07 Наурыз, 2017

Армысың, футбол аламаны!

118 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Көптен күткен жаңа футбол маусымы да келіп жетті. Ертең, яғни 8 наурыздан бастап еліміздің әр аймағынан сынға түсетін 12 команда қарашаға дейін ала доп аламанының көрігін қыздыратын болады.

Бергер кестесі

Алдымен Премьер-лиганың жүйесіне тоқталып өтсек. Қазақстан Премьер-лигасында биыл тағы 12 команда ойнайды. Бірақ бұрынғыдай алғашқы екі айналымнан кейін қос алтылыққа бөлінбейді. Бұл жолы чемпионат Бергер кестесі бо­йын­ша өткізіледі. Өткен жылғы маусым аяқталған соң, жаңа чемпионаттың форматына қатысты көптеген ұсыныстар айтылған еді. Премьер-лигадағы командалар санын 14 немесе 16-ға дейін жеткізу мәселелері көте­рілді. Алайда, сол бұрынғысынша 12 команда қалатын болды. Қазақстан Кәсіп­қой футбол лигасының жалпы жина­лысында қабылданған шешім осын­дай. Әйтеуір, бір өзгеріс бар. Енді ел біріншілігі үш айналымдық жүйе­мен өткізіледі. Алғашқы екі айналымда барлық командалар үйде және түзде ке­з­десіп шығады. Ал үшінші айналым­дағы матчтар Бергер кестесі бойынша құрастырылады.

Премьер-лигамен үш команда қоштасады

Премьер-лигадағы өзгерістің бірі мау­сым соңында 11-ші және 12-орын алған командалар бірден бірінші лигаға түсіп қалады. Ал 10-орынға ие болған команда «өтпелі матчта» бақ сынайды. Есесіне, бірінші лигадағы бірінші және екінші орын алған командалар 2018 жылы жоғары топтағы мықтылар арасында ойнайтын болады.

Легионерлер

Легионерлерге қатысты ережеге де ешқандай өзгеріс енген жоқ. Сол бұрынғыша әр команда хаттамаға 8 легионер тіркей алады. Оның алтауы бір мезетте алаңға шығады. Сон­дай-ақ, осы күнге дейін Қазақстан футбо­лында легионер ретінде доп теуіп келген Ненад Эрич, Евгений Пост­ников, Сергей Куцов, Вячеслав Кот­ляр, Тарас Данилюк, Михаил Бакаев секілді бір­неше ойыншының арыздары қанағат­та­ндырылды. Енді олар біздің елде Қаза­қстан футболының түлегі ретінде ойнай­тын болады. Кәсіпқой футбол лигасы ресми сайтының түсіндіруінше, олар «Қазақстан футболының түлегі» ережесі қабыл­данғанға дейін біздің елдің азаматы болғандықтан арыздары қанағат­тан­дырылыпты.

Чемпиондықтан үміткерлер

Бас жүлдеден үміткер деп «Астана» мен «Қайратты» ғана айтуға болатын сияқты. Өзге командалардың құрамы, қаржылық мүмкіндігі еліміздің екі бас қаласының командасымен бәсекелесе алмайтын түрі бар. «Астана» маусымаралық үзіліс ке­зінде Аздрен Лулаку, Иван Маевский Роман Мұртазаев, Дидар Жалмұқан, секілді жаңа ойыншылармен толықты. Ал Алексей Щеткин, Сергей Малый, Джордже Деспотович үшеуін «Тобылға», Рохер Каньясты Кипрдің АПОЭЛ клубына маусымға дейін жалға берді. Егер елорда клубының ойыны жүрмей жатса, аталған футболшылар қайтып оралатын шығар. Таңат Нөсербаев пен Азат Нұрғалиев туған жерлері – Шымкенттің «Ордабасы» клубына ауысты. Шыны керек, «Астананың» ойыншы­ларының деңгейі дәл қазір «Қайраттан» сәл төмендеу. Оны бас бапкер де сезетін секілді. Бас жаттықтырушы Станимир Стойлов шабуыл шебін күшейтетін футболшы керек дегенді айтып қалды. «Қайрат» былтырғыдан күшеймесе, бәсеңдеген жоқ. Енді сол футболшыларды ойнату бас бапкердің қарым-қабі­летіне байланысты. Трансфер ашыл­ған кезде Елдос Ахметов, Иво Иличевич, Георгий Жуков қатарға қосылды. Деген­мен, сұрмерген Жерар Гоудың маусым бойы жалғыз өзі жоғары деңгейде ойнауы мүмкін емес. Сондықтан командаға тағы бір шабуылшы қажет екені анық. Үш жыл қатарынан «Астанаға» чем­пиондық жарыста есе жіберген Алма­ты командасы биыл жанкүйерлерін қуанта ала ма, жоқ па? Бұл сұрақтың жауабын қарашада білетін боламыз.

