07 Наурыз, 2017

Тамақты робот тасиды

296 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жаңаөзендік оқушы Рамазан Қой­шыбаев – болашағынан үлкен үміт күттіретін ізденімпаз жас, жоқтан бар жасауды мақсат еткен өнертапқыш. Бұған дейін адамның араласуынсыз-ақ перделері ашылып, жарық жанатын «Ақылды үй» жобасын ойлап тапқан ол енді даяшы қызметін атқаратын және адамдармен сөйлесіп, тілек тілей алатын құлтемірді ойлап тапты. Биіктігі 40 см болатын құлтемір тамақты алып келеді, тамақтың дайын болғандығын хабарлайды және тамақты қолына алған адамға «ас дәмді болсын» деген тілегін арнауды да ұмытпайды. Құлтемір жасауды көптен ойында жетілдіріп, дамытып жүрген оқушы бір жыл сызбаларын сызып, екі аптада өз мақсатына қол жеткізеді. Өнертапқыш тілек тілеп, сұхбаттаса алатын құлтемірдің сөздік қорын молайтуды ойлап жүр. Рамазанның ұстазы Б.Мұхаммед шәкіртінен зор жетістіктер күтеді. – Аз уақытта маған миын жасап, сөйлетіп, қалай жасайтынын, қалай жүретінін көрсетті. Одан кейін сыртын жасауға кірісіп кетті. Бұл бірінші нұсқасы, оны одан әрі жетілдіріп, негізгі дизайнына дейін жеткізу жоспарлануда, – дейді ұстаз. Ал Рамазан болса жапон үлгісінде дайындалған құлтемір болашақта мейрамханаларда қызмет ететініне сенімді. Ол осы салада білімін жетілдіріп, бас­қа да интеллект иелерін ойлап тап­пақ. Қазір ол көктемдегі іріктеуден өтіп, Ал­маты қаласында өтетін үлкен сайыстарға қатысуды жоспарлап отыр. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы