқатын әлсіретіп, тұтыну қабілетін төмендетіп, әлеуметтік наразылық пен толқулар тудыруы мүмкін. Оның үстіне 2015 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 13,6% болған еді. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Президент Н.Ә.Назарбаев Үкімет пен Ұлттық банкке 2016 жылғы инфляцияны 6-8% аралығынан асырмауды тапсырған болатын. Бұл тапсырма да негізінен орындалды деуге болады. Жаппай қымбатшылыққа жол берілген жоқ.
Үшіншіден, Ұлттық қордағы резервтерді жұмсап, тауысу және оның салдарынан қаржы жүйесінің бұзылу қаупі еді. Ұлттық қорымыз болашақ ұрпақтың несібесі және экономикамыздың қиын-қыстау кезеңдегі қауіпсіздік кепілі. Ендеше, ертеңін ойлаған мемлекет Ұлттық қорды мейлінше қорғап, үнемдеп, тек жылдық өсімінің ғана белгілі бір мөлшерін мысқалдап жұмсап, оны үстемелеп өсіруге міндетті. Сонымен, 2016 жылдың 1 желтоқсанында еліміздің халықаралық резервтері 90,9 млрд АҚШ долларын құрап, жыл басынан кейінгі кезеңде бар болғаны 0,6%-ға кеміді, ал Ұлттық банктің алтын-валюта резерві жыл басынан 7%-ға өсіп, 29,8 млрд АҚШ долларына теңелді.
Төртіншіден, жаппай жұмыссыздық қаупі болатын. Экономика ғылымында табиғи жұмыссыздық көрсеткіші еңбекке жарамды белсенді халықтың 5-6% деңгейінде болса, тұрғындарды толық еңбекпен қамту орын алды деп есептеледі. Жұмыссыздар саны аталған көрсеткіштен асқан сайын әлеуметтік тұрақсыздық күшейіп, Үкіметтің орнында қалуына қауіп төнері сөзсіз. Сондықтан 2016 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы жалғастырылып, тек өткен жылдың 10 айында 175 мың адам тұрақты жұмыс орнын тапты.
Бесіншіден, инвестициялық тоқырау қаупі, яғни кәсіпорындардың негізгі капиталына салынатын қаржының азаю қаупі. Мұндай жағдайда жаңа кәсіпорын ашылуы да, бұрынғы кәсіпорындардың жемісті әрекеті де қаржы тұзағына ілігіп, экономика ұзақ мерзімді тоқырауға ұшырауы мүмкін. Бұл қауіптен де еліміз аман-есен шыға алды.
Сөйтіп, өткен 2016 жылы Қазақстан сыртқы қатерден арылып қана қойған жоқ, сонымен бірге, ұзақ мерзімді өсу бағыт-бағдарын сақтап, «2050» Стратегиясына сай алға басуын жалғастыра алды. Ескі жыл ескеріп, Қазақстан жаңа жаһандық әлем ахуалына толық бейімделгенін жыл қорытындысы арқылы дәлелдеп шықты.
Жангелді ШЫМШЫҚОВ,
экономика
ғылымдарының
кандидаты