«Бразилиялық команда»

Ел біріншілігінде 10 жылдан астам тұрақты түрде жүлдеге ілігіп, бес мәрте чемпион атанған «Ақтөбе» өткен жылы чемпионатты алтыншы болып аяқтады. Маусым аяқталған соң, клуб директорының үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Бас бап­кері еліне қайтты. Биыл команда қай­тадан жасақталып жатыр. Бас жаттық­тырушы қызметіне Украинадан Игорь Ра­хаевты шақыртты. Ол командаға латын­амери­калық легионерлерді жинап алды. Қазір­дің өзінде Хуан Мануэль Торрес (Арген­тина), Жуниньо (Бразилия), Кас­сиано (Бразилия), Витор Жуниор (Бра­зилия), Иури Мамуте (Бразилия) секілді ойыншылар «Ақтөбемен» келісімшартқа қол қойып үлгерген.

«Атыраудан» 9 ұпай алынды

Қазақстанда жылда жаңа футбол маусымында шу шығады. Өткен жылы «Алтай» клубынан 9 ұпай алынып тасталған еді. Бірақ, кейіннен Шығыс Қа­зақстан командасы Халықаралық сот­қа шағымданып, ұпайларын қайтарып алған болатын. Бұл жолы Премьер-лига­­дағы «Атырау» клубынан 9 ұпай алынды. «Атырау» клубы бұрынғы ойыншысы Джонатас Рикардо да Соуза мен бапкер Зоран Филиповичке қарыз ақша­ларын өтемеген. Аталған ойыншы мен бапкер 2011-2012 жылдары «мұнайшылар» қата­рында болған екен. Енді сол үшін FIFA тәртіптік коми­теті ҚФФ-дан батыс­қазақстандық командадан тоғыз ұпай алып тастауды сұрапты. Қазақстан Фут­бол федерация­сы Халықаралық Футбол қауым­дасты­ғының бұл өтінішін орындаған. Алайда «Атырау» клубының бас­шылығы бұл жазамен келіспейді. Өйткені, клубта жоғарыда аталған берешектің төленгендігін дәлелдейтін қаржылай құжаттар бар екен. Клуб директоры Тимур Нығымов сол себептен де Лозаннадағы Халықаралық спорттық арбитраж сотына апелляция жолдағанын айтып отыр.

Бапкерлікті директордың креслосына ауыстырды

Бір жарым жыл «Ордабасы» клубына бас бапкер болған Бақтияр Байсейітов енді директордың креслосына жайғасты. Байсейітов бапкерлік еткен тұста команда екі маусым қатарынан төртінші орыннан көрінді. Еуропа лигасының іріктеу раундына қатысты. Байсейітов «Ордабасы» клубында бұған дейін де директор болып қызмет атқарған. Бірақ 2003 жылы келісілген ойын өткізді деген күдікпен сол кездегі облыс әкімі Болат Жылқышиевтің өзі босатқан еді. Бұл жағдай кейбір шым­кент­тік жанкүйерлерді алаңдататыны анық. Дегенмен, Бақтияр Даниярұлының жаңа жұмысына сәттілік тілейміз! Байсейітовтен қалған бас бапкерлік қызметке Алексей Петрушин тағайын­далды. Бұл маман Қазақстанға жақсы таныс. Кезінде «Қайратты», одан кейін Семейдің «Спартак» клубын бір маусым жаттықтырған.

Легионері көп команда

Премьер-лигаға қайта оралған Қы­зыл­орданың «Қайсары» трансферлік нарықта өте белсенді болды. Командаға жаңадан 16 ойыншы келіп қосылды. Оның ішінде жетеуі легионер. Әзірге өзге клубтардың бірде-біреуі мұнша легионер алған жоқ. Джон Камарра (Сьерра-Леоне), Матиас Курьор (Мартиника), Грегори Нельсон (Голландия/Бразилия), Владимир Аржанов (Украина), Аб­дель Ламанж (Франция/Камерун), Сте­фан Николич (Черногория), Саиди Нти­бонкиза (Бурунди) Қызылорда клубы­мен келісімшарт жасап үлгерді. Сондай-ақ, Қазақстан азаматы деген төлқұжаты бар Мақсат Байжанов, Жамбыл Көкеев, Валерий Коробкин, Алексей Мулдаров секілді футболшылар да жаңа маусымда «Қайсардың» намысын қорғайды.

«Біздің Джерард» карьерасын аяқтады

Спорттық карьерасында бір ғана клубта доп тепкен ойыншы әлемнің өзін­де аса көп емес. Қазақстанда тіп­тен сау­сақпен санарлық. Сондай ой­ын­­шылардың бірі қарағандылық «Шах­­­тердың» шабуылшысы Андрей Фи­нонченко болатын. Жақында футболшы өзінің карьерасын аяқтады. Финонченко ойыншы ретінде алаңда доп теппесе де, «Шахтердан» кетпейді. Ол енді бас бапкер Алексей Еременконың көмекшісі болып қызметіне кірісіп кетті. Жақында «Шахтер» клубының мүше­лерімен кездескен Қарағанды облы­сының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Фи­нон­ченконы әйгілі «Ливерпульдің» капи­­таны Стивен Джерардпен салыс­тырды. Андрей 1982 жылы Қарағанды қала­сында дүниеге келген. Алғашында балалар бапкері Анатолий Чудиновтен тәлім алған. Кейіннен Чудинов бапкер өмірден өткеннен кейін, оның ор­нын «Шахтер» футбол клубының экс-ойыншысы, КСРО спорт шебері Ген­надий Костюченко басты. Дәл осы бапкер Финонченконың жаңа қырларын ашты. Бұдан кейін Андрей шабуылға жиі араласатын болды. Нәтижесінде, футболшы өзінің алаңдағы нақ орнын тауып, өз командасының табысқа жетуіне көп еңбек сіңірді. Осы уақыт ішінде футболшы «Шах­тер» сапында 434 матчқа қатысып, 126 гол соққан. «Шахтермен» бірге екі рет ел чемпионатын ұтып алды. Сондай-ақ, 2013 жылғы Қазақстан кубогы мен Супер кубогының иегері атанды. 2003 жылы ел біріншілігінің сұрмер­гені атанса, 2013 жылы Қазақстанның үздік ойыншысы атанды. Сондай-ақ, екі рет «Шахтермен» қола жүлдеге қол жеткізгені тағы бар. Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. Ұлттық құрама сапында 20 матч өткізіп, 5 мәрте мергендік танытқан. Сонымен, 8 наурыз күні миллион­дардың сүйікті ойыны – футболдан Қазақстан Премьер-лигасының чемпио­наты тұсау кеседі. Армысың, футбол аламаны дейміз! Бек ТӨЛЕУОВ, журналист АСТАНА