07 Наурыз, 2017

Астанада отандық өнімдердің ортақ павильоны ашылды

186 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Отандық кәсіпкерлер ұсынған ең үздік тауарларды бір дүкеннен сатып алуға болады, деп жазады palata.kz. Астана қаласында Еуразия іскер одағының бастамасымен Одаққа мүше елдер мен серіктестердің тауарларын, сондай-ақ кең ауқымда «Made in Kazakhstan» брендін қолдау және насихаттау мақсатында «Экспо» сауда павильонының ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатына Еуразия іскер одағының Басқарма төрағасы Виктор Камболов, «Халық маркасы федерациясы» ЗТБ Президенті Римма Тәжібаева, «Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығы» ЗТБ вице-президенті Жібек Әжібаева, «ЭКСПО павильон» сауда-көрме павильонының бас директоры Айжан Нұрланова қатысты. «Бүгінгі ашылу салтанатының қызыл лентасын қимас бұрын баршаларыңызды Еуразия іскер одағы атынан отандық өнімді ілгерілетудегі жасалған қадаммен қазақстандық кәсіпкерлерді құттықтағым келеді. Бұл – әріптес елдер арасындағы қыруар еңбектің жемісі», – деп құттықтады Еуразия іскер одағының Басқарма төрағасы Виктор Камболов. Шара барысында жұртшылық назарына павильонға қойылған үздік тауарлар легі таныстырылды. Жетпіс жылдық тарихы бар «Сымбат» академиясы, «Aida KaumeNOVA» брендтерінен бастап, табиғы бояулармен әрленген қол құрты, көне рецептімен дайындалған «Дударай» прянигі, консервілер, тағы басқа да көз жауын алатын өнімдер көз жауын алды. Сапасы мен бағасы үйлескен тауарлар «Made in Kazakhstan» атауына әбден лайық. Айта кетелік, отандық «Made in Kazakhstan» брендін қолдау мақсатында Еуразия іскер одағының бастамасымен РФ Мәскеу қаласында ЕАЭО мүше елдірдің тауар өнімдерін таратуға арналған ірі «Food city» атты павильон ашылған болатын. Серіктес елдердің арасынан қазақстандық өнім сапасы жағынан сұранысқа ие болған. Мәскеу, Таяу Шығыс елдері, әсіресе, қазақстандық құрғақ қымыз, саумал сынды салауатты өмір салтына ұстануда пайдалы өнімдер ерекше бағалаған. «Мәскеуде ашылған сауда павильонында қазақстандық өнімге сұраныс артып отыр. Бұл отандық тауарөндірушілері үшін қуантарлық жағдай. Сондықтан елорда төрінде бүгін ашылған отандық өнім павильоны тауарды экспортқа шығармас бұрын, сапасына, тауарлық белгісіне, жалпы бәсекеге төзімділігін сынақтан өткізу болып саналады. Осы павильон арқылы біз экспорт жолдарын жақсарту, отандық өнімді кеңінен насихаттау бойынша жұмыс істейміз. Мәселен, тауардың сыртқы келбетінен бастаймыз: қаптамасы стандартқа сай әрі тартымды болуы керек, атауы да әдемі болуы шарт, тауар сертификациядан өтті ме, сапасына қарай бағасы лайық қойылды ма, осы мәселенің барлығы сыналады. Осылайша экспортқа шықпас бұрын ішкі нарықта талаптарды қатаң ұстансақ, «Made in Kazakhstan» брендіне деген сұраныс та, бедел де артатыны сөзсіз», – деді «Халық маркасы федерациясы» ЗТБ Президенті Римма Тәжібаева. Федерация басшысының айтуынша, павильон отандық тауардың бір ортаға шоғырлануы әлем нарығына шынықтыратын катализаторға айналмақ. Ашылудың өзінде павильонда 30-дан астам бәсеке ортасында шындалған тауарөндірушілер өз өнімдерін сатылымға қойған. Бұл сауда алаңы кез келген жаңа отандық өнімнің ірі нарыққа шығуына мүмкіндік береді. «Павильонның артықшылығы – кәсіпкерлерге жасаған нақты көмек. Мұнда кәсіпкерлер тегін орын,тегін су, жылу мен жарық, тегін сатушы қызметіне ие бола алады, тек қана сөрелерді тазалықта ұстау, тауарды реттеп тұру, сатып алушыларға тауарды таныстыру сынды жұмыстарына көзделген бір жылға 300 мың теңге ғана төлейді. Астананың орталығында барлық жағдай қарастырылған дүкен қызметін иемдену тамаша мүмкіндік болады», – деді Римма Тәжібаева. Өз сөзінде Еуразия іскер одағының Басқарма төрағасы қазақстандық кәсіпкерлердің белсенділігіне, жауапкершілігіне тәнті болды. Үш деңгейлі павильонның жалпы көлемі 300 шаршы метрге тең. «Енді қазақстандық үздік тауарлар ЕАЭО мүше елдерде, сондай-ақ одақ серіктестері елдері нарығына шыға алатын болады. Әзірге павильондардан біз бизнес көзін, пайданы ойлап жатқан жоқпыз. Бастысы кәсіпкерлердің аяққа тұрып, әлемдік нарыққа одақ мүшелері ұсынған үздік тауарлардың ауқымды легін шығаруға демеу жасау болып отыр», – деді Виктор Камболов.