07 Наурыз, 2017

Тасқынға тосқауыл қоя аламыз ба?

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Биыл Жайық өзеніндегі су тасқынының қаупі жоғары. Синоптиктер өзен бастау алатын Ресей аумағында қар мөлшері мен топырақ ыл­ғал­дылығы жылдағыдан 50 пайызға дейін артқанын айтып отыр. Об­лыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Өмірзақ Са­ғынбектің мәліметінше, су тасқынынан қауіпті деген аймақта бір қала, 16 елді мекен, 7800 үй мен 15 мыңнан астам тұрғын бар. Құр­ма­нғазы ауданындағы ауылдарды су тасқынынан қорғау үшін 63 ша­қырым бөгет құрылысының жобалық құжаттары әзірленуде. Ма­хам­бет ауданындағы Алға ауылында екі шақырым бөгеттің қорғаныс жұ­мыстары сәуір айында басталады. – Облыс орталығы мен ау­дан­дар­дың төтенше жағдайға арналған қа­ра­жат қоры 1 млрд 349 млн теңге. Шұ­ғыл шығындарға арналған қорда 203 млн теңге бар. Бірақ Мақат ауда­нында аталған екі қорға да қаржы қа­рас­­тырылмаған. Индер, Құрманғазы ау­­дандарында шұғыл шараларға қо­сымша ақша бөлінбей отыр, – дейді департамент басшысы. – Бұл өз кезегінде аталған аудандардың тө­тен­­ше жағдайға дайын еместігін көр­се­теді. Атырау қаласындағы 13 бөлімшеде қар суын кәріз жүйесі арқылы далаға жі­­беру жұмыстары қолданысқа ен­гі­зі­л­мек. Қала әкімі Серік Шәпкенов 78 бөгеттің 27-сінде ғана құжат барын ай­­тады. Елеусіз жатқан бөгеттердің то­пырағын тұрғындар ұрлаған дерек­тер де тіркелген. Облыс орталығы ма­ңындағы Геолог кентінде соңғы жыл­дары жер асты суы төмендемей отыр. Бұрын үш метр тереңдіктен шы­ға­тын су қазір елу сантиметрден-ақ анық көрінеді. Шалғайдағы Қызылқоға ауданын­да елді мекендердің жолы жабылып жат­қаны да алаңдатарлық жайт. Об­лыс­тық маңызы бар жолдарға техни­ка жіберіліп, аршылыпты. «Ал ау­дан­ның теңгеріміндегі ауыл- дарда 220 ша­қырым жол бар. Оларды тазалап тұ­руға қаржы қаралған жоқ», – дейді ау­дан әкімі Мақсот Мұқанов. Ықтимал қауіптің алдын алуға ба­ғытталған төтенше жағдай ко­мис­сия­­сының отырысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев кез келген уақытта кез кел­ген жағдайға дайын болу керектігін қа­перге салды. Өткен жылы Атырау қа­ласында 1 мың, аудандарда 500 үй суға кеткен еді. Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» Атырау облысы