07 Наурыз, 2017

Универсиада тағылымы

2050 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада додасы Алматы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін айтулы оқиға болды. 57 елдің 2 000-нан аса жас спортшылары бақ сынасты. Осы Универсиадаға қарап-ақ келешекте қысқы спорттың қай түрінен, қай ел, қай шамада боларын бағамдауға болатын еді. Қазақстан да өзінің қысқы спорттан артықшылығы мен кемшілігін түйіп алды. Қазақстанда қысқы спорт түрі кенже қалған. Тек қана шаңғы жарысы біршама дамыған. Шайбалы хоккей өз арамызда болмаса, әлемдік жарыста жарытып жүргені шамалы. Ал, сноуборд, биатлон, керлинг, фристайл сияқты қысқы спорт түрінің өзі түгілі, атын да білмейтін едік. Оған қатысып жүрген қаракөз ұл-қыздарымыз туралы бейхабар болатынбыз. Ал енді, қысқы спорт түрінен талай ұл-қыздарымыздың ешкімнен кем емес екеніне қөзіміз жетті. Келешекте бұлар қысқы спорт түрінен Қазақстанның көк байрағын талай желбіретер деген үміттеміз. Тек солардың жетістігін бұқаралық ақпарат құралдары дер кезінде хабарлап, насихаттап отырса, дұрыс болар еді. Спорттың қысқы түрлерімен айналысатын ұландарымызды елдің көбі Универсиададан кейін ғана біліп жатыр. Бұл да – Универсиада өткізгеніміздің жемісі. Ең қызығы, қысы қысқа, қары аз шымкенттік ұл-қыздарымыздың қысқы спортта жетістікке жетуі болды. Естуімізше, шымкенттік бес фристайл-акробатшымыздың бәрі қазақтың ұл-қыздары екен. Фристайл-акробатика – қысқы спорт түрінің ең бір қауіпті түрі. Біздің жастарымыздың жүректері шайлықпай осындай қауіпті спортпен айналысуы қазақ рухының күштілігін көрсетсе керек. Жалпы, қазақтар жай спортқа қарағанда қауіпті спортпен шұғылданғанды тәуір көреді. Қайсарлық пен өжеттікті талап ететін бокс, күрес, дзюдо, таэквандо, ережесіз жекпе-жек, т.б. спорт түрінде қазақтың ұл-қыздары көп. Бұл – қазақтарда сақтық, түркілік жауынгерлік рухтың жойылмағанын көрсетеді. Жастарымыз Универсиадада 11 алтын, 8 күміс, 17 қола, барлығы 21 медаль алып, жалпыкомандалық есепте 2-орынды иеленді. Дүркіреген дүбірлі дода Қазақстан спортшылары үшін табысты өтті деуге болады. Алматыдағы Универсиададан кейін, іле-шала Жапонияның Саппора қаласында VІІІ қысқы Азия ойын­дарында Қазақстан спортшылары 9 алтын, 11 күміс, 12 қола, барлығы 32 медаль алып, жалпыкомандалық есепте 4-орынға көтерілді. Бұл да жаман емес. Енді Олимпиада ойындарында көк байрағымыз көкте көбірек желбіресін деп тілейміз. Назрахмет Қали, зейнеткер АЛМАТЫ