8 наурыз мерекесі қарсаңында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр еліндегі әйелдер қауымының белгілі өкілдерімен кездесіп, оларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Әкім аймақтағы маңызды салалардың басы-қасында қыз-келіншектердің жүргенін айрықша атап өтті.
- Соңғы жылдардағы статистикаға жүгінсек, бүгінгі таңда педагогтардың 73 пайызы, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 пайызы әйелдер. Барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызы қыз-келіншектердің үлесінде. Облыс экономикасының маңызды саласы шағын және орта бизнесте – 80 пайыз әйелдер. Бүгінгі кездесуге көпбалалы аналар, ауыл еңбеккерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, бір сөзбен айтқанда еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға бар күш-жігерін салып еңбек етіп жүрген құрметті қыз-келіншектер, аяулы арулар жиналып отыр. Облыстағы барлық жетістіктерге сіздердің әрқайсыларыңыздың қосқан үлестеріңіз зор,- деді облыс әкімі.
Мерекеге орай Асқар Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Мерекелік шара қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